Пятница, Апрель 19, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Қ.Жұбанов университеті: Экологиялық жаңа жоба жасалды

Қ.Жұбанов университеті: Экологиялық жаңа жоба жасалды

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің ғалымдары Ақтөбе кен орнынан экологиялық таза және табиғи материал – диатомитті спирт өндірісінің қалдықтарын (бардаларды) кәдеге жарату бойынша жоба әзірледі, – деп хабарлайды осы жоғары оқу орнының баспасөз қызметі.

Бүгінгі күні Ақтөбе қаласының өнеркәсіп аймағының үлкен аумағында көлемі 27 гектардан астам спирт өндірісінің қалдықтарын жинау мәселесі өзекті тақырыптардың бірі. Барда Ақтөбе қаласы мен жақын маңдағы аумақтарды үнемі жауып тұратын жағымсыз қышқыл иіске ие. Профессор Қуанышбек Шүңкеевтің жетекшілігімен бір топ зерттеушілер барданы  кәдеге жарату жобасын әзірледі. Профессордың айтуынша, оның сызбасын бірнеше негізгі кезеңге дейін жеңілдетуге болады.

Бұл технологияның жаңалығы – бардаға диатомит қосу ылғалдың, жағымсыз қышқыл иістің сіңуіне және оны кремниймен, кальциймен және басқа минералдармен байытуға ықпал етеді. Университет ғалымдарының бұл  жобасын ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев өңірге жұмыс сапары барысында жоғары бағалады. Ведомство басшысына, сондай-ақ аймақ басшысына, қоғам өкілдері мен БАҚ өкілдеріне қоршаған ортаны қорғауға бағытталған басқа да жобалар ұсынылды.

Көрмеде білім ордасының ғалымдары мұнай өңдеу қалдықтарын залалсыздандыру әдістерінің және оларды жоғары тиімді күкіртті асфальт, күкірт бетон өндірісінде қолданудың өзекті зерттеулері; жаңа жабдықтардың көмегімен хром және басқа металдардың құрамына атмосфералық ауаның мониторингі; жылу электр станцияларынан түйіршіктелген шламның көмегімен өнеркәсіптік сарқынды суларды тазарту технологиялары; Ырғыз-Торғай мемлекеттік табиғи резерваты аумағындағы ақбөкен популяциясы динамикасының өсуіне қоршаған орта мен антропогендік факторлардың әсерін зертте; “Жасыл университет” жобасын енгізу және қоқысты бөлек жинау және тағы да басқа жобалармен таныстырды.

Тұсаукесер барысында қонақтар “Art house” студенттер қозғалысы қатысушыларының көрмесін тамашалады, онда Қазақстанның Қызыл кітабындағы жануарлардың суреттері ұсынылды. Аталған білім ордасына жиналған меймандар  «Мәңгілік ел» конференц-залында  ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевтің төрағалығымен жаңа Экологиялық кодексті жұртшылыққа түсіндіруге арналған жиында бас қосты. Оған облыс әкімі Оңдасын Оразалин, қала әкімі Асхат Шахаров, университет басшылығы,  өңірдегі ірі табиғат пайдаланушы компаниялар, экологиялық белсенділер мен қоғам өкілдері қатысты.

Басқосуда өңірдегі бірқатар экологиялық проблемалар талқыға түсіп, Шалқар көлінің, Көкжиде тұщы су кен орнының жағдайы туралы айтылды. Мінберде сөз алған Жұбанов университетінің «Экология» кафедрасының доценті Ақылжан Телеуов Экологиялық кодекстің жүзеге асуын ашық бақылау үшін ақпараттық интерактивті карта құруды ұсынды. — Ақтөбе облысында мұндай интерактивті карта жасау өңірдің барлық экологиялық проблемалары жеке-жеке топтасқан ақпаратты біріктіріп, кез келген адамға тіркелуге мүмкіндік береді. Мәліметтердің жиналуына сурет, видео, тағы басқа ақпараттар жіберу арқылы халық та өз үлесін қоса алады. Бұл картаға жануарлар мен өсімдіктер әлемі туралы мәліметтерді де біріктіріп, ғылыми база қалыптастыра аламыз,- деді Ақылжан Телеуов.

Еске салсақ, 2021 жылғы қаңтар айының 2-і күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Экологиялық кодекске қол қойған болатын. Құжат адам өмірі мен денсаулығына маңыз бере отырып, қолайлы өмір сүру ортасын қамтамасыз етуді, бизнестің қоршаған ортаны қорғау саласындағы қызметін реттеуді көздейді.

 

https://bilimdinews.kz/?p=143365