Пятница, Апрель 26, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Алғашқы жылдардағы сәулелі сәттер

Алғашқы жылдардағы сәулелі сәттер

Тәуелсіздік шежіресі: 1994 жыл

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары, яғни КСРО-ның ыдырауымен қалыптасқан экономикалық байланыстар біржола үзіліп, ел жаңарып, «қазан жаңарып» жатқан жылдар бұрынғы Одақтың орнында пайда болған жас мемлекеттердің қай-қайсысына да оңайға соқпаған.

Мысалы, одақтас республиканың біріндегі кәсіпорын шикізатты басқа республикадан алып қана қоймай, қалыпты жұмыс істеуіне қажетті энергия көзі үшін келесі бір басқа республикаға тәуелді болып шықты. Оған қоса сол кәсіпорынға қажетті мамандарды даярлайтын оқу орны үшінші республикада еді. Сонда бір кәсіпорынның жұмысын сақтап қалу үшін бұрынғыдай бір орталыққа бағынбай, өз алдына бөлек кеткен үш бірдей елмен (!) жаңа қарым-қатынас орнату қажет болды. Ең қиыны — сол кәсіпорынның жағдайын егжей-тегжейлі білетін, жаңа қатынастарды жолға қоя алатын бұрынғы басшыларының ол мәселемен айналысуға ниеті де болған жоқ. Олар бас қамымен, өз бала-шағасының жайымен әрлі-берлі көшіп жатты: Ресейден — Германияға, Қазақстаннан — Ресейге, Өзбекстаннан — Қазақстанға, т.с.с.

Бұл — жұпыны да болса, бірқалыпты, келесі жылдың, одан кейінгі жылдардың да солай мамыражай өтеріне сенімді, тыныш ғұмыр кешкен кеңес адамының түсіне де кірмеген дүрбелеңдерге толы уақыт еді. Бірер жылда облысымыздан 15,3 мың адам көшіп кеткен. Олардың 75,5 проценті елден біржола, яғни шетелге көшкен. Көшкендердің 74,5 проценті қалалықтар еді, ал қалаларға ірі кәсіпорындардың шоғырланғанын ескерсек, сол кәсіпорындар еңбеккерлерінің ағылып кете бастағанын түсінеміз. Бұл жағдай кәсіпорындардың онсыз да «шықпа, жаным, шықпамен» тұрған жұмыс ырғағына қаншалықты кері әсер еткенін де аңғару қиын емес. 1994 жылғы талдау бойынша, облыстың 19 кәсіпорны, яғни аймақтағы өндірістік корпустың үштен бірі өсу қарқынын тоқсаннан тоқсанға кеміте берген. Сол кәсіпорындар қатарында 406-шы авиа зауытының (ауыл шаруашылығы ұшақтары), «Химпласт» зауытының (балалар ойыншықтары) өнімдеріне сұраныстың күннен-күнге төмендеп бара жатқаны жайлы мәселе осы жылдың ішінде-ақ бірнеше рет көтерілген.

Шұбарқұдыққа газ келді

Әрине, сәулелі тұстар да бар еді. Мысалы, облыстағы елді мекендерді газдандыру «халыққа қажетті бірінші кезектегі шаруа» ретінде назарда ұсталды. Кеңестік заманда облыс аумағынан «Бұқара-Орал» газ желісі өтіп жатты. Бірақ бәрін өзі билеп-төстеген Мәскеу газ құбыры дәл іргесінен өтіп жатқан ауылдарға газ беру мәселесін күн тәртібіне қоймады. Оның үстіне Жаңажол кен орнынан жыл сайын 600 миллион текше метрге дейін газ бөлінсе, соның 270-280 миллион текше метрі ғана пайдаланылған. Ал қалғаны ауаны улап, босқа жағылған. Экологияны ластап, текке жанған газды сол маңдағы елді мекендерге жеткізіп беруге кеңестік билік және бас қатырмаған. 80-жылдардың соңына таман Жаңажолдан Қандыағаш (ол кезде Октябрь) пен Шұбарқұдыққа, Қандыағаштан Алғаға дейін газ құбырын тарту жұмыстары қолға алынғанмен, сан қилы сылтаулармен кейінге ысырыла беріп, КСРО ыдыраған тұста бірде-бірі аяқталмаған күйі қалған.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында, түрлі қиындықтарға қарамастан, облыста әр жылға газдандыру бағдарламасы қабылданып, оны қайткенде де алға жылжытуға күш салынды. Жаңажол газы алдымен Қандыағаш қаласына жеткізілді. Ал 1994 жылғы желтоқсан айының басында Темір ауданының орталығы — Шұбарқұдыққа көгілдір отын апарылды. Ол уақыт үшін бұл айтып жеткізгісіз қуаныш болды. Газ құбырының іске қосылуына орай салтанатты жиын өтті. Жиында сол кездегі өңір басшысы Савелий Пачин: «Қазіргі таңда біз бос ауаға 3 миллион АҚШ доллары тұратын отынды текке жағамыз. Бұған қоса қоршаған ортаны бүлдіргені үшін үлкен көлемде айып төлейміз. Сондықтан облыстың, ауданның әкімшіліктері қолда бар мүмкіншіліктерді пайдаланып, осы газды игілікке айналдыруды мақсат етіп отыр», — деп сөз сөйлеген.

