Суббота, Апрель 20, 2024
Басты > Жаңалықтар > Дәстүрлі ғылым апталығы басталды

Дәстүрлі ғылым апталығы басталды

Бүгін Жұбанов университетінде ғылым апталығы басталды. Дәстүрлі шара пандемияға байланысты екінші жыл қатарынан онлайн режимінде өтіп  жатыр.

Ірі шаралар қатарында «Жастар, ғылым және инновация»тақырыбындағы республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция, «Жыл үздігі» ғылыми жобалар байқауы, «A new beginning of science» ғылыми-зерттеу байқауы  жүзеге асырылады.  Сондай-ақ, апталық аясында факультетішілік ғылыми-зерттеу байқаулары, семинарлар, шетелдік ғалымдардың қатысуымен өткізілетін конференциялар, олимпиадалар және басқа да шаралар ұйымдастырылады.

Ғылым апталығының ашылуында Жұбанов университетінің ректорының міндетін атқарушы, профессор Рахым Бекназаров қатысушыларды ауқымды шараның ашылуымен құттықтап, қазақстандық ғылымның дамуының маңыздылығын ерекше атап өтті.

Ғылым – бұл елдегі экономикалық өзгерістер жүзеге асырылатын қуатты ресурс, ал ғалымдардың еңбегі – прогресті ілгерілететін маңызды күш екенін бәріміз білеміз.

Жұбанов университеті — құрылған сәтінен бастап бүгінгі күнге дейін отандық ғылымның флагмандарының қатарында. Қазіргі уақытта біздің университетте нанотехнология мен кванттық физикадан бастап ғылымды мемлекеттік реформалаудың тарихи тәжірибесіне дейін түрлі салаларда зерттеулер жүргізілуде. Жұбанов университетінде жүргізілетін зерттеулердің ауқымы өте кең. Біздің ғалымдарымыздың әзірлемелері өндіріске енгізілуде, ал университетіміздің ғылыми зертханаларында алынған нәтижелер бизнесті қызықтырды және инновациялық жобаларды құру үшін нақты негізге айналды. Біздің ғалымдарымыздың жобалары қазақстандық қана емес, әлемдік деңгейде де мойындалды. Жоғары білікті мамандарды дайындайтын жоғары оқу орнының беделі жоғары.

Бүгінгі таңда еліміздің ғылыми беделін де, технологиялық дамуын да қамтамасыз етуге бел буған ғалымдардың жас буынына үлкен үміт артылып отыр. Сондықтан да Үкімет ғылымды қолдауға, жас ғалымдарға қолайлы еңбек жағдайларын жасауға ерекше көңіл бөліп келеді. Жұбанов Университетінің  басты стратегиялық ресурстарының бірі болып — жоғары зияткерлік әлеует, жаңа әзірлемелер, мазмұнды және өзекті жобалар. Ғылымға жанқиярлықпен қызмет етуге дайын, жаңа ашылуларға ұмтылатын, университеттің және бүкіл отандық ғылымның игілігі үшін перспективалық жобаларды жүзеге асыратын білім алушыларды дайындау негізгі міндетіміз, — деді Р.Бекназаров.

Басқарма төрағасының айтуынша, биылғы жылы ғылым апталығында 80-нен астам ғылыми іс-шара, 1000-ға жуық қатысушы және ғылыми-практикалық конференция жинағында 150-ден астам ғылыми еңбектер жоспарланып отыр.  Сондай-ақ, «Жыл үздігі-2021» байқауының жүлде қоры 500 мың теңгені құрайды.