Среда, Апрель 24, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Жаңа экологиялық кодекс экологиялық жағдайды жақсартудың құралына айналады

Жаңа экологиялық кодекс экологиялық жағдайды жақсартудың құралына айналады

Сейсенбі күні Жастар сарайында облысқа жұмыс сапарымен келген ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевтің төрағалығымен  жаңа Экологиялық кодексті жұртшылыққа түсіндіруге арналған жиын өтті. Оған  облыс әкімі Оңдасын Оразалин, өңірдегі ірі табиғат пайдаланушы компаниялардың басшылары, қоғам белсенділері мен БАҚ өкілдері қатысты.

Жиында алдымен сөз сөйлеген облыс әкімі Оңдасын Оразалин биылғы жылдың 2 қаңтарында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Экологиялық кодекске қол қойғанын, онда қолайлы өмір сүру ортасын қамтамасыз етуді, бизнестің қоршаған ортаны қорғаудағы қызметін реттеу көзделгендігін жеткізді.

— Биыл қабылданған жаңа Экологиялық кодекс өндірісі дамыған біздің облыс үшін де маңызды құжат екендігі анық. Сондықтан заңда көрсетілген талаптарды іске асыру, қоршаған ортаға жанашырлықпен қарау — табиғат пайдаланушылардың және жалпы тұрғындардың міндеті, — деді облыс әкімі.

Бұдан кейін жиында ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев жаңа кодекс табиғат ластаушыларды жаңа технологияларды енгізуге, халықтың пікірімен санасуға мәжбүрлейтінін, ендігі уақытта елімізде қор­шаған ортаға залал тигіз­ген кәсіпорындардың жауапкершілігі күшейетіндігін айтты.
— Бүгінде Ақтөбе еліміздегі атмосфералық ауаның ластану деңгейі жоғары қалалардың қатарында тұр. Қабылданған жаңа Экологиялық кодекс Қазақстандағы, сондай-ақ Ақтөбе облысындағы экологиялық жағдайды жақсартудың негізгі құралына айналады. Кодекстің негізгі мақсаты  өткен ғасырдың 50-60 жылдардағы іске қосылған ірі кәсіпорындарды экологияландыру, ең озық технологияларды енгізу. Бұған дейінгі заң жобасы кәсіпорындар қоршаған ортаға залал келтірген жағдайда, олардың айыппұл төлеп құтылуына мүмкіндік берсе, жаңа кодекс бойынша табиғатты ластау тым қымбатқа түседі. Сондай-ақ кәсіпорындар жаңа технологиялар енгізбесе, керісінше, эмиссия үшін төлем көтерілетін болады, — деді министр.

Басқосуда Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Зұлфұхар Жолдасов жиналғандарға жаңа кодекстің негізгі бөлімдерін түсіндіріп, ондағы басымдықтарға тоқталды.

— Жаңа кодекстің негізгі бағыттары — «ластаған төлейді және түзетеді» қағидатын іске асыру, ең озық қолжетімді технологияларды енгізу, табиғат қорғау іс-шараларына бюджет қаражатын мақсатты жұмсау, үздік халықаралық тәжірибе негізінде экологиялық талаптарды қатаңдату, сондай-ақ мониторингтің автоматтандырылған жүйесін енгізу. Сонымен қатар елімізде өндіріс пен тұтыну қалдықтарын басқаруды жетілдіру, оның ішінде «waste to еnergy» технологиясын енгізу жүзеге асырылмақ, — деді ол.

Жиында Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаров бүгінгі Ақтөбенің экологиялық жағдайын баяндаса, «Қазхром» ТҰК» АҚ-ның президенті Арман Есенжолов қоршаған ортаға залал келтірмеу үшін компанияның қазіргі таңда қолға алып жатқан жобаларымен таныстырды.

Оның айтуынша, бүгінгі күні Ақтөбе ферроқорытпа зауыты жаңа кодекске сәйкес ең озық қолжетімді технологияларды енгізуді қолға алуда.

— Біз Ресей мен Еуропа елдерінің тәжірибелерін негізге ала отырып, 2030 жылға дейін ең озық қолжетімді технологияларды енгізу бағдарламасын қабылдадық. Оны жүзеге асыруға 47 миллиард теңге қарастырылып отыр. Осылайша Ақсу ферроқорытпа зауытындағы шығарындылар көлемін 8 мың тоннаға дейін, ал Ақтөбе ферроқорытпа зауытындағы шығарындылар көлемін 3,8 мың тоннаға дейін азайтуды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар компаниямыз еліміздегі қоғамдық ұйымдармен байланыс орнатып, қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне, қаланы жасылдандыру жұмыстарына белсенді атсалысуда, — деді «Қазхром» ТҰК» АҚ-ның президенті.

Жиында сондай-ақ халықаралық антиядролық «Невада-Семей» қозғалысы Батыс Қазақстан аймағы филиалының директоры Ізімғали Көбенов облыстағы экологиялық мәселелерге тоқталып, бюджетке түскен экологиялық төлемдердің түгелдей табиғат қорғау шараларына жұмсалуы керек екенін жеткізді.
— Облыс көлемінде жинақталған экологиялық төлемдер түгелдей нақты мақсатқа жұмсалса, өңірдегі шешілмей жүрген экологиялық мәселелердің оңтайлы шешілуіне себеп болар еді. Қабылданған жаңа Экологиялық кодекс өңірдегі барлық табиғат пайдаланушыларды, оның ішінде ірі кәсіпорындарды тәртіпке салады деп сенеміз. Сондықтан біз бұл кодексті толықтай қолдаймыз. Сондай-ақ қоршаған ортаны ластауда төлемдердің орнына ең озық қолжетімді технологияларды енгізу тиімді екенін ерекше атап өткім келеді,— деді І.Көбенов.
Өз сөзінде өңірдегі Шалқар көлінің, Көкжиде тұщы су кен орнының бүгінгі жағдайына тоқталған ол министрге жаңа кодекс аясында нақты жұмыстар қолға алынса деген ұсынысын жеткізді.

Бұдан кейін басқосуда «Ақтөбе — адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Ақылжан Телеуов Экологиялық кодекстің өңірде жүзеге асырылуын ашық түрде бақылау үшін ақпараттық интерактивті карта құру туралы өз ұсынысын ортаға салды.

— Облыста мұндай интерактивті карта жасау өңірдегі экологиялық проблемалар туралы ақпараттарды біріктіріп, оған кез келген адамның тіркелуіне мүмкіндік береді. Картада мәліметтердің жиналуына сурет, видео, тағы басқа ақпараттар жіберу арқылы халық та өз үлесін қоса алады. Бұл картаға жануарлар мен өсімдіктер әлемі туралы мәліметтерді де біріктіріп, ғылыми база қалыптастыруға болады, — деді ол.

Жиынды қорытындылаған Мағзұм Мырзағалиев бүгінгі күні еліміз әлемде экология мәселесін көтеруде белсенділік танытып келетінін, осы орайда жаңа кодекс «жасыл» технологияларға көшуге мүмкіндік беретінін жеткізді. Сондай-ақ ол бұл бастамада азаматтық қоғамның пікірі маңызды екендігін атап өтті.

Жиын соңында экология министрі журналистердің сауалдарына жауап беріп, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады.

 

Данагүл ҚАЗИХАН

https://aqtobegazeti.kz/?p=99311