Жұбанов университетінің «Мәңгілік ел» конференц-залында ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевтің төрағалығымен жаңа Экологиялық кодексті жұртшылыққа түсіндіруге арналған жиын өтті. Оған облыс әкімі Оңдасын Оразалин, қала әкімі Асхат Шахаров, университет басшылығы, өңірдегі ірі табиғат пайдаланушы компаниялар, экологиялық белсенділер мен қоғам өкілдері қатысты.
Басқосуда өңірдегі бірқатар экологиялық проблемалар талқыға түсіп, Шалқар көлінің, Көкжиде тұщы су кен орнының жағдайы туралы айтылды.
Жиында сөз сөйлеген Жұбанов университетінің жаратылыстану факультетінің оқытушысы, «Ақтөбе – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Ақылжан Телеуов Экологиялық кодекстің жүзеге асуын ашық бақылау үшін ақпараттық интерактивті карта құруды ұсынды.
— Ақтөбе облысында мұндай интерактивті карта жасау өңірдің барлық экологиялық проблемалары жеке-жеке топтасқан ақпаратты біріктіріп, кез келген адамға тіркелуге мүмкіндік береді. Мәліметтердің жиналуына сурет, видео, тағы басқа ақпараттар жіберу арқылы халық та өз үлесін қоса алады. Бұл картаға жануарлар мен өсімдіктер әлемі туралы мәліметтерді де біріктіріп, ғылыми база қалыптастыра аламыз,- деді Ақылжан Телеуов.
Еске салсақ, 2021 жылғы 2 қаңтарда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Экологиялық кодекске қол қойған болатын. Құжат адам өмірі мен денсаулығына маңыз бере отырып, қолайлы өмір сүру ортасын қамтамасыз етуді, бизнестің қоршаған ортаны қорғау саласындағы қызметін реттеуді көздейді.