Суббота, Апрель 20, 2024
Басты > Жаңалықтар > Ғылыми-зерттеу орталығы ашылды

Ғылыми-зерттеу орталығы ашылды

Бүгін Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің филология факультетінде Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын іске асыру мақсатында  «Абайтану» ғылыми-зерттеу орталығының ашылу салтанаты өтті.

Салтанатты шараға университет ректоры, профессор Б.А.Ердембеков, университет проректорлары мен департамент директорлары, жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылары, зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар  М.Ақдәулетұлы, Е.Ашықбаев,  Б.Бабажанұлы, ҚР мәдениет қайраткері Е.Құрманбеков,  абайтанушы ұстаз Қ.Пірмаханов, әнші О.Байсеңгір, Ақтөбе қаласындағы мұражай қызметкерлері, кітапхана ұжымдары, колледж және орта мектеп мұғалімдері мен оқушылары, соның ішінде қазақ әдебиеті кафедрасының филиалы ашылған Новый орта мектебінің ұжымы, университет студенттері мен магистранттары, докторанттары қатысты.

Аталмыш жиынды университет ректоры, профессор Бауыржан Аманкелдіұлы кіріспе сөзімен ашып,  ғылыми-зерттеу орталығының ашылуымен құттықтады. Абайдың өмірі мен шығармашылығы  туралы көпішік біле бермейтін мәліметтер туралы сөз қозғап, орталыққа өзінің «Абайтану» және «Әріп Тәңірбергенұлы Шығармалары» еңбектерін табыстады. Ғылыми-зерттеу орталығының салтанатты ашылу  рәсімінде әуезовтанушы ғалымдар Қ.Жұбанов атындағы АӨМУ профессоры, филология ғылымдарының докторы Ә.М.Молдаханов  пен М.Оспанов атындағы БҚММУ профессоры, философия ғылымдарының докторы А.Т.Тайжанов лентасын қиды.

Сондай-ақ, салтанатты шара барысында Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайының қызметкерлері Г.Т.Бейсембинова мен А.Қанатұлы  мұражайдың көшпелі көрмесін көпшілік назарына ұсынды. Көрме экспонаттарының ішінде хакім Абайдың өзі қолданған заттары бар. Сонымен қатар «Абайтану» ғылыми-зерттеу орталығына әуезовтанушы ғалым, профессор Ә.Молдаханов өзінің 500-ден астам кітаптан тұратын кітапханасын  сыйға тартты.

Шара кезінде көпшілік назарына Абайдың әндері шырқалып, өмірбаяны туралы бейнефильмдер көрсетілді, студенттердің арнаулары айтылды.  Алдағы уақытта «Абайтану» ғылыми-зерттеу орталығы «Мәңгілік Ел»  идеясы және «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Абай мұраларын насихаттау, халықаралық ынтымақтастық аясында шетелдік ЖОО-лар мен гуманитарлық зерттеулер саласындағы байланысты одан әрі нығайту, ЖОО-да, колледждер мен мектептерде абайтану пәнінің оқытуға қатысты әдістемелік кеңес беру жұмыстарымен айналысады.