Бүгін «Жұбанов университетінің үздік жобасы» байқауының финалға өткен 18 қатысушысы сараптау комиссиясының алдында өз жобаларын қорғады.
Университеттің Стратегиялық жоспарлау орталығы ұйымдастырған байқау озық педагогикалық тәжірибені анықтауға, сондай-ақ білім ордасының оқытушылары мен білім алушыларының бизнес бастамалары мен әлеуметтік белсенділігін қолдауға және дамытуға бағытталған.
Байқауға қатысушылар әдістемелік, әлеуметтік және стартап бағыттары бойынша жұмыстарын ұсынды. Мұнда 55 қатысушы өз жобасын жүзеге асыру үшін 1 миллион теңгелік жүлде қорына таласады.
Жобаларда білім беру процесінің тиімділігін арттыру, қызметкерлер мен студенттердің шығармашылық, ғылыми-зерттеу және эксперименттік қызметі үшін жағдайлар жасау, білім беру қызметтері нарығында жоғары оқу орнының имиджін қалыптастыру және өзге де мәселелері қозғалды.
Қорытынды бөлімге іріктеу үшін байқаудың бағыттары бойынша сараптамалық комиссиялары құрылды, оның құрамына университеттің профессорлық-оқытушылық құрамы, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының, «Даму» қорының және Ақтөбе облысының үкіметтік емес ұйымдарының өкілдері кірді.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер 13 мамыр күні анықталады.