Суббота, Апрель 20, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Зерттеушілер қатарын көбейту ұсынылды

Зерттеушілер қатарын көбейту ұсынылды

Әрі бүгінде жоқ мемлекеттен қалған, әрі бұдан 80-90 жыл уақыт бұрынғы құжаттар қашанға дейін құпия сақталмақ? Саяси қуғын-сүргін кезіндегі қылмыстық істерді зерттеу барысында бірінің үстінен бірі шағым түсірген, мәлімет берген жандардың аты-жөндері жария болса, олардың ұрпақтарының, яғни ағайынның арасында араздық туындамай ма? Ондай араздықтың алдын алу үшін тарихшылар, зерттеушілер тарапынан түсіндіру жұмыстары жүргізілуі керек пе?

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мәселелері жөніндегі өңірлік комиссияның бейсенбі күні өткен кезекті отырысында комиссия мүшелері көкейлерінде жүрген көптеген сауалдарды ортаға салып, өз ой-пікірлерімен бөлісті.

Жиын облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбеттің төрағалығымен өтті. Отырыста қаралған басты мәселе — саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау мақсатымен жүргізіліп жатқан жұмыстарды пысықтау, мемлекеттік комиссияға ұсыныстар әзірлеу болды.

Бірнеше аптадан бері облыстық мемлекеттік архив пен ішкі істер департаментінің архивінде осы бағыттағы зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Тарихшы-ғалымдар мен зерттеушілер мемлекеттік комиссия бекіткен 10 бағыт бойынша 5 топқа бөлініп жұмыс істейді. Бұл топтардың жетекшілері: белгілі қоғам қайраткері, философия ғылымдарының докторы, профессор Амангелді Айталы, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті ректорының міндетін атқарушы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Рахым Бекназаров, Қазақстан Өлектанушылар одағының облыстық филиалының төрағасы Бекарыстан Мырзабай, тарих ғылымдарының докторы, профессор Гүлбану Ізбасарова, тарих ғылымдарының кандидаты, Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің доценті Асылбек Мәден. Сондай-ақ осы аталған бес адамға облыстық ішкі істер департаментінің архивінде сақталған құпия құжаттарды зерттеуге де рұқсат берілген.

Рахым Бекназаров жиында құпия құжаттарды зерттеу барысындағы жұмыстар туралы хабарлады.

— Ішкі істер департаментінің архивінде бүгінге дейін ақталмаған адамдардың үстінен жүргізілген қылмыстық істер екі қорда сақтаулы екен. Соның бірі — 12-қор. Бұл қордың өзінде жүздеген іс бар. Олардың кейбірі бір адамның үстінен қозғалса, кейбірі бірнеше адамнан құралған топтың үстінен қозғалыпты. Айта кету керек, бұл адамдарды ақтау туралы мәселе өткен ғасырдың 80-90 жылдарында да қозғалған. Бірақ «ақтауға жатпайды» деген шешіммен кері қайтарылған. Зерттеу барысында, негізінен, «совет билігін орнатуға қарсы болды»,  «ұжымдастыруға қарсы үгіт жүргізді», «колхоз құруға кедергі келтірді» деген секілді саяси айыптаулармен істі болған адамдарға көңіл бөлініп отыр. Ал адам өлтірген, түрлі тұрмыстық қылмыстар бойынша қозғалған істер — басқа мәселе. Ондай жағдайда «Жала жабылды ма?» деген сауал туындағанның өзінде, заң мамандарының ақыл-кеңесі, пікірі керек. Бүгінге дейінгі зерттеулердің нәтижесінде біз екі адамды ақтау жөнінде ұсыныс әзірледік. Олардың екеуі де дін қызметкерлері, — деді Рахым Ағыбайұлы.

Асылбек Мәден де өткен ғасырдың 20-30 жылдарында дін қызметкерлерінің көп қуғынға түскенін айтты:

— Мысалы, 30-жылдары Ырғыз ауданында болған толқуларға дін қызметкерлері дем берді деген қорытынды жасалған. Сондықтан дін қызметкерлері жаппай қудалауға ұшыраған, — деді ол.

