Пятница, Март 29, 2024
Басты > Жаңалықтар > Басқарма төрағасының мерекелік құттықтауы

Басқарма төрағасының мерекелік құттықтауы

Құрметті Жұбанов  университетінің профессорлық-оқытушылық құрамы мен білім алушылары!

Сіздерді 1 мамыр – Қазақстан халқының Бірлігі күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!

Қазақстан халқының Бірлігі күні мерекесі бүгінгі таңда бейбіт өмір мен ынтымаққа тұрмыс кешіп отырған ел тұрғындары үшін ыстық ықылас пен достық ниеттің дәстүрі, асыға күтер мейрамы.

Бұл мереке әр қайсымыз үшін ерекше қымбат. Ол еліміздің көпұлтты халқының достығын нығайту мен қоғамдық келісімді қамтамасыз етуде миллиондаған отандастарымыздың жүрегінен жол тапқан халқымыздың тамаша рухани дәстүріне айналды.

Бұл мерекенің еліміз үшін маңызы зор! Бүгінгі мереке – әрбір қазақстандық үшін Отанға сүйіспеншілік сезімнің, азаматтық борыш пен жалпы ұлттық келісімнің мерекесі. Қаншама ұлт пен ұлысты бір шаңырақ астына жинап, олар мен тату-тәтті өмір сүріп келе жатқан біз — рухани бай һәм бақытты мемлекетпіз! Ұлтаралық келісім – еліміздің ең басты негізі екені де рас. Тарихи оқиғалардың әсерінен ұлт пен ұлыс келіп қоныстана бастаған уақытта біз қазақ бауырмалдығымыз бен қонақжайлылығымызды көрсетіп, көпшілдігіміз мен мейірбандығымызды басқа халықтарға паш еттік! Әр кезеңдерде елімізден пана іздеп келген «өзге ұлт өкілдерінің» бәрін бауырына басып, төрінен орын беріп, қандай қиын кезеңдердің өзінде бір үзім нанды бөліп жеді. Сөйтіп, қаймағы бұзылмаған қазақ жері бүгінде көпұлтты мемлекеттің бірі болып отыр.

«Бірлік бар жерде — тірлік бар» дейді біздің халық. Дана жұрт мұны тегіннен-тегін айта салмаса керек. Ауызбірлік пен түсіністік, қарапайым сыйластық үстемдік құрған жерлерге қашанда нәтижелі істердің үйір болатыны белгілі. Қазіргі таңда елімізде 130-дан астам ұлт пен ұлыстың өкілдері бір тудың астында тату-тәтті ғұмыр кешіп жатса, солардың өсірген ұл-қыздары біздің қара шаңырақ – Жұбанов университетінде білім алып, ата-аналары еңбек етуде. Оқу ордамызда өзге ұлт өкілдеріне де, қазақ жастарына да бірдей жағдай жасалған, бірдей білім алуда.

Қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылық біздің ең маңызды байлығымыз! Бұл жетістікті бағалау, оны сақтау жолында аянбай еңбек ету әрбір жастың  міндеті.

Сіздерге шынайы көңілмен бақыт-береке, ашық аспан, елімізді өркендету жолындағы еңбектеріңізге мол табыс, отбасыларыңызға аманшылық тілеймін!

Бір шаңырақтың астындағы халқымыздың достығы мен өзара түсіністігі одан әрі жалғасып, еліміздегі ұлтаралық татулық әрдайым берік болып, қашан да ынтымақ, бірлік мәңгі жасай берсін! Ел іргесі аман, келешегіміз кемел болсын!

Құрметпен,
Жұбанов университеті ректорының міндетін атқарушы, профессор Рахым БЕКНАЗАРОВ