Вторник, Апрель 16, 2024
Басты > Жаңалықтар > Мұражайда тәжірибе жинақтады

Мұражайда тәжірибе жинақтады

Жұбанов университетінің «Тарих» мамандығының 4 курс студенттері Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану мұрайжайында өндірістік тәжірибеден өтті. Практикаға жіберілген он алты студент ішкі бұйрыққа сәйкес аталған мұражайдың ғылыми бөлімдеріне бекітілді.

Бітіруші студенттердің өндірістік практикасы мұражай мен аталған жоғары оқу орны арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум аясында жасалып отыр.  Келісімге сәйкес Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейі бір жағынан жұмыс беруші, практика базасы және модульдік білім беру бағдарламаларын әзірлеудің қатысушысы болып табылады.

Студенттер алғашқы күндері бөлімнің ішкі ережелері мен жұмыс жасау жүйесімен танысты. Кейін экспонаттарды қабылдау актілерін толтыру, кеңестік кезеңдегі Қазақстанның халық шаруашылығына үлес қосқан тұлғалардың өмірі мен қызметін қатысты мәліметтер жинақтау, тарихи анықтамасын дайындау және библиографиялық жинақтау жұмыстарына араласты.  Сондай-ақ, археология көрме залының экспонаттарының құрылымдарының мазмұнымен танысып, экспонаттар тізбесін жасады.

Практика барысында этнография коллекциясы жұмыстарына белсенді араласып, экспонаттарды суретке түсіру, есеп кітаптары бойынша сәйкестендіру мен сандық форматқа енгізу жұмыстарына араласты.