Ғалымдардың айтуынша, зерттеу жұмыстарын жүргізуге облыстық мемлекеттік архив және облыстық ІІД тарапынан барлық жағдай жасалған. Сондай-ақ олар саяси қуғын-сүргін құрбандарына қатысты істерді қараудың, зерттеудің психологиялық тұрғыдан өте қиын екенін де атап өтті. Қит еткен айыппен ату жазасына кесілген адамдардың тағдыры, бірге жүрген, тіпті туыс адамдардың бір-бірінің үстінен куәлік етуі, ұстап беруі жиі кездеседі екен.

Өңірлік комиссияның мүшесі, тарихшы Естай Жайлыбай осы мәселеге байланысты:

— «Бірін-бірі ұстап берді» дегенді тек біздің ұлтқа таңып, «қазақтар ғана осылай істеген» деген теріс пікірді қалыптастырғысы келетіндер бар. Бұл мәселеге қатты назар аудару керек. Сол кездегі Одақ бойынша жаппай қуғын-сүргін жүргізілген аймақтардың бәрінде, яғни басқа ұлттардың басында да осындай жағдайлар көп болған. Оны сол халықтар өкілдерінің естелігін оқып отырғанда түсінесің. Бұл бір ғана ұлтқа қатысты жағдай емес, — дей келіп, өзі оқыған естеліктерден мысалдар айтты.

Біздіңше де, ұлтымызға қатысты теріс пікірдің үстемдік алып кетпеуі — өте үлкен мәселе. Сондықтан тарихшылардың, зерттеушілердің, қуғын-сүргін тақырыбын жазып жүрген қаламгерлердің бұл мәселеге зор жауапкершілікпен қарағаны жөн.

Естай Жайлыбай заң органдарының архивтерінде құпия сақтаулы жатқан істерді көпшілікке қолжетімді архивтерге өткізу жөнінде ұсыныс әзірленуі керек деп есептейді.

— Көптеген елдерде құжаттарды құпия сақтау мерзімі — 50 жыл шамасында. Ал бізде, айталық, ұжымдастыру кезіндегі құжаттардың құпия жатқанына 90 жыл болды. Бұл — өте ұзақ мерзім, енді ол құжаттарды жарыққа шығаратын уақыт жетті, — деді ол.

Жиында облыстық ішкі істер департаментінің өкілдері бүгінгі күні зерттеушілерге ұсынылған 12-қордан бөлек, 18-қорда да қуғын-сүргіннің әлі ақталмаған құрбандарына қатысты істер сақтаулы екенін айтты. Облыстық архивтегі істерді зерттеу тарих ғылымдарының докторы, профессор Гүлбану Ізбасарованың жетекшілігімен жүргізіліп жатыр. Мұндағы топ құрамында тарихшы-ғалымдар, магистранттар және тарих пәнінің мұғалімдері, жалпы саны 18 адам бар. Облыстық архив басшысы Марат Төлебай мұрағат қорларында осы кезеңге қатысты 22 мың іс сақтаулы екенін, сондықтан оларды зерттеушілердің қатары көбейер болса, санитарлық талаптарға байланысты қосымша кабинет жасақталатынын жеткізді.

Осыған байланысты комиссия мүшелері алдағы уақытта зерттеушілер қатарын тағы да көбейту жөнінде ұсыныстар енгізу керек деген тоқтамға келді.

Жиынды өңірлік комиссия төрағасы, облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет қорытындылады:

— Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мақсатымен зерттеу жұмыстарын жүргізу — бірнеше ай уақытпен шектелетін науқан емес, зерттеу жұмыстары бірнеше жылға созылуы мүмкін. Көріп отырғанымыздай, архивтерде бұл кезеңге қатысты істер өте көп, бір ғана қордың өзінде жүздеген іс бар. Сондықтан зерттеушілер қатарын көбейту жөніндегі ұсыныстар өте орынды. Мемлекеттік комиссияға бұл жөнінде өз тарапымыздан ұсыныс әзірлейміз. Сондай-ақ саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау мәселесі жұртшылыққа кеңінен насихатталуы керек. Бұқаралық ақпарат құралдарында материалдар жарияланып, мәдениет мекемелерінде онлайн түрінде шаралар ұйымдастырылуы тиіс. Жұртшылыққа қозғау салса, өз ата-бабаларының тағдырына қатысты қолдарындағы мәліметтермен бөлісетін болады, — деді ол.

 

Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

/aqtobegazeti.kz/