Суббота, Апрель 20, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > 100 мыңға жуық адам саяси қуғын-сүргінге ілініп, 20 мыңы атылған

100 мыңға жуық адам саяси қуғын-сүргінге ілініп, 20 мыңы атылған

Қуғын-сүргін

Өткен ғасырдың 20-50 жылдарындағы тап «жауларын», революция «жауларын», «ескілікті көксеушілерді», сыртқы дұшпандардың «тыңшыларын», ұлтшылдарды, «халық жауларын» жою, ұжымдастыру, тәркілеу секілді қат-қабат, біріне-бірі үздіксіз жалғасқан науқандардың, яғни жаппай саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болған қазақтың санын әлі де нақтылау, сақталған құжаттар негізінде құрбандардың аты-жөні, кімге қандай жала жабылып, қандай жазаға іліккені туралы деректер базасын жасау, олардың тағдырларын, сондай-ақ, жалпы, Қазақстандағы саяси қуғын-сүргіннің сипаты мен ерекшеліктерін зерттеу, осы күнге дейін ақталмаған құрбандарды анықтау және оларды толық ақтау — бүгінгі буынның сол құрбандардың рухы алдындағы борышы. Екінші жағынан бұл жұмыстар, яғни тарихты түгендеу — келер ұрпақ алдындағы міндетіміздің де ең маңызды бөлігі.

2020 жылы саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніндегі Үндеуінде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін осы нәубеттің құрбандарын мәңгі есте қалдыру үшін мемлекеттік деңгейдегі түрлі іс-шараларды жүзеге асыра бастады. 1993 жылы «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Заң қабылданды. 1997 жылы Елбасы Н.Назарбаевтың Жарлығымен 31 мамыр Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні ретінде белгіленді» — деді. Қасым-Жомарт Тоқаев осы үндеуінде тарихи әділдікті қалпына келтіру жұмыстарын аяқтап, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін арнайы мемлекеттік комиссия құруды тапсыратынын да айтты.

2020 жылдың 24 қарашасында Мемлекет басшысы «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы» Жарлыққа қол қойды. 3 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен мемлекеттік комиссияның алғашқы отырысы өтті. Осы жиында мемлекеттік комиссия қызметін ұйымдастырудың міндеттері, негізгі тұстары, 2021 жылға арналған жұмыс жоспары талқыланды және қуғын-сүргінге ұшыраған әртүрлі топтарды ақтау бағыттарын пысықтау үшін арнайы жұмыс топтарын құру ұсынылды.  Сондай-ақ саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның әдіснама жөніндегі кіші комиссиясы құрылып, құрамы бекітілді. Әдіснама жөніндегі кіші комиссия мүшелерінің қатарында белгілі қоғам қайраткері, философия ғылымдарының докторы, профессор Амангелді Айталы да бар.

Қуғын-сүргінге ұшыраған әртүрлі топтардағы азаматтарды ақтау бағытында нақты жұмыстар жүргізу үшін 11 жұмыс тобы құрылып отыр. Бұлар — бұрынғы КСРО мен Қазақстанның жоғарғы мемлекеттік актілерін, шешімдерін, бұйрықтарын, нұсқаулықтарын, жазалаушы органдардың (ВЧК, ОГПУ, НКВД, ІІМ, МҚК, прокуратура мен сот органдары, олардың Қазақстандағы құрылымдық бөлімшелері) мәліметтері мен есептерін,  сондай-ақ шет мемлекеттердің архивтерінде сақталған ұқсас құжаттарды іздестіру, анықтау, осы құжаттарға саяси-құқықтық талдау жүргізу, саяси қуғын-сүргінге қатысты құжаттарды құпиясыздандыру бойынша ұсыныстар енгізу жөніндегі; 372 көтерілісті басу кезінде сотсыз немесе тергеусіз атылған құрбандарды, сондай-ақ осы көтерілістерге қатысқаны және қолдағаны үшін соттан тыс және сот органдарының шешімімен қуғын-сүргінге ұшырағандарды зерттеу, қорытынды жасау және ақтау бойынша ұсыныстар дайындау жөніндегі; кулактар, байлар, жартылай феодалдар (орта шаруалар) мен шаруалар қатарынан ақталмаған қуғын-сүргін құрбандарын зерттеу, қорытынды және ұсыныстар дайындау жөніндегі; Қазақстанның тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығы үшін жеке күрескен адамдардың, сондай-ақ осы идеялар үшін адамдардың саяси баяндамаларына қатысушылардың (адамдар тобының), қоғамдық және саяси ұйымдардың, сондай-ақ қызметтік, ғылыми, мәдени және басқа салалардағы идеялары үшін мемлекеттік қудалауға және қуғын-сүргінге ұшыраған адамдарды толық құқықтық және саяси ақтауға арналған пікірлер мен ұсыныстар дайындау жөніндегі;

1939-1945 жылдардағы фашистік Германия, Финляндия және басқа Еуропа елдерінде қамауға алынған қазақстандық әскери тұтқындарды, сондай-ақ «Түркістан легионында» уақытша болған қазақстандық әскери тұтқындарды ақтау бойынша зерттеу, қорытынды және ұсыныстар дайындау жөніндегі; дәстүрлі дін өкілдері — саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін зерттеу, қорытынды және ұсыныстар дайындау жөніндегі, т.б. жұмыс топтары. Бұл топтардың жұмысына еліміздегі жетекші ғылыми-зерттеу институттарының, жоғары оқу орындарының ғылыми қызметкерлерін қосқанда, 57 адам жұмылдырылған.

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті ректорының міндетін атқарушы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Рахым Бекназаров — дәстүрлі дін өкілдері — саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін зерттеу, қорытынды және ұсыныстар дайындау жөніндегі жұмыс тобының мүшесі.

