Четверг, Апрель 25, 2024
Басты > Жаңалықтар > Кәсіптік практиканың үздік базалары марапатталды

Кәсіптік практиканың үздік базалары марапатталды

Бүгін Жұбанов университетінде ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Кәсіптік практиканың үздік базасы – Creating the future» тақырыбында ұйымдастырылған байқаудың жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өткізілді. Студенттер сарайына жиналғандар ғимарат фойесіндегі практика материалдары мен университет студенттерінің  жетістіктерінің көрмесін тамашалады.

Нақтылай кетсек, сәуір айында Жұбанов университетінің Мансап орталығы «Кәсіптік практиканың үздік базасы – Creating the future» тақырыбында байқау жариялаған болатын. Алғаш рет ұйымдастырылған байқауға барлығы 24 өтінім қабылданып, 20 практика базасы қатысты.

Байқау — кәсіптік практикадан өтетін студенттердің және практика базасы басшыларының кәсіби және жеке тұлғалық өсуін ынталандыру, жас мамандарды кәсіптік даярлау жүйесін дамытудағы үрдістерді анықтау, тиімді басқару тәжірибесін анықтау және тарату мақсатында ұйымдастырылды. Іріктеу барысында практика базасы қызметінің сапасы, тәжірибеден өтуші студенттердің саны, кәсіби кадрлардың саны, WorldSkills қозғалысына қатысу және басқа да инновациялық жобалар ескерілді.

Конкурсты ұйымдастыру және өткізу үшін арнайы конкурстық комиссия құрылып, арнайы  сарапшылар тағайындалды.

Байқау  үш кезеңде өткізілді, бірінші кезеңде құжаттарды факультеттерде құрылған комиссия қарап, екінші кезеңде университет бойынша комиссия өз жұмысын бастады. Ал, үшінші кезеңде жеңімпаздарды арнайы кубоктармен,  дипломдармен салтанатты түрде марапаттау рәсімі өткізілді.

Салтанатты шараны басқарма төрағасы, профессор Рахым Бекназаров кіріспе сөзімен ашып, байқау қатысушыларына алғысын жеткізді.

— Халық қаһарманы, қазақтың көрнекті жазушысы Бауыржан Момышұлы  «Өмірдің қуанышы көп алуыңда емес, басқаларға көп беруіңде, білім мен тәжірибеңді халыққа таратуыңда» деп бекер айтпаса керек-ті…

Білім тәжірибеде тексеріледі, білім тәжірибемен жинақталады. Қазіргі таңдағы білім беру саласындағы ең өзекті мәселенің бірі – бәсекелестікке қабілетті, сұранысқа ие бола алатындай кәсіби, білікті маман болу. Заманауи прогрессте әрбір білім ошағы мақсатқа жету үшін жас мамандарды үйрете отырып, заман талабына сай білімі жоғары, мәдениетті, өзіне деген сенімі мықты, азаматтық айқындамасы орнықты, кәсіптік білім деңгейі жоғары, жаңалыққа жаны құмар, тың шешім таба алатын кадр тәрбиелеуде.

Бүгінде елдің табысты дамуы іргелі және қолданбалы ғылымды дамыту мен өндірістің өзара бірлесіп әрекеттесуі негізінде заманауи кадрлар даярлауға мүмкіндік береді. Бұл байқау конкурсанттардың жоғары білікті шеңберінде өз жұмыстарын таныстыруға, кері байланыс алуға, қызықты және өзара қарым-қатынас жасауға тамаша алаң, — деді басқарма төрағасы.

Профессор Рахым Бекназаровтың айтуынша,  сапалы мамандарды даярлау үшін Жұбанов университеті өңірдің 180 білім беру ұйымдарымен және 450-ден астам кәсіпорындарымен, компанияларымен байланыс орнатты. Бұл тәжірибе базалары түлектерді жұмысқа орналастыру үшін маңызды мүдделі тараптар мен әлеуетті компаниялар болып табылады.

Студенттердің өндірістік практикасы  білікті мамандарды дайындау процесінің құрамдас бөлігі. Өндірістік практика – білім алушылардың теориялық білімін тереңдетуге, кеңейту мен нақтылауға және тәжірибе жинақтаумен машықтануына үлесін қосады. Ал, жұмыс берушілер әлеуетті қызметкерлерді қарауға, кәсіпорынға жас перспективалы кадрларды тартуға мүмкіндік алады.

