Пятница, Март 29, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Жеңімпаздар университет грантын иеленді

Жеңімпаздар университет грантын иеленді

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті жанынан құрылған «Заман біздікі» интеллектуалды элиталар одағы мектеп оқушылары арасында республикалық онлайн пікірсайыс турнирін өткізді. Пікірсайыстың бас жүлдесі университет гранты болатын.  

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған «Қазақстанның жаңа жағдайдағы дамуының жаңаша мүмкіндіктері» атты пікірсайыс екі күнге созылды. Онлайн форматта GOOGLE MEET және ZOOM платформалары арқылы өткен турнирге  Шымкент, Павлодар, Алматы, Ақтөбе, Орал, Атырау, Ақтау қалаларынан барлығы 300-ге жуық оқушы қатысты.

Ұйымдастырушылар турнирге қатысқан әрбір спикер өзінің ақпаратты талдау, мәселені шешу, креативті ойлау, жағдаятты басқару сияқты дағдыларын шынықтырғанын айтады.

Шараның қорытындысы бойынша Алматы қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Бейбарыс Жақсыманов пен Ақтөбедегі   №55 мектеп-гимназиясының 11-сынып оқушысы Асхат Есенов Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің грантын жеңіп алды.  Ал Орал және Атырау қаласынан қатысқан пікірсайысшылар оқу ордасында  50% және 25% жеңілдікпен оқу мүмкіндігіне ие болды.

Айта кетейік,  «Заман біздікі» интеллектуалды элиталар одағы —  Батыс өңіріндегі ең үздік дебат клубтарының бірі.  Қазіргі таңда клубтың Мұғалжар ауданы Ақкемер ауылында  филиалы жұмыс жасайды.  «Заман біздікі» интеллектуалды элиталар одағының басты мақсаты — еліміздегі оқушылар мен студенттердің шығармашылықтарын дамытуға, жүйелі ойлап, сүбелі сөз сөйлеп, өз ортасының белсендісі болуға үйретіп, адамзат биігін білекпен емес, біліммен бағындыруға жетелеу. Мақсаты айқын пікірсайысшылардың  еліміздің болашағы боларына біз де сенеміз.

 

 Ақерке САТЫБАЛДЫ

 

/aqtobegazeti.kz/