Четверг, Апрель 25, 2024
Басты > Жаңалықтар > Жеңімпаздар марапатталды

Жеңімпаздар марапатталды

Бүгін «Жұбанов университетінің үздік жобасы» байқауының жеңімпаздары анықталды.

Байқауға 55 қатысушы ниет білдірген, мұнда олар әдістемелік, әлеуметтік және стартап бағыттары бойынша өз жобаларын ұсынды.

Байқау екі кезеңде өткізілді. Бірінші кезеңде жобалар іріктелді. Финалдық кезеңге шығаруда университеттің профессорлық-оқытушылық құрамының, «Атамекен» ҰКП, «Даму» қоры, облыстық басқармалар мен Ақтөбе облысының үкіметтік емес ұйымдарының өкілдерінен құралған сараптама комиссия құрылыды. Екінші кезеңде сарапшылар іріктеуінен өткен 18 жоба қазылар алқасы алдында қорғалды.

Байқау нәтижесінде Start-up жобалар бағыты бойынша «Көркем еңбек және дизайн» кафедрасының аға оқытушысы Юлия Кузнецованың «Creative Light шырақтарын жасау» жобасы жеңімпаз болып танылды.

Әлеуметтік жобалардың ішіндегі ең үздігі «Информатика және ақпараттық технологиялар» кафедрасының оқытушысы Асхат Раманқұловтың «Зағиптарға арналған бағыттаушы робот» жобасы болса, әдістемелік жобалар бағыты бойынша «Химия және химиялық технология» кафедрасының доценті Базархан Иманғалиева «Биогеохимия (интеграцияланған курс)» жобасымен жеңіске жетті.

Байқауда «Social Art» жобасының жетекшісі Нұрсұлтан Елеуов «Шығармашылық жоба» номинациясын иеленсе, техника ғылымдарының кандидаты, доцент Нұрғазы Сауханов «Ақтөбе қаласының көше-жол торабында жол қозғалысын басқарудың автоматтандырылған жүйесін ендіру» жобасымен «Қолданбалы жоба» номинациясының иегері атанды.

Айта кетейік, байқау жеңімпаздарын басқарма төрғасы Рахым Бекназаров арнайы құттықтап, марапаттарын табыстады.