Бұдан соң университеттің Академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Бибігүл Абенова сөз сөйледі.

— Біздер жылдар бойы өздеріңіздің қатысуларыңызбен аймақты дамытып отырған, білім беруге, кадрлар даярлау ісіне – кәсіпорындар болашағы – оқушылардың, студенттердің, кадрлық резервтің жетілуіне өз үлесін қосып отырған жұмыс берушілердің тұрақты серіктестігінің қалыптасқанына өте қуаныштымыз.

Жұбанов университеті  — өндіріспен байланысты практикалар базалары, кафедра филиалдарын құру, жұмысшы мамандықтарын дайындау, оқытушылар тағылымдамасын ұйымдастыру, түлектерді еңбекке орналастыру сынды бірнеше бағытта жүзеге асырады, — деді Б.Абенова.

Проректор Бибігүл Абенованың айтуынша, Жұбанов университеті келісімшарттар бойынша 679  практика базасымен жұмыс жасайды, оның 185-і білім беретін ұйымдар.

Практика базаларының қатарында Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Алматы облыстарының өндіріс орындары мен білім мекемелері де бар.

Айта кетейік, Жұбанов университеті 2017 жылдан бастап өндіріс базаларында кафедра филиалдарын құрып келеді. Қазіргі таңда кафедра филиалының саны 137-ге жетіп отыр, оның 73-і білім беру ұйымдарында, 64-і кәсіпорындарда құрылды.

Мінберде комиссия төрағасы байқаудың басты мақсатына жіті тоқталды.

— «Creating the future» — болашақты құру – создавая будущее – тақырыбында ұйымдастырылған бұл конкурс — кәсіптік практикадан өтетін студенттердің және практика базасы басшыларының кәсіби және жеке тұлғалық өсуін ынталандыру, жас мамандарды кәсіптік даярлау жүйесін дамытудағы үрдістерді анықтау, тиімді басқару тәжірибесін анықтау және тарату мақсатында ұйымдастырылып өткізілді.

Бұл конкурс болашақта ынтымақтастық мәдениеттің дамуына, жұмыс берушілер арасында ең жақсы тәжірибемен алмасу, жаңа технологияларды насихаттау және жеке корпоративтік қатынастардың шекарасын кеңейту құралына айналатынына сенімдіміз! Іскерлік алаңдарда кездесуіміз көбейіп, «Білікті маман біздікі!» девизі басты өлшемімізге айналуына тілектеспін!, — деген тілегімен түйіндеді Б.Абенова.

Байқау нәтижесінде «Кәсіптік практиканың үздік базасы – Creating the future» байқауының Гран-При  жүлдесі Новый орта мектеп-лицейіне  берілді. Аталған мектеп базасында университеттің 8 кафедра филиалы табысты жұмыс жасап, «Білім» бағыты бойынша барлық білім беру бағдарламаларының студенттері практикадан өтеді.

І дәрежелі диплом  мен «Студенттердің сенімі» номинациясы білім ордасының техникалық мамандарды даярлаудағы негізгі серіктесі – «Қазхром» ТҰК» АҚ» иеленді. «Қазхром» трансұлттық компаниясында   жыл сайын білім алушылардың 80%-ы «Тау-кен ісі және металлургия» бағыты бойынша практикадан өтіп, олардың көпшілігі компанияда жұмысқа орналасады.

Ал, байқаудың ІІ дәрежелі дипломы Отбасы банк» тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» мен №39 қазақ орта жалпы білім беру мектебіне бұйырса, ІІІ дәрежелі дипломды  Қалалық жас туристер стансасы мен  №2 жалпы орта білім беретін мектеп-гимназиясы,   №40 жалпы білім беретін орта мектебі иеленді. Сондай-ақ, салтанатты шарада «Жылдың әлеуметтік серіктесі» номинациясына «Сбербанк» Акцонерлік қоғамы, Балалар мен  жасөспірімдер шығармашылық орталығы ие болса,  «Мансапты  бастау» номинациясы  Ақтөбе облыстық мамандандырылған физика — математикалық мектеп-интернатына бұйырды.  Байқаудың «Көшбасшы база: корпоративтік қатынастардың үздік жүйесі» номинациясына Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану мұражайы мен «Кафедраның үздік филиалы» номинациясына Новый орта мектеп-лицейі лайық деп танылды.

Салтанатты шара соңы университеттің «Музыкалық білім және хореография» кафедрасының ұжымы ұйымдастырған концерттік бағдарламаға ұласты.