Среда, Декабрь 7, 2022
Басты > БАҚ біз туралы > 100-ден аса іс зерттелді

100-ден аса іс зерттелді

Саяси қуғын-сүргін

Облыстық мемлекеттік архивте өткен ғасырдың 20-50 жылдарындағы саяси қуғын-сүргіндер құрбандарына қатысты 22 мың іс бар.

Бүгінгі күні тарихшылар осы істерді зерттеуге кірісті. Зерттеушілер қатарында

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің тарихшы-ғалымдары, магистранттары, сондай-ақ Ақтөбе қаласының мектептерінде тарих пәнінен сабақ беретін ұстаздар бар.

Зерттеу жұмыстары өткен ғасырдың 20-50 жылдарындағы саяси қуғын-сүргіндердің құрбандарын толық ақтау бағытындағы шаралар аясында қолға алынып отыр. Өткен жылғы 24 қарашада ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы» Жарлығы шыққан болатын. Соған сәйкес біздің облыста да өңірлік комиссия құрылып, жұмыс жоспары бекітілген еді. Бүгінгі күні зерттеушілер 5 топқа бөлініп жұмыс жасап жатыр. Бұл топтарға белгілі қоғам қайраткері, философия ғылымдарының докторы, профессор Амангелді Айталы, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті ректорының міндетін атқарушы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Рахым Бекназаров, Қазақстан Өлектанушылар одағының облыстық филиалының төрағасы Бекарыстан Мырзабай, тарих ғылымдарының докторы, профессор Гүлбану Ізбасарова, тарих ғылымдарының кандидаты, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің доценті Асылбек Мәден жетекшілік етеді.

Мысалы, қазіргі күні облыстық мемлекеттік архивте зерттеу-жинақтау жұмыстарымен шұғылданып жүрген топқа профессор Гүлбану Ізбасарова жетекшілік етеді. Оларға кеңес өкіметіне қарсы көтерілістерге, толқуларға қатысқаны немесе көтерілістерді қолдағаны үшін қудалауға ұшыраған, ұжымдастыру және басқа да саяси науқандардың құрбаны болған жандарға қатысты істерді зерттеп-зерделеу жүктелген. Бүгінге дейін зерттеушілер 100-ден аса істі қарады.

Облыстық мемлекеттік архивтің директоры Марат Төлебайдың айтуынша, архив саяси қуғын-сүргін құрбандарының тағдырын зерттеу бағытындағы ізденушілерге 16 қордан 22 мың іс ұсына алады. Бұл қорларға сот және прокуратура органдарынан, Қазақстан коммунистік партиясы Ақтөбе облыстық комитетінен, т.б. тапсырылған құжаттар жинақталған. Бұған дейін архив қызметкерлері облыстық прокуратураның құжаттар қорынан 4,5-тізімдемелер бойынша саяси қуғын-сүргіннің бүгінге дейін ақталған құрбандары туралы деректер базасын жасақтаған еді.

Сондай-ақ құрметті оқырман, саяси қуғын-сүргін құрбандары туралы мәліметтер базасын жасақтау мақсатымен арнайы телеграм-канал ашылғанын есіңізге саламыз. Оның сілтемесі: t.me/rpr_aqtobe. Сіз саяси қуғын-сүргінге ұшырап, бүгінге дейін ақталмаған туыстарыңыз жөніндегі ақпараттарды осында бөлісе аласыз.

Облыстық тарихи-өлкетану музейі де саяси қуғын-сүргін құрбандары туралы ақпараттар жинақтайды. Бұл мәселе жөнінде музейге мына телефондар арқылы хабарласу керек: 8 (7132) 74-21-49, 74-21-45 және ұялы байланыс: 8-701-508-50-87.

И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА

/aqtobegazeti.kz/