Жалпы, осы жұмыстардың түпкі мақсаты, алға қойылған міндеттер жөнінде ол:

— Өткен ғасырдың 20-жылдарынан басталып, 50-жылдардың ортасына дейін жалғасқан жаппай саяси қуғын-сүргіннің құрбандарын есте қалдыру, ақтау бағытындағы жұмыстар еліміз өз тәуелсіздігін алған күннен бері жүргізіліп келеді. Соның ішінде, айталық, 1997 жыл «Қоғамдық келісім және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы» болып жарияланғаны белгілі. Сөйтіп, тарихи әділеттілік үстемдік алды. Жазықсыз құрбандар рухына құрметпен бас ию ұлтымызға тән аруақ ұғымын, тәубеге келу мен обал-сауап ұғымдарын қайта тірілтті.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та ішкі және сыртқы саясатта сабақтастықты сақтап келеді. Оның Жарлығымен құрылған саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның басты міндеті — кеңестік кезеңдегі саяси қуғын-сүргін құрбандарының барлық санаттарына қатысты тарихи әділеттілікті толық қалпына келтіру, —  деді.

Оның айтуынша, құрылған жұмыс топтары саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысына қорытындылар дайындау, архивтер мен басқа да көздерден материалдар жинау, оларды саралау, зерттеу ісімен айналысады.

— Мысалы, ол кездегі дін өкілдері, имамдар мен ишандар да — алыс қалалардан білім алған, ел, жер көрген, көзі ашық жандар еді. Олар халықтың діни сауатын ашумен, имандылыққа баулумен ғана шектеліп қалмай, елдікті, тірлік пен бірлікті көздеген көптеген игі істерге ұйытқы болды. Қудалау көрген дін өкілдерінің ұрпақтары, көзі тірі куәгерлер әлі де бар. Солардан ауызша деректер жинап қалу да өте маңызды. Соңынан ол деректер бойынша жергілікті архивтерге іздеу салынады. Қазақстанда дін өкілдерін қудалау бітіспес өшпенділік сипатында болған. Сондықтан дін өкілдерінің көпшілігі ауа көшіп, көршілес жатқан Өзбекстанды, Тәжікстанды паналауға мәжбүр болды, тіпті одан да әрі асып, Ауғанстанға, араб елдеріне кеткендер бар. Яғни, қуғын-сүргінге ұшыраған дін өкілдерін анықтау, ақтау үшін, халықаралық деңгейдегі ізденістер керек, — деді Рахым Ағыбайұлы.

Тарихымыздың ең қасіретті саналатын бұл кезеңінің шындықтарын танып-білуге, қуғын-сүргін құрбандарын анықтап, ақтауға қатысты өзекті мәселелер әлі де көп.

— Мәліметтер бойынша 100 мыңға жуық адам саяси қуғын-сүргінге ілігіп, соның 20 мыңнан астамы атылған. Белгілі тарихшы Мәмбет Қойгелдиевтің айтуынша, қуғын-сүргін ұлттың қаймағын сыпырып, қоғамды алға жетелеп келген үш топтың өкілдерін жоюға бағытталған. Олар — ағайын-жұртын іске, шаруаға жұмылдырып отырған еті тірі, ауқатты адамдар; ұлтты өркениет көшіне, ғылым-білімге жетелеген зиялы қауым өкілдері мен имандылыққа ұйытып, адамгершілікке тәрбиелеген дін өкілдері еді, — дейді профессор Бекназаров.

Жуырда саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның екінші отырысы өтті. Осы жиында, мемлекеттік комиссия жұмысын қамтамасыз ету мақсатымен, «Қазақстанда ХХ ғасырдың 20-50 жылдарындағы жаппай саяси қуғын-сүргін және ақтау процесінің бірыңғай деректер базасын қалыптастыру» атты арнайы ғылыми бағдарламаның әзірленгені белгілі болды. Сондай-ақ барлық мемлекеттік органдар мен комиссияның жұмыс топтарының бірлескен жұмысын қамтамасыз ету үшін арнайы жобалық кеңсе құрылған. Онда 18 адам жұмыс істейді.

Қазіргі күні еліміздің барлық өңірлерінде арнайы өңірлік комиссиялар құрылған.

Ақтөбеде де облыс әкімдігінің қаулысымен саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі өңірлік комиссия құрылды. Облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет төрағалық ететін комиссияның құрамында облыстық басқармалар басшылары, басқа да мемлекеттік органдардың лауазымды қызметкерлері, тарихшы ғалымдар мен өлкетанушылар, қоғамдық ұйымдар мен БАҚ өкілдері бар. Комиссияның алғашқы отырысы наурыз айының басында өтіп, алдағы жұмыстардың жоспары пысықталды, көптеген ұсыныстар талқыланды. Тиісті әдістеме бойынша зерттеушілер құжаттармен жұмыс істеуді, деректер жинастыруды бастап кетті.

Сондай-ақ саяси қуғын-сүргін құрбандары туралы мәліметтер базасын жасақтау мақсатымен арнайы телеграм-канал ашылып отыр. Оның сілтемесі: t.me/rpr_aqtobe. Өңір тұрғындары саяси қуғын-сүргінге ұшырап, бүгінге дейін ақталмаған туыстары жайлы мәліметтерді осында бөлісе алады.

Бұл іске облыстық тарихи-өлкетану музейі де тартылып отыр. Мұнда да саяси қуғын-сүргін құрбандары туралы ақпараттар жинақталады. Қолда бар мәліметтерді бөлісу үшін музейге мына телефондар арқылы хабарласу керек: (8-7132) 74-21-49, 74-21-45 және ұялы байланыс: 8-701-508-50-87.

 

Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

/aqtobegazeti.kz/