Газ құбырларын тарту ісімен Орынбор кешенді монтаждау кәсіпорны айналысқан. Ұйымдастыру ісіне сол кездегі аудан басшылары Рамазан Нұржанов, Болат Әбішев, Әділ Расбаевтар, Жаңажол өндірістік тораптық басқармасының бастығы Серікбай Басығараев атсалысқан.

Айта кетелік, егемендік алған тұста облыс халқының 40 проценті табиғи газбен қамтылған болса, бүгінде бұл көрсеткіш 91,4 процентке жетті. 2016 жылы аудан орталықтарының арасында газбен қамтылмаған соңғы елді мекендер — Ойыл мен Ырғыз селоларына көгілдір отын жеткізілді. 2019-2020 жылдары тұрғындарының жалпы саны 10 мың адамнан асатын 13 ауылға газ құбыры тартылды. Биыл тағы да 8 ауылға газ апару жоспарланған.

Ақтөбенің көгін қазақ әні жаулаған той

Ақтөбе бекінісінің іргетасы 1869 жылдың 28 мамырында қаланған. Бұл Ақтөбенің туған күні ретінде тарихқа енді. Ал 1994 жылы қаланың 125 жылдық мерейтойы атап өтілді. Тойға көршілес Орал, Атырау, Ресейдің Орынбор, Орск қалаларынан шағын делегациялар да келіп қатысқан.

Тойдың өзі маусымның 10-ы күні Ақтөбе туралы ән-жыр кешінен бастау алған. Кеш Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе педагогикалық институты жанынан құрылған халық аспаптары оркестрінің орындауындағы Ахмет Жұбановтың «Би күйімен» басталып, одан әрі оркестрдің жетекшісі, белгілі сазгер Қайырғали Қожамбаевтың «Наурыз-думан» күйімен жалғасқан. Осы кеште Момын Байғанин де күй шерткен. Ол Жантөренің «Шалқымасын» орындап, залдағы жұрттың рухын бір көтеріп тастады. Облыстық филармонияның әншісі К.Байкөбеков тыңдарманға Қожамбаевтың «Ақтөбе вальсі» әнін ұсынды. Максим Меңкешовтің, Шалабай Санаевтың әдемі әндері орындалған. Ақындар — Ертай Ашықбаев, Амантай Өтегенов, Сағындық Ниянқұловтар өлең оқыған. Бұл кеш «Жұлдыз» кинотеатрында өткен екен. (Қазір оның орнында «Айна» сауда орталығы тұр.)

Той одан әрі орталық стадионда қазақстандық белгілі өнер шеберлерінің қатысуымен өткен үлкен концертпен жалғасыпты. Бұл концертке Роза Рымбаева, Нағима Есқалиева, Бақтияр Тайлақбаев, Қыдырәлі Болманов, т.б. әншілер қатысқан. Бір сөзбен айтқанда, тәуелсіздікке дейін халқының 70 проценті өзге ұлт өкілдері болған қаланы бұл тойда қазақтар ән-күймен «жаулап алуға» лап қойған секілді. Сол тұста «Ақтөбе» газетінің тілшісі Сағындық Ниянқұлов та той әсерлерін бөлісе келе: «Тыңдаушыларды бір риза еткен ерекшелік — әншілердің өз репертуарына жауапты қарауы. Мәскеулік Д.Маликовтен басқасы, ұлттық салт-санамызды жоғалтпауға бағышталған, ауыл, достар жайындағы жүрек қылын шертетін сағынышты әндерді орындады», — деп жазыпты.

