Пятница, Март 29, 2024
Басты > Жаңалықтар > Тыл ардагерлері де құрметке лайық!

Тыл ардагерлері де құрметке лайық!

Жеңіс мерекесінде соғыс ардагерлерімен қатар тыл еңбеккерлері де құрметке бөленді.  Адамзат тарихына өшпес қара таңба салған 1941-1945 жылдарғы Екінші дүниежүзілік соғыс зардаптары басылып, Ұлы Жеңістің салтанат құрғанына биыл 76 жыл толды. Жастайынан ұрысқа қатысып, елі мен жері үшін ерлік жасаған боз балалар бүгінде абызға айналды. Ардагерлердің қатары сиреп, жасы ғасырға жуықтады. Осындай ұлы тұлғаларға құрмет көрсету бүгінгі ұрпақтың басты міндеті.

Осыған орай, Жұбанов университеті ректорының міндетін атқарушы, профессор Рахым Бекназаров, әлеуметтік және тәрбие жұмысы жөніндегі проректор Нұржан  Бердыбаев және кәсіподақ ұйымының төрайымы Ольга Сұлтанғалиевалар білім беру саласында  жұмыс істеген тыл ардагерлерін мерекемен құттықтады.

Бұл ретте университет басшылығы  Айжамал Иманғалиева,  Ниетжан Беріков,  Найла Мұхаметхузина, Герман,  Зәкіратдин Байдосов,  Жәния Нұржанованың  үйіне барып, мерекелік тілектерін жеткізді.

Айта кету керек, жыл сайын университеттің кәсіподақ ұйымы  оларды ұмытпай  айтулы мерекемен құттықтап, көңілдерін аулап, сый-сыяпат жасап тұрады.

Профессор Рахым Бекназаров ардагерлердің білім саласына сіңірген ерең еңбектері, ұрпақ алдындағы азаматтық борыштары жайында сөз қозғап, кәсіподақ ұйымының атынан бағалы сыйлықтарын табыстады.

Сала ардагерлері де алғыстарын білдіріп, ақ баталарын берді.