Жас ғалымдардың шығармашылық жобалары мен бастамаларын қолдау және ғылыми идеяларын талқылау мақсатында Жұбанов университетінің Басқарма төрағасы – ректордың міндетін атқарушы Рахым Бекназаров жас мамандармен және магистранттармен арнайы онлайн кездесу ұйымдастырды, – деп хабарлайды осы жоғары оқу орнының баспасөз қызметі.
Кездесуге қырықтан аса жас ғалымдар мен әлеуметтік мәселелер және жастар саясаты департаментінің өкілдері, факультет декандарының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары қатысты. Шара барысында университеттің кадрлық резерві, пандемия кезеңіндегі оқу жүйесінің сапалығы, зерттеу жұмыстары, шетелдік тағылымдамалардан өту және басқа да өзекті мәселелер талқыланды. Сондай-ақ басқосуда ғылымды дамыту, тың идеяларды жүзеге асыру, жастармен байланысты нығайту мәселелері айтылды.
Әңгімелесу аясында басқарма төрғасы Рахым Бекназаров соңғы жылдары ғылым саласы мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының біріне айналғанын атап өтіп, қазіргі таңда жастардың білім алуына, ғылыммен айналысуына мемлекет тарапынан жасалып отырған қамқорлық тұрғысында баяндап берді.
– Университет жастарының шығармашылық, ғылыми әлеуетін одан әрі ашу мақсатында Жұбанов университетінің басшылығы барлық қажетті жағдайларды жасауда. Бүгінгі жас ғалымдар, еліміздің ертеңі сіздер Жұбанов университетінің ғылыми мектептерінің даңқы мен дәстүрлерін жалғаушысыздар, араларыңызда болашақта жаңа ғылыми бағыттардың иегерлері бар. Сіздер Жұбанов пен Қазақстан кадрлық резервінің негізісіздер, сондықтан әрқайсыларыңыз қарым-қабілеттеріңізді көрсетіп, университет пен еліміздің дамуына үлес қосатындарыңызға сенемін, – деді Р.Бекназаров.
Өз сөзінде профессор Рахым Бекназаров жас мамандарға үлкен үміт артылатындығын да жасырмады. Басқосуда Жұбанов университетінің оқытушылары үшін негізгі үстемеақы төлеу мәселесі мен докторантураға түсу ережелерін жіті түсіндірді. Нақтылай кетсек, аталған оқу орнының докторантурасында оқитын университет оқытушылары үшін оқу ақысына 50 пайыз жеңілдіктер төленеді.
Жиын соңында басқарма төрағасы ғылыми ізденістері бағытында үлкен жетістікке жеткен жас докторанттар мен магистранттар алдағы уақытта Жұбанов университетінде жас маман ретінде жұмыспен қамтылатындығын, ғылым жолында барынша қолдау көрсетілетіндігін атап айтты. Ашық диалог алаңында білім ордасының жас ғалымдары мен магистранттары өз ойларын ортаға салып, ұсыныс тілектерімен бөлісті.
/bilimdinews.kz/