Пятница, Апрель 26, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Жас маманға берілетін мүмкіндік

Жас маманға берілетін мүмкіндік

Мемлекет тарапынан жастарға мол мүмкіндік беріліп жатыр. Педагогикалық білім бағдарламасын үздік дипломмен бітірген университет түлектеріне біліктілік тестісін тапсырмай-ақ  педагог-модератор санаты беріледі.

Осы және Білім және ғылым министрлігі тарапынан қолға алынып жатқан басқа да жаңалықтар Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті, филология факультетінің 4-курс студенттеріне жан-жақты түсіндірілді.

— Елімізде жас мамандарға үлкен қолдау көрсетілуде.  Мысалы, педагогикалық білім бағдарламасын бітіруші түлектерге университетті аяқтамай тұрып-ақ біліктілік тестілеуден өтіп, оң нәтиже көрсеткен жағдайда педагог-модератор санатын иелену мүмкіндігі берілді. Ал жоғары оқу орнын үздік дипломмен бітірген түлектерге  бұл санатты біліктілік тестісін тапсырмай-ақ  берілетіні — үлкен қолдау. Бүгін осындай жағымды жаңалықтарды филология факультетінің педагогикалық білім бағдарламасын бітіруші түлектеріне жеткіздік, — дейді Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті филология факультетінің деканы Күлзат Садырова.

Шарада жастарға біліктілік тестілеуді қандай пәндерден тапсыратыны, сыннан өту  көрсеткіші, тестілеудің онлайн форматта ұйымдастырылатыны, алдын ала тапсырып көру мүмкіндігінің берілгені түсіндірілді. Сертификат алу үшін ұйымдастырылатын сынақ 10 сәуірде басталады. Жиын барысында студенттерге ұлттық біліктілік тестілеу  ұйымдастырылатын орталықтың мекенжайы мен телефоны хабарланып, сайтқа тіркелуді түсіндірген бейнеролик көрсетілді. Сондай-ақ студенттерге педагогикалық практиканың қорытынды конференциясы, дипломалды практика, дипломалды қорғау, оқу ақысын төлеуге қатысты ақпарат беріліп, студенттер сұрақтарына жауап берілді.

 

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

 

aqtobegazeti.kz