Айтпақшы, Дмитрий Маликов есімді әнші Мәскеуден арнайы шақырылған. Ұйымдастырушылар орыс тілінде ән шырқайтын атақты бір әнші іздесе керек. Бастапқы таңдаулары София Ротару болған. Бірақ ол 20 мың АҚШ доллары көлемінде қаламақы сұрапты. Бұл өте қымбат болғандықтан, ұйымдастырушылар өз ойларынан айнып, басқа әнші іздеген екен.

Мерейтой аясында көптеген байқаулар ұйымдастырылған: «Ең жақсы балкон», «Ең жақсы үй», «Ең жақсы аула» байқаулары, түрлі өнер сайыстары мен спорттық жарыстар, балалар арасында сурет салудан жарыс, т.б. Бұл байқаулардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері салтанатты шаралар үстінде бірінен соң бірі марапатталып жатты.

Қаланың туған күні саналатын 28 мамырда дүниеге келген сәбилердің ата-аналарына қала әкімі Абдолла Әбеновтің құттықтау хаты мен ескерткіш сыйлықтар тапсырылған. Бір қызығы, бұл күні Ақтөбенің перзентханаларында 9 сәби дүниеге келсе, солардың арасында ұл бала болмаған, бәрі де — қыз балалар. Қала әкімінің өзі мұны «елде тыныштық, бейбітшілік болады» деп, жақсы ырымға балапты.

Мерейтой аясында түрлі салтанатты шаралармен бірге, қаладағы көше атауларын қазақыландыру мәселесі де ұмыт қалмаған. Мысалы, сол жылдары таралған аңыз бойынша басқыншыларға қарсы соғыста қаза тауып, кейіннен қаланың ескі бөлігінің орталығында қалған биік төбеге жерленген Қарасай батырға көше беру, Қ.Жұбанов атындағы институт орналасқан Энгельс көшесін Құдайберген Жұбановтың атына беру жөнінде ұсыныстар айтылыпты…

Ана тіліміздің мерекесі

Тәуелсіздік халқымыздың рухани өміріне айрықша жылы леп әкелді. 1994 жылғы қыркүйек айында Ақтөбе топырағында туған тілдің қамқоры, белгілі ғалым Рабиға Сыздықованың 70 жасқа толған мерейтойы атап өтілді.

Рабиға Сыздықова 1979 жылы Қазақ КСР Ғылым Академиясының корреспондент-мүшесі болып сайланды. Ол — тіл білімі саласы бойынша осындай дәрежеге жеткен тұңғыш қазақ 

қызы. Оның 70-ке толған мерейтойын туған топырағында өткізу туралы бастаманы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе педагогикалық институтының сол кездегі ректоры Мұхтар Арын көтерген.

Мерейтойға арналған шаралар Қобда, Ойыл, Темір аудандарында және Ақтөбе қаласында өтті. Ғалымды қайда да халық қадірлеп қарсы алып, алақанына салып аялаған. Рабиға Сыздықованың Ойылда дүниеге келгені белгілі. Дегенмен балалық шағы өткен, мектеп бітіріп, өзі де еңбекке алғаш араласқан жері — Темір ауданының Темір қаласы. Темірде оны өзі оқыған мектептің оқушылары салтанатпен сап түзеп қарсы алған. Рабиға апамыз қаланы аралап көріп, өзі тұрған үйдің орнында да болыпты.

Туған жерінің шақыруымен келген ғалымның өзі бұл сапары жөнінде: «Менің осы сапарға келмеуіме де болатын еді. Осы қуаныш жеке өзімнің емес, ана тіліміздің мерекесіне айналуын ойладым», — депті. Расында, Ақтөбе өңіріндегі онымен өткен кездесулерге Алматыдан бірге келген филолог-ғалымдар Ш.Сарыбаев, Б.Әбілқасымов, Н.Уәлиев, Ғ.Әнесовтердің қатысуы, тіл төңірегіндегі жұртшылықпен риясыз әңгіме-сұхбаттар, Р.Сыздықова еңбектерінің кеңінен насихатталуы бұл күндерді шуақты тіл мерекесіне айналдырған.

2019 жылы Рабиға Сыздықоваға «Ақтөбе облысының құрметті азаматы» атағы берілді.

Ол өткен жылы шілдеде, 96 жасқа қараған шағында дүниеден өтті.

 

Әзірлеген И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

 

/aqtobegazeti.kz/