Среда, Апрель 24, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Ақтөбе облысы: Жаманшың кратері

Ақтөбе облысы: Жаманшың кратері

Ақтөбе облысының Ырғыз ауданында әлемге танымал, миллион жылдық тарихы бар жерге метеориттің құлауы нәтижесінде пайда болған дүние жүзінде теңдесі жоқ бірегей табиғи ғарыштық нысан – Жаманшың кратері орналасқан. Қазақстанның киелі жерлер географиясының республикалық тізіміне енген Жаманшың кратері соңғы кездері ғалымдардың зерттеуі ғана емес, туристік қызығушылық танытқан нысанға айналды десек қателеспейміз.

Осы нысанды зерттеп, танымал туристік объектіге айналдыру бағытындағы жұмыстарға біздің жоғары оқу орнының профессор-оқытушылық құрамы да белсене араласуда. Сонымен қатар Батыс аймақтағы туризм нарығында мамандарға деген сұраныстың артуы университеттің осы бағыттағы стратегиясының заман талабына сай екендігін көрсетеді. Жаманшыңды алғашқы болып 1937-1939 жылдар аралығында зерттеген ғалымдар А.Л. Яншин мен В.А. Вахрамеев жер бетінен палеозой дәуірінің жыныстарын табады. Ресейлік білікті ғалым, геология-минералогия ғылымдарының докторы, профессор Петр Васильевич Флоренский 1975-1976 жылдары Жаманшыңның жарылыстан пайда болған ойпат екендігін ғылыми түрде дәлелдеп, кейін «Метеоритный кратер Жаманшин» атты еңбегі жарық көрді.

1989 жылдың қыркүйегінде АҚШ, Канада, ГФР және Франция елдерінің ғалымдарынан құралған халықаралық экспедиция ұйымдастырылып, Жаманшың әлем назарын аударды. Бұдан миллион жыл бұрын осы жерге оңтүстік-шығыстан – солтүстік-батысқа қарай салмағы 36-40 миллион тонналық космостық дене салмағы бар метеорит құлаған. Он мыңдаған мегатонна бомбаның қуатындай жарылыстан аумағы 5-6 шақырым, тереңдігі 700 метрдей қазан шұңқыр, түскен жерде төңкерілгеннен шыңдар пайда болған. Метеориттің диаметрі 500 метрге дейін жетеді. «Бұл аспан мен жердің соқтығысуы. Екеуі де шексіз қуатты.

Адамзат мұндай метеориттің құлағанын көрген емес. Әрі көз ілеспес жылдамдықпен келіп, жерге түсті де жоқ болып кетті. Сол кезде метеорит құлаған жерде табиғи жыныстар түзілді. Ал адамзат мұндай қысымды еш уақытта қолдан жасай алмайды. Жаманшың дәл осындай жағдайды бастан өткерді, – деді ғалым П.Флоренский. Жарылыс толқынының, шектен тыс температура мен қысымның әсерінен жер қойнауындағы жыныстардың ауқымды бөлігі араласып, нәтижесінде импактит, тектит түрлері пайда болған. Бұл екі тау жынысының жер бетінде бір жерден табылуы алғашқы рет Жаманшың кратерінің үлесіне тиіп отыр. Табылған импактиттерге –  “Жаманшинит”, тектиттерге – “Иргизит” деген ғылыми атаулар берілген.

Жаманшың кратері – еліміздің аумағындағы бірегей орын. Ол туралы жүздеген мақала жазылып, зерттеу жұмыстары жүргізілді. Ақтөбеге бірнеше мәрте келіп, халықаралық ғылыми-практикалық конференцияларда сөз сөйлеген П.Флоренский кратерді қорғауға алып, туризмді дамыту жұмыстары кезінде жерді жалға бермеу қажет деген ойын білдіреді. «Зерттеуші Павел Флоренский кратердегі 20 шақырымды қорғауға алып, қоршауды ұсынып отыр. Біз 100 шақырымды астрофизикалық, тарихи, табиғи ендік бағытты қамтитын кешенді туристік геопарк немесе орталық құрылуы қажет деп есептейміз. Зерттеуші Серік Әжіғали 30 жылдан бері осы туралы айтып келе жатыр. Себебі Жаманшың маңында Әбілқайыр хан 45 мың әскерін жинаған, Алмат тамы, Жаныс би тамы, Балғасын мовзолейі бар. Мәселен Балғасын маңындағы емдік тұз Қырымның кез келген курортындағы ем тұзынан сапалы, Ырғыз-Торғай резерваты бар. Бәріне ортақ турмаршрут қажет, – деді белгілі өлкетанушы Бекарыстан Мырзабай.

Жаманшыңға құлаған метеоритті геологтар осыдан жарты ғасыр бұрын зерттеген. Бүгінде кратердегі жыныстар тоналып, көлденең табыс көзіне айналды. Бірақ бұл тәрбие орны болуы керек. Жастарды патриоттық сезімге тәрбиелейтін, туристік орынға айналдыратын жер. Сонымен қатар, жас ғалымдарға арналған зерттеу алаңы болуы тиіс. Ақтөбенің бұл аймағы соңғы жылдары туризм картасына еніп, осы аймақтағы ғылыми-зерттеу жұмыстарының жандануына себепші болды.

Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Қазақстанның киелі жерлері географиясы» базалық бағыты аясында екі жыл бұрын облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы, облыстық планетарийі және университетіміздің «География және туризм» кафедрасы ұжымының қатынасуымен Жаманшың метеорлы кратеріне халықаралық ғылыми – зерттеу экспедициясының нәтижесі ретінжде ғылыми – практикалық конференциясы ұйымдастырылды. Бұл шараға академик П. Флоренский бастаған Ресейдің және Қазақстанның бір топ ғалымдары қатысты.

Басты мақсат – облыс аумағында орналасқан бірегей табиғи объектіге әлемнің назарын аудару, нысанды қорғау, кратерлік геопарк құру мүмкіндігін қарастыруға бағытталған еді. «Жаман­шың» кратері геоғарыштық тегі бар нысан ретінде туристер үшін қызықты болады, геотуризмді дамыту әлемде жоқ кратермен танысуға зор мүмкіндік береді. Гео­парк жобасы жүзеге асырылса облыс бюджетіне де қаржы құйылатындығы даусыз.

Әлемді шарлаған індет қауіпі жойылып, жағдай тұрақталады деген болжаммен биылғы тамыз айында облыс әкімдігі мен планетарий және Қ.Жұбанов атындағы АӨУ бірлескен ауқымды жоба жасауды жоспарлап отыр. Өңірімізде өскелең ұрпақты рухани құндылықтар негізінде тәрбиелей отырып, ішкі танымдық туризмді дамытуды пайдалану мен қатар, шетелдік туристердің де ағымын арттыруға үлес қосу парызымыз.

 

Айдын ӘБДЕНОВ,
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік
университетіндегі география және
туризм кафедрасының меңгерушісі

 

/bilimdinews.kz/