Суббота, Апрель 20, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Сәні кірген саябақтар

Сәні кірген саябақтар

Ақтөбе қаласы әкімінің бастамасымен қала аумағында өтіп жатқан екі айлық сенбілікке қалалық жастар ресурстық орталығы да өз үлестерін қосты. 

Атап айтсақ, 11 сәуірде қалалық жастар ресурстық орталығының қызметкерлері Қазақстан студенттер альянсының облыстық филиалы жастарымен бірігіп А.Пушкин атындағы саябақта сенбілік өткізді.

Ал 13 сәуірде С.Бәйішев атындағы жоғары медициналық колледжі және «Дүние» колледжінің жастарымен бірге Денсаулық саябағында «Тазалық» акциясын ұйымдастырды.

17 сәуірде Ақтөбе сервис колледжінің оқушыларымен және «Райян» еріктілер тобымен бірлесіп, Бейбітшілік даңғылын қоқыстан тазартты.

24 сәуірде қалалық жастар ресурстық орталығы мамандары және Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті жастары Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің бастамасымен өткен «Киелі Табиғат» экологиялық акциясына атсалысты. Бұл күнгі сенбілікте жастар Жіңішке өзені жағалауында тазалық жұмыстарын жүргізді.

Қалалық жастар ресурстық орталығының басшысы Нұрсұлтан Қалдыбайдың айтуынша, үш апта бойы жүргізілген сенбілік, тазалық жұмыстарында барлығы 1,5 тонна қоқыс жиналды.

— Жиналған қоқыстарды қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мекемесінің тазалықшылары қатты тұрмыстық қалдықтардың қалалық полигонына апарып тастады. Сондай-ақ жастардың бастамасын қолдап, тегін такси қызметтерін ұсынған «Батыр такси» ұжымына алғыс айтамыз. Айтпақшы, тазалық айлығында біздің қатарымызға ерікті түрде 60 жас қосылды. Қаланы таза ұстау — әр тұрғынның міндеті. Әркім өз ауласында, жүрген жерінде тазалық сақтайтын болса, қала соншалықты лас болмас еді, — дейді Нұрсұлтан Мәуленұлы.

 

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ

/aqtobegazeti.kz/