Пятница, Март 29, 2024
Басты > Жастар саясаты > Талантты жастар жеңілдікпен оқу мүмкіндігіне ие болды

Талантты жастар жеңілдікпен оқу мүмкіндігіне ие болды

Халықаралық, республикалық байрақты бәсекелерде Жұбанов университетінің  намысын қорғап,  абыройын асқақтатып жүрген кәсіби-шығармашылық факультетінің білім алушылары марапатталды.

Онлайн шарада университет ректорының міндетін атқарушы,  профессор Рахым Бекназаров бүгінгі заманның жастары қандай дәрежеде болуы қажет екенін айтып,  университеттің дамуына қосқан үлестері үшін студенттерге алғысын білдірді.  Өз кезегінде басқарма төрағасы білім алушыларды оқу орнында жасалып жатқан мүмкіндіктер мен жағдайларды барынша пайдаланып, көп оқып, әрдайым ізденісте жүруге  шақырды.

Марапаттау шарасы спортта, оқуда, қоғамдық шараларда белсенділік танытып, университет намысын ту еткен үздік студенттерді марапаттау, облыстың саяси-қоғамдық, мәдени өміріне етене араласып, қол жеткізген жетістіктерін өзгелерге үлгі ету мақсатында ұйымдастырылды.

Студенттерді қолдау Жұбанов университеті стратегиясының маңызды бөлігі болып табылады. Айта кетейік, аталған білім ордасында жастарды әлеуметтік қорғау мақсатында бірқатар жобалар іске асырылуда. Университетте оқу ақысына жеңілдіктер беру ережесі де бекітілген.

Атап айтқанда, жетім балалардың оқу ақысына жүз пайыз,  көп балалы отбасынан шыққан үздік студенттерге елу пайыз жеңілдіктер беріледі. Сонымен қатар оқуда, спортта немесе шығармашылықта жетістіктері бар білім алушылар Қ.Жұбанов атындағы білім грантына немесе атаулы шәкіртақыларға  үміткер бола алады.  Сонымен қатар, кәсіби-шығармашылық факультетінің  мұқтаж студенттеріне мәдениет және қоғам қайраткерлері, меценаттар мен ірі компаниялардың өкілдері үнемі қаржылай көмек көрсетеді.   Ал, аз қамтылған отбасылардың студенттеріне жыл сайын «Қолдау» стипендиясы тағайындалады.