Среда, Апрель 24, 2024
Басты > Жастар саясаты > Жас ғалымдарға жағдай жасалады

Жас ғалымдарға жағдай жасалады

Жас ғалымдардың шығармашылық жобалары мен бастамаларын қолдау және ғылыми идеяларын талқылау мақсатында  Жұбанов университетінің Басқарма төрағасы – ректордың міндетін атқарушы Рахым Бекназаров жас мамандармен және магистранттармен арнайы онлайн кездесу өткізді.

Кездесуге 40-тан аса жас ғалымдар мен  әлеуметтік мәселелер және жастар саясаты департаментінің өкілдері, факультет декандарының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары қатысты.

Кездесу барысында университеттің кадрлық резерві, пандемия кезеңіндегі оқу жүйесінің сапалығы, зерттеу жұмыстары, шетелдік тағылымдамалардан өту және басқа да өзекті мәселелер талқыланды. Сондай-ақ басқосуда  ғылымды дамыту, тың идеяларды жүзеге асыру, жастармен байланысты нығайту мәселелері айтылды.

Әңгіме барысында басқарма төрғасы Рахым Бекназаров соңғы жылдары ғылым саласы мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының біріне айналғанын атап өтіп, қазіргі таңда жастардың білім алуына, ғылыммен айналысуына мемлекет тарапынан жасалып отырған қамқорлық тұрғысында әңгімелеп берді.

—    Университет жастарының шығармашылық, ғылыми әлеуетін одан әрі ашу мақсатында Жұбанов университетінің басшылығы барлық қажетті жағдайларды жасауда.  Бүгінгі жас ғалымдар, еліміздің ертеңі сіздер Жұбанов университетінің  ғылыми мектептерінің даңқы мен дәстүрлерін жалғаушысыздар, араларыңызда болашақта жаңа ғылыми бағыттардың иегерлері бар.

Сіздер Жұбанов пен Қазақстан кадрлық резервінің негізісіздер, сондықтан әрқайсыларыңыз қарым-қабілеттеріңізді көрсетіп, университет пен еліміздің дамуына үлес қосатындарыңызға сенемін, — деді Р.Бекназаров.

Өз сөзінде профессор Рахым Бекназаров жас мамандарға үлкен үміт артылатындығын да жасырмады.  Басқосуда Жұбанов университетінің оқытушылары үшін негізгі үстемеақы  төлеу мәселесі мен  докторантураға түсу ережелері  жіті түсіндірілді.   Нақтылай кетсек, аталған оқу орнының докторантурасында оқитын университет оқытушылары үшін оқу ақысына 50 пайыз жеңілдіктер төлеу мүмкіндігі беріліп отыр.

Сөз соңында  басқарма төрағасы жас мамандарға алдағы уақытта заман талабына сай еңбектеніп, үлкен жетістіктерге қол жеткізулеріне тілектестігін білдірді.

Ашық диалог алаңында білім ордасының жас ғалымдары мен магистранттары өз ойларын ортаға салып, ұсыныс тілектерімен бөлісті.