Вторник, Апрель 23, 2024
Басты > Ел жаңалықтары > Ораза айының басталуына санаулы күн қалды

Ораза айының басталуына санаулы күн қалды

Барша мұсылмандар үшін қасиетті Рамазан айының бірінші күні биыл 13 сәуірге сәйкес келеді. Рамазанда мұсылмандарға бір ай бойы ораза ұстау парыз етілген.

Облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, биыл Рамазан айы 13 сәуірде кіріп, 12 мамырда аяқталады. Яғни 30 күн ораза ұсталады. Мамырдың 8-інен 9-ына қараған түн — Қадір түні. 13 мамыр — Ораза айт күні.

Рамазанда бас амандығы үшін пітір садақасын беру — уәжіп амал. Пітір садақаның мөлшері 2 келі ұнның орташа бағасымен есептеледі. Биыл, ұн бағасы жөнінде аймақтардан алынған мәліметтер негізінде, ҚМДБ шешімімен пітір садақаның мөлшері жан басына 420 теңге болып белгіленді.

Тарауих намазын оқу 12 сәуірдің кешінен басталады. Өкінішке қарай, індетке байланысты биыл мешіттерде тарауих намазы оқылмайды.

Сондай-ақ Рамазан айы қарсаңында «Нұр Ғасыр» мешітінде арнайы ақпарат беру орталығы жұмысын бастап, «Рамазан 2021» мобильді қосымшасы іске қосылды. Ақпарат беру орталығының байланыс нөмірі — 8 702 777 59 03. Ақтөбеліктер Рамазан айына қатысты және дін мәселесінде басқа да өздерін толғандырған сұрақтар бойынша осы телефонға хабарласып, жауап ала алады.

Смартфон қолданушылардың Play Market арқылы «Рамазан 2021» қосымшасын жүктеп алуларына мүмкіндік бар. Бұл мобильді қосымшада оразаға қатысты 150 сауалға жауап, сәресі және ауызашар дұғалары, ораза мен намаз кестесі, тарауих намазы, Ораза айт, Қадір түні, зекет пен пітір садақасына қатысты мәліметтер, Рамазанға байланысты хадистер берілген.

 

Айна Сарыбай 

/aqtobegazeti.kz/