Суббота, Апрель 20, 2024
Басты > Жаңалықтар > Үздіктер марапатталды

Үздіктер марапатталды

Жұбанов университетінде ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына  орай ұйымдастырылған «Үздік куратор-эдвайзер-2021» байқауы өз мәресіне жетті.

Байқау топ куратор-эдвайзердің позитивті имиджін  нығайту, озық іс-тәжірибесін насихаттау және жаңа тұрпатты  маман, кемел адам қалыптастыруда куратор-эдвайзер мәртебесін көтеру, сондай-ақ ізгі, толерантты ахуал туғыза білетін  кәсіби деңгейі жоғары, шығармашыл және талантты топ куратор –эдвайзерін анықтау мақсатында ұйымдастырылды.

Бір айға созылған бұл жобада оқу ордасының  барлық факультеттерінен  үздік атанған 19 үміткер әділқазы алқасының шешімімен университеттік деңгейге жіберілген.

Салтанатты жағдайда өткен марапаттау шарасын университет ректорының міндетін атқарушы, профессор Рахым Бекназаров құттықтау сөзімен ашып, табандылықпен табыстарға жеткен жеңімпаздарды құттықтады.

Байқауға қатысушылардың жұмысын бағалауда комиссия төрағасы, әлеуметтік және тәрбие жұмысы жөніндегі проректор Нұржан  Бердыбаев, стратегиялық жоспарлау орталығының аға эксперті; комиссия мүшесі Жәнібек Досов, оқу-әдістемелік жұмыстар және қашықтықтан білім беру орталығының жетекшісі Айнұр Кадиркулова,  тіркеу офисінің бастығы Гаухар Жусупова,  «Ақтөбе адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің сарапшысы Айтуған Тәжімұратов, Республикалық үздік куратор, Ақтөбе Жоғары политехникалық колледжі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлден Есенғалиева,  ««Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ Ақтөбе филиалы, Ақтөбе облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының аға оқытушысы Қарылғаш Сансызбаева қазылық етті.

Байқау қорытындысында жүлделі үшінші орынды педагогика факультетінің куратор-эдвайзері,  жас маман   Ғайнижамал Боранбаева иеленсе, екінші орынға  физика-математика  факультетінің куратор-эдвайзері Айшат Медеуова  ие болды. Ал,  бірінші орын «Үздік куратор-эдвайзер-2021» номинациясы  Әлия Ұлықпановаға бұйырды.

Байқау нәтижесінде 16 қатысушыға университет ректорының алғыс хаттары мен 20 000 теңгелік сертификаттар табысталды. Сондай-ақ, қатысушыларға университеттің әлеуметтік мәселелер және жастар саясаты департаментінің серіктестері  «Карамельный букет», «streetFood», «master_maiy_stilist», «make_up_marala» және  «Chaplin» кинозалының, «Unidos»  отбасылық кафесінің, «Күнкей» сән үйінің атынан демеушілік сертификаттар мен сыйлықтар тапсырылды.  Бұдан бөлек кәсіподақ ұйымының мүшелеріне  10  000 теңгелік ақшалай сыйлықтар мен  «Көрермен көзайымы» номинациясының жеңімпаздарына сауықтыру шипажайында  демалуға жолдама берілді. Жеңімпаздарды марапаттау шарасында кәсіподақ ұйымының төрайымы Ольга Сұлтанғалиева арнайы құттықтап, гүл шоқтарын табыстады. Сонымен қатар  Ерлан Конебаев пен  Төлеген Ибрагимовке Ақтөбе қаласы маслихатының депутаты Мира Балтымованың атынан сыйлықтар табысталды.

Айта кетейік, бұл шарадан бөлек әлеуметтік мәселелер және жастар саясаты департаменті әлеуметтік желіде «Көрермен көзайымы» номинациясына байқау жариялаған болатын. Мұнда көрермендер фейсбук әлеуметтік парақшасындағы тікелей байланыста белсенділік танытып, өз ойларымен бөлісті.