Вторник, Апрель 23, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Дара тұлға

Дара тұлға

Құдайберген Жұбанов атындағы университеттің тарихынан сыр шерткенде оқу орнына 1983-1995 жылдары басшылық еткен ұлағатты ұстаз, үлкен ғалым, тіл жанашыры, қазақ халқының ардақты перзенті Мұхтар Арынның есімі мен өнегелі істері ойға оралады.

Халық жазушысы Әбіш Кекілбаев: «Мұхтар Арын тек жеткіншек буынға емес, бүкіл әлеуметке ұстаз еді. Ол тіл қозғалысы, тарихи зерде қозғалысы, дәстүрлі тәрбие қозғалысын бар болмысымен, зеректігімен пейілді қолдады, ол сол соқпақтың айқасқан айдын жолға айналуына күш салып еді. Мұхтар — керек заманда туып, керекті шаруаға ат қосысып, келелі іс тындырып кете алған ел ардағы еді», — деді. «Азаматқа халықтың ризашылығына бөленгеннен артық бақыт жоқ» деген ұстаныммен ғұмыр кешкен Мұхтар Ғалиұлы, расында, елінің ардақты перзенті еді.

Ақтөбедегі жоғары білімнің қара шаңырағы саналатын оқу ордасының қарқынды дамып, бүгінгі келбетінің түзілуі Мұхтар Ғалиұлының есімімен тікелей байланысты. Бұған дейін жоғары мектеп саласында бай тәжірибе жинақтаған білікті басшы алдымен институттың миссиясын жаңаша айқындауға ерекше көңіл бөлді. Жоғары оқу орнын бірыңғай кадр даярлаумен ғана шектеп қоймай, тәрбие ісін тұтастай жүргізетін рухани орталық деңгейіне көтеруге күш салды. Осы бағытта оқу орнының бас ғимараты пайдалануға берілді, жаңа мамандықтар, қазақ тілінде оқытатын бөлімдер ашылды, білікті мамандар шақырылып, жас ұстаз-ғалымдар даярлау мәселесі қолға алынды, институтқа студент қабылдау, кәсіби бағдар беру жұмыстары жаңаша ұйымдастырылып, мұғалім мамандығына икемі бар жастар тартылды. Институт білім ордасы ғана болып қоймай, облыстағы мәдени-көпшілік шаралардың ұйытқысы мен рухани орталығына айналды. Ұлы Абайды облыс жұртшылығына танытуда жүйелі жұмыстар атқарылды, қазақ тілінің мәртебесін көтеруге, қазақ тілінде оқытатын мектептердің санын ұлғайтуға ерекше мән берілді, өңірдің айтулы тұлғалары — Әйтеке бидің, Есет Көкіұлының, Есет Көтібарұлының, күйші Қазанғаптың, ғалым Қ.Жұбановтың, мемлекет қайраткері Ұ.Құлымбетовтің мерейтойлары атап өтілді.

1984 жылдың тамызында Ақтөбе педагогикалық институтының жаңа оқу ғимаратының ашылу салтанатында Мұхтар Ғалиұлы оқу ордасын Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы, еліміздің ардақты ұлы Дінмұхамед Қонаев пен Министрлер Кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевқа таныстырды. Нарықтық экономика жағдайында облыста жоғары сұранысқа ие мамандарды даярлау ісін қайта құру қажеттілігін жете түсінген оқу орнының басшысы үкімет алдына бірнеше мәрте Ақтөбеде классикалық түрдегі университет, тым болмаса көппрофильді институт ашу мәселесін қойды. Тиісті дайындық жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде 1996 жылы педагогикалық институтқа университет мәртебесі берілді.

Мұхтар Арын ұлы адамдардың есімдерін ұлықтаған, ұрпақтарын құрметтеген парасатты жан еді. 1991 жылы институтта қазақтың тұңғыш лингвист-ғалымы, түркітанушы, профессор Қ.Жұбанов мұраларын зерттеу мақсатында «Жұбановтану» зертханасы ашылып, меңгерушілігіне ғалымның баласы, түрколог-ғалым Есет Жұбанов тағайындалды.

Мұхтар Арын өз елінің патриот азаматы ретінде жақсы жаңалық, озық үлгіні елге әкелуге тырысатын еді. Сол тұста «Егемен Қазақстан» газетінің біздің облыстағы тілшісі Әмір Оралбайға берген сұхбатында: «…Штутгарт қаласында ауыл шаруашылығы университеті бар екен. Мені сондағы мұражай таңғалдырды. Онда сонау ерте кезден бастап немістердің егіншілікте қолданған құралдары жинақталған. Ұлттық ой-сананың өсуін, қалыптасуын көрсетіп тұрғандай», — дейді. Осыдан кейін ойда жүрген жоспарын жүзеге асырып, «Ақтөбе өңіріндегі білім беру жүйесінің дамуы» музейін, археология музейін, Абайтану кабинетін ашады.

