Четверг, Апрель 25, 2024
Басты > Жаңалықтар > Жастардың белсенді азаматтық ұстанымы

Жастардың белсенді азаматтық ұстанымы

Облыстың ҮЕҰ қауымдастығы үкіметтік емес ұйымдар күніне арналған Ашық күн ұйымдастырды.  Іс-шараға жастар ұйымдарының өкілдері және Жұбанов университетінің  студенттері қатысты.

Айта кетейік, бүгінгі күні Әділет департаментіне 770 үкіметтік емес ұйымдар тіркелген.  Соңғы екі жылда қоғамдық ұйымдардың ұлғаю үрдісі байқалады, 105 жаңа ұйым құрылды.

Өткен жылы  пандемияға байланысты жастардың белсенділігі артып, көптеген еріктілер ұйымдары құрылды. Соның бірі —  «Volonter-2020 Aqtobe» қоғамдық бірлестігі. Еріктілер әлемінде енді қанат қағып келе жатқан волонтерлік ұйымның бүгінге күнге дейін орындаған шаруаларымен қатар, алға қойған мақсаттары да көп.    Бірлестік басшысы, университет студенті Нұрбек Жалғасбаев.

Нұрбек Жалғасбаев  мұны сөзбен емес, іспен дәлелдеп жүрген жас. Ол университет студенттерімен бірге көмекке мұқтаж жандарға қамқорлық көрсетуді парыз санайды. Оның айтуынша, қалалық еріктілер пандемия кезінде ұйымшылдық танытып, жақындарына көмектесті.  COVID-19 таралмауына өздерінің үлесін қосты.  Сонымен қатар бақылау-өткізу бекеттерінде кезекшілік атқарды, дезинфекция жасауға қатысты, жедел штабта да жұмыс істеді. Азаматтардың тұрмысы төмен санаттарына дәрі-дәрмек, азық-түлік пен қорғануға арналған заттарды таратты. Ұйым арқылы «Мектепке жол» акциясы аясында жыл сайын көмекке шын мұқтаж отбасылардың балаларын мектепке қажетті киім-кешек пен оқу құралдарымен қамтамасыз етті. Көпбалалы отбасына арналған үйлердің іргетасын құйып, полицейлермен бірге  қала көшелерін аралап, жоғалған адамдарды іздеуге атсалысты.

—         Жуырда қар қалың жауды. Өздеріңіз білетіндей, қала көшелерін қардан тазалау жұмыстары қарқынды жүргізілді. Қалада мердігер кәсіпорындар қардан тазалау жұмыстарын қолға алып, барлық жауапты мекемелер күні-түні жұмыс режиміне ауыстырылған болатын. Сол кезеңде біздер басқарушы компаниялардың қызметкерлері үшін түскі ас ұйымдастырдық, — дейді Н.Жалғасбаев.