Среда, Апрель 24, 2024
Басты > Жаңалықтар > Дәстүрлі шара жалғасын тапты

Дәстүрлі шара жалғасын тапты

Қоғам және мемлекет қайраткері, ағартушы ұстаз, ғалым Мұхтар Арынның есімі Ақтөбе жұртшылығына етене таныс. Әсіресе, аға буын өкілдері Ақтөбе өңірінің тарихын, тәуелсіздік жылнамасын осы тұлғаның өмірі мен қызметінсіз көзге елестете алмайды.

59 жасында фәниден озған Мұхтар Арын  ғұмырының соңғы 12 жылын (1983-1995 жылдары) Ақтөбеде өткізіп, өзі басқарған Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының өркендеп-дамуына өлшеусіз үлес қосып қана қоймай, өңірімізге рухани серпіліс әкелген үлкен шаруалардың басында жүріп, «бүкіл әлеуметке ұстаз» (Әбіш Кекілбаев) бола білді.

Жұбанов университеті  ғалым, қайраткер Мұхтар Арынның есімін ұлықтау мақсатында «Тіл және мәдениеттің өзекті мәселелері: дәстүрлер мен инновациялар» халықаралық ғылыми-практикалық онлайн конференциясын өткізді. Дәстүрге айналған ғылыми шара Мұхтар Арынның 85 жылдығына арналды.

Мұхтар Арын қазақтан шыққан тұңғыш лингвист-ғалым Құдайберген Жұбановтың есімін педагогикалық институтқа беруді ұсынған тұлға, Жетісу өңірінің төл перзенті. Ол кеңестік кезеңде жабылып қалған қазақ мектептерін ел Тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында қайта ашылуына, жер-су атауларының қазақшалануына үлесін қосты. Тіл мен дінді, тарих пен дәстүрді, туған жерді бес анық деп топтастырған еңбектерін зиялы қауым әлі күнге дейін зерттеп келеді.

Ғылыми шараны кіріспе сөзімен ашқан басқарма төрғасы, профессор Рахым Бекназаров Мұхтар Арынның оқу орнына басшылық еткен жылдарында жасаған еңбектеріне жіті тоқталып, әр салаға қосқан өлшеусіз үлесін ерекше атап өтті.  Сондай-ақ, конференцияға қатысқандар Мұхтар Ғалиұлы туралы өз естеліктерімен бөлісіп, қайраткердің сан қырын тебіреніспен еске алды.  Басқосуда баяндамашылар тіл тағдыры мен ел тағдыры таразыға тартылған өтпелі кезеңдерде қазақтың көш керуеніне көшбасшы болып, талай игілікті істер атқарған қоғам қайраткері, ұлағатты ұстаз, ғалым Мұхтар Ғалиұлының еңбек жолына тоқталып, білім саласына қосқан үлесі туралы сөз қозғады.

Конференцияға Ресей ғалымдары мен Алматы, Орал, Атырау, Ақтөбе  қалаларының ғалымдары мен магистранттары қатысып, шет тілдерін оқытудағы жаңа ақпараттық технологиялар, қазақ, орыс және ағылшын лингвомәдениеттеріндегі жасты концептуализациялау, жарнамалық мәтіндерді қытай тілінен қазақ тіліне аударудың лингвомәдени аспектісі және өзге де өзекті мәселелер туралы баяндамалар жасады.