Четверг, Апрель 25, 2024
Басты > Жаңалықтар > Студенттік өзін-өзі басқару мәселелері талқыланды

Студенттік өзін-өзі басқару мәселелері талқыланды

Бүгін студенттік парламенттің кеңейтілген отырысы өтті. Отырыс  университет ректорының міндетін атқарушы Рахым Бекназаровтың,  әлеуметтік және тәрбие жұмыстары жөніндегі проректор Нұржан Бердыбаевтың, әлеуметтік мәселелер және жастар саясаты департаментінің директоры Қарылғаш Сатыбалдинаның және факультет басшыларының,  студенттердің қатысуымен өткізілді.

Онлайн жиында студенттік ұйымдардың жетекшілері, сенаторлар мен факультеттердің белсенділері өз жұмыстары туралы айтып, өткізілген іс-шаралар мен дайындаған жобалары туралы әсерлерімен бөлісті. Сондай-ақ кездесуде  студенттік сенат төрғасын сайлаудың нормативтік-құқықтық аспектілері, олардың өкілеттіктері, рейтингтер мен әлеуметтік сауалнамалар енгізу туралы ұсыныстар жасалды.

Студенттік парламент төрағасының міндетін атқарушы Ернар Қонысбайдың айтуынша, студенттік парламент 2019 жыл студенттік ректораттан атауы мен жүйесін өзгерткен. Парламент құрамы  9 студенттік сенат, 14 мәжіліс төрағаларынан құралған. Парламенттің басты бағыты – студенттің түрлі салада қызығушылығын дамытып, жан-жақты маман болып қалыптасу үшін көшбасшылық, ұйымдастырушылық қабілетін арттыру.

Студенттік парламент арқылы біз он бес мыңға жуық білім алушының ұсыныстарын жинақтап басшылыққа жеткізіп, студент пен басшылық арасында алтын көпір болуымыз да осында…

Сонымен қатар студенттік парламенттің карантин кезінде жұмысы тоқтап қалған жоқ. Zoom, Instagram, Facebook, Telegram  әлеуметтік желілері арқылы 200-ге жуық ауқымды шаралар өткізілді. Әлі де мұндай шаралар жүзеге асырыла беретініне сеніміміз мол. Алдағы уақытта белсенді студенттердің санын арттыру үшін «Шахмат клубы», «Оқырмандар клубы», «Ғылыми белсенділер клубы», «Лингвистика клубы» сынды жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз, — дейді Ернар Қонысбай.

Айта кетейік, Жұбанов университетінің студенттік парламенті барлық қоғамдық бірлестіктердің басын біріктіріп, жастарды әлеуметтік жақтан қолдауда, жастар арасында дұрыс моральды-психологиялық орта қалыптастыруға, студенттер өміріндегі маңызды мәселелерді ортаға салып, ұйымдастыру-басқару жұмыстарын дамытуға басшылық жасайды. Университеттің өзін-өзі басқару ұйымы  2018 жылдың желтоқсан айында бекітілген «Студенттік парламент» ережесіне сәйкес қызмет атқарады. Студенттік парламент  құрамы студенттік сенат және студенттік мәжілістен тұрады.

Жастар ісі жөніндегі комитет өкілдерінің айтуынша, жастар саясаты департаменті мен Студенттік парламенттің ұйымшыл қызметі студенттердің тәрбие жұмысы мен дамуында оң нәтижелер береді, оған республикалық деңгейде ұйымдастырылған  Жұбанов жастарының жобалары дәлел.

Өз кезегінде университет ректорының міндетін атқарушы, профессор Рахым Бекназаров  білім ордасының дамуында студенттердің үлесі зор екендігін ерекше атап өтті.  Университет басшысы  студенттерді сапалы білім алуға ұмтылуға және болашаққа оң көзқараспен қарауға шақырды.

Отырыс соңында университет  басшылығы жалынды  жастардың жобаларын қолдауға дайын екенін және  студенттерге қоғамның игілігі үшін қызмет ететін кәсіби  маман болатындарына сенім білдірді.