Среда, Март 22, 2023
Басты > Жастар саясаты > Үздік пікірсайысшылар Жұбанов университетінде тегін оқитын болады

Үздік пікірсайысшылар Жұбанов университетінде тегін оқитын болады

Осы демалыс күндері Жұбанов университетінің «Заман біздікі» интеллектуалды элиталар одағы Қазақстанның оқушылары үшін пікірсайыс турнирін ұйымдастырды.

Турнирге қатысушылар  онлайн алаңдарда бас қосты.  «Тәуелсіздік жағдайындағы Қазақстанның дамуының мүмкіндіктері» тақырыбындағы  пікірталасқа Алматы, Орал, Павлодар, Шымкент, Ақтөбе  облыстарынан 300 оқушы қатысты.

Айта кетейік, «Заман біздікі» интеллектуалды элиталар одағы мұндай турнирлерді бірінші рет ұйымдастырып отырған жоқ, олар  білім ордасының 85 жылдық  мерейтойына арналған ауқымды  турнир өткізген болатын.  Онда Қазақстанның 20-ға жуық жоғары оқу орындарынан 80-нен астам пікірсайысшылар жиналды. Бұл жолы ұйымдастырушылар пікірталасқа жаңадан келген оқушылар үшін алдын-ала брифингтер өткізіп, пікірталастың форматымен таныстырды, оларды онлайн форматта өткізудің ерекшеліктері туралы әңгімеледі.

Зияткерлік ойындар екі күн бойы өткізілді. Қатысу тәжірибесінен басқа, оқушылар жаңа мүмкіндікке ие болды.  Алдағы уақытта пікірсайыс турнирінің жеңімпаздары Жұбанов университетінде тегін білім алады. Екі күндік ойынның қорытындысы бойынша альфа-лигасында   Алматыдағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Бейбарыс Жақсыманов пен Ақтөбе қаласындағы №55 мектеп-гимназиясының 11сынып оқушысы Асхат Есенов  Жұбанов университетінің грантын иеленді.

Жеңімпаздар мен үздік спикерлер қатарында Орал мен Атырау қаласының оқушылары да бар. Олардың барлығы Жұбанов университетіне оқуға түскен жағдайда 100 пайыз, 50 пайыз және 25 пайыз жеңілдіктер беріледі.

Еске салсақ, жуырда Мұғалжар ауданының Ақкемер орта мектебінде Жұбанов университетінің пікірсайыс  клубының филиалы ашылды.  Онда оқушылар тәжірибелі пікірсайысшылардың жетекшілігімен сыни ойлау дағдыларын дамытады, топта жұмыс істеуді  үйреніп және турнирлерге дайындалады.

Алдағы уақытта  «Заман біздікі» интеллектуалды элиталар одағы оқушылар арасында пікірсайыс қозғалысын  дамытуды жоспарлап отыр.