Суббота, Апрель 20, 2024
Басты > Ел жаңалықтары > «Болашаққа» құжат қабылдау басталды

«Болашаққа» құжат қабылдау басталды

Білім және ғылым министрлігінің аппараттық кеңесінде «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ президенті Айнұр Кәрібозова магистратура, докторантура, резидентура және тағылымдама бағдарламасы бойынша «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындауға арналған жыл сайынғы конкурстың басталғаны туралы айтты.

Құжаттар 2021 жылғы 4 мамырдан бастап 28 қазанға дейін eGov.kz мемлекеттік қызметтер пор­талы арқылы қабылданады. Сти­пен­дия үш кезеңде – маусым, тамыз және қараша айларында тағайын­далады.

Биыл «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқу үшін 1 055 стипендия бөлінді. Олардың ішінен 555 стипендия магистратура, резидентура, докторантура және тағылымдама бағдарламасы бойынша ал 500 стипендия тағылымдамалардың жаңа «Ғалымдар» санаты бойынша бөлінді. Бұл санатты Шетелде кадр­лар даярлау жөніндегі респуб­ликалық комиссиясы Қазақстан Республикасының Пре­зиденті Қа­сым-Жомарт Тоқаевтың тапсыр­ма­­сына сәйкес әлемнің жетекші ғы­лы­ми орталықтарында жыл са­йын 500 ғалымның тағылым­дамадан өтуін қамтамасыз ету мақсатында бекітті.

2021 жылы стипендияның ашықтығын арттыруға бағытталған бірқатар жаңашылдықтар енгізілді. Осылайша, «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқуға ұсынылатын жоғары оқу орындарының тізімі алғаш рет 3 жылға бекітілді. Бұл формат үміткерлерге «Болашақ» стипендиясын тағайындауға арналған конкурстық іріктеуге қатысуды жос­парлау мен дайындалуда қолайлы жағдай жасау мақсатында енгізілді.

2021-2023 жылдарға арналған «Болашақ» бағдарламасы шең­берінде оқу үшін ұсынылатын шет­елдік жоғары оқу орындарының тізіміне екі және одан да көп академиялық рейтингтердің (QS World University Rankings, Academic Ranking of World Universities, Times Higher Education) топ-25 позициясына кіретін 27 елден 207 жоғары оқу орны кірді.

Биыл «Болашақ» бағдарламасы бойынша Басым мамандықтар тізбесі академиялық оқу үшін 80 мамандықты және тағылымдамадан өту үшін 137 мамандықты көздейді. Осы жылы басым мамандықтар «Білім беру», «Медицина», «Инно­ва­циялар мен жаңа технологиялар», «Индустриалдық инженерия», «Жа­ратылыстану ғылымдары», «Әлеу­меттік ғылымдар» және «Креативті индустрия» сияқты бағыттар бойынша бөлінді.

2021 жылы тізбеге «Инклюзивті білім беру», «Қашықтан білім беру әдістемесі мен әдіснамасы», «Эпиде­миология», «Иммунология», «Виру­сология», «Урбанистика», «Үлкен деректерді талдау», «Жаңа материал­дар технологиясы», «Робот техникасы», «Өнеркәсіптік автоматтанлыру» секілді өзекті мамандықтар енгізілді.

Сонымен қатар биылғы басым мамандықтар тізбесінде эконо­мика­ның дамуына ықпал ететін инно­ва­циялық мамандықтарды бірік­тіретін «Инновациялар мен жаңа техноло­гиялар», «Креативті индус­трия» жаңа бағыттарының пайда болуы ма­ңызды ерекшелік болып тұр. Бұл тізбе елдегі еңбек нарығы қажет­тілік­терінің орта мерзімді болжамын ескере отырып, мемлекеттік орган­дар мен түрлі ұйымдардың өтінімдері негізінде әзірленді.

/egemen.kz/
© egemen.kz