Суббота, Апрель 10, 2021
Басты > Жаңалықтар > Үлкендер жолы ұлылық — ұрпағы жүрер ұғынып!

Үлкендер жолы ұлылық — ұрпағы жүрер ұғынып!

Табысты адамдардың еңбек жолы жастарға қашан да үлгі.  Өмір мектебінде кейінгі жасқа бағыт-бағдар болып, ақыл-кеңестерін айтып жүрген жандардың қоғамда алар орны ерек екені анық. Олардың бейнетке толы өмір жолы – бүгінгі ұрпаққа өнеге, тәлім-тәрбие.

Жұбанов университетінің  қалыптасу жолында тынымсыз еңбек атқарып, оқу ордасының дамуына сүбелі үлес қосқандарға  бүгін басқарма төрағасының Алғыс хаттары мен гүл шоқтары табысталды.  Иықтарына шапан жабылды.  Бір шаңырақ астында талай жыл бір пұшпақтың терісін бірге илеген аға буын өкілдері құрметке бөленді.

Кездесу барысында университет ректорының міндетін атқарушы, профессор Рахым Бекназаров олардың ғибратты өмір жолы бүгінгі жастарымызға үлгі екенін айтып,  жемісті қызметі үшін алғысын білдірді.

— Сіздің саналы ғұмырыңыз, еңбек жолыңыз университет қызметімен тығыз байланысты болды. Біз Сізді өз мамандығыңыздың майталман шебері, кәсібіңізге шын жүректен адал қызмет ете білген тұлға ретінде танимыз.

Кәсіби шеберлігіңіз бен қажырлы еңбегіңіз университеттің дамуына ықпалын тигізді деп сенім білдіремін! Қайраткерлігіңіз бен ерен еңбекқорлығыңызды ерекше бағалаймыз!

Өз қызметіңізге үлкен жауапкершілікпен қарап, оқу орнымыздың қалыпты дамуы үшін сіңірген еңбегіңізге табыс пен игілік, зор денсаулық, отбасыңызға береке тілеймін!, — деді Р.Бекназаров.

Аталған жиын барысында Жұбанов университетінің ұжымы құрылымдық бөлімдердің жаңа басшыларымен танысты.

Бос лауазымдар байқауының қорытындысы  бойынша экономика ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Құралай Балгинова  Стратегиялық жоспарлау орталығының директоры қызметіне тағайындалды. Ал, бұған дейін №5 қалалық емхана басшысының орынбасары қызметін атқарған  Әлібек Қуашев  студенттік емхананың меңгерушісі лауазымына тағайындалса, Сауле Нурлиева №1 оқу ғимаратының администраторы,  Талғат Атаниязов №3 оқу ғимаратының администраторы және Гульзира Байтурина №6 оқу ғимаратының администраторы қызметіне тағайындалды.