Мұхтар Ғалиұлының лингвистика саласындағы ғылыми ізденістерінің негізінде жарық көрген ғылыми еңбектері, оқулықтар мен оқу құралдары, зерттеу мақалалары көзі тірісінде жоғары бағаланды, бүгінде мән-мағынасын жоғалтқан жоқ. Ұзақ жылдар бойы көз майын тауысқан зерттеулерінің нәтижесінде жазылған «Неміс тілі грамматикасы. Морфология» оқулығы (Алматы,1986) бұрынғы Одақ көлеміндегі шет тілдері мамандары арасында ерекше ауызға алынатын. Сол себепті болса керек, профессор М.Арынға Германияның Берлин университеті мен Аустрияның Вена университетінің құрметті профессоры атағы берілді. Сондай-ақ оның Ыстанбұл мен Каир, Александрия (Мысыр) мен Бонн университеттерінің мінберінде неміс тілінде дәріс оқып, баяндама жасаған санаулы қазақ ғалымының бірі екенін жұрт біле бермейді.

Бүгінгі күні көрнекті ғалым М.Арынның институтқа университет мәртебесін беру, металлург мамандарын дайындау, жалпы жоғары білім беру мерзімін төрт жылға өзгерту туралы көптеген бастамаларының жүзеге асқаны бізді қуантады. Білікті басшы Еуропа елдеріне іссапарлары кезінде жоғары оқу орнындағы білім беру жүйесімен танысқаннан кейін, туындаған жекелеген ойларын институтқа енгізуге тырысатын. Қазіргі уақытта ол ойы жүзеге асып, Қазақстан Еуропалық елдердің білім беру жүйесіне интеграцияланды десек қателеспейміз. 2009 жылы институт Болонья қаласындағы Университеттердің Ұлы Хартиясына қол қойып, еуропалық білім кеңістігіне енді.

Қазіргі таңда университеттің түлектері еуропалық білімнің кеңістігінде де үлкен белестерді бағындырып жатқанын мақтанышпен айтуға болады. Жаһандану заманында ұрпақ тәрбиесіне көп көңіл бөлген М.Арын: «Қазір бізге нақтылық, концептуалдық мәселелерді шешу жолындағы мақсаткерлік іс-қимыл жетіспейді. Біз әдетте мода қуумен әуестенеміз. Мәселен, шет мемлекетке бала жіберген дұрыс шығар, бірақ сол арқылы барлық мәселені шешіп аламыз деу — қате. Екіншіден, қанша дегенмен өз ортамызда тәрбиеленбегеннен кейін, ұлттық дәстүр мен ұлттық психологияны бойына сіңірмегеннен кейін одан тәуір маман шығады деу қиын. Әуелі өзін танып алып, сосын барып өзгелерді танысын», — деген пікірі қазіргі қоғамды сипаттап отырған секілді көрінеді.

Зерделі ғалым ұрпақ тәрбиесіне өзінің «Бес анық» кітабында да зор мән береді.«Бес анық» кітабында ұлттың келбетін анықтайтын бес құндылық туралы жүйелі ой-пайымдар жазылған. Автор «бес анық» ретінде мыналарды таниды: бірінші анық — тіл; екінші анық — дін; үшінші анық — дәстүр; төртінші анық —тарих; бесінші анық — атамекен». Шынында, бұл бес құндылық қазақтың ұлт ретіндегі қасиеті мен болмысын, танымы мен тамырын, жаны мен рухын көрсетеді. Осылар арқылы бізді өзгелер де танып-біледі. Бұл еңбекте бес анықтың, яғни тіл, дін, дәстүр, тарих, атамекеннің мән-маңызын арттыру, қазақтың қастерлі ұғымдары арқылы жас ұрпақтың бойында ұлттық сана-сезімді ояту, төл құндылықтарды сіңіру мәселелері қозғалады, бұл — ешқашан күн тәртібінен түспейтін, өзекті мәселелер.

Ол қоғамдық қызметке араласып, Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесінің депутаттығына сайланып, «Білім туралы», «Жоғарғы білім туралы» заңдарды әзірлеуге қатысқан еді.

Мұхтар Арынның жақсы есімін мәңгі қалдыру мақсатында 2020 жылы университеттің бас оқу ғимаратына оның есімі беріліп, ғалым атындағы дәрісхана ашылды.

Қазіргі таңда университет әлемнің жүз елуге жуық жоғары оқу орнымен ынтымақтастық байланыс орнатқан. Польшаның Быдгощ қаласындағы Экономика университетімен, Қытай мұнай университетімен, Түркиядағы Кастамону университетімен қосдипломды білім беру бағдарламалары сәтті жүзеге асып келеді. Университетте 78 бакалавриат, 40 магистратура және 6 докторантура мамандықтары бойынша мамандар даярланады, диссертациялық кеңестер жұмыс істейді. 14 мамандық бойынша арнайы білім беретін Жоғары колледж қайта құрылды. Облысымыздағы шағын жинақталған мектептер қажеттілігіне орай қосарланған мамандықтар бойынша педагог кадрлар даярлануда, жұмыс берушілердің ұсыныстары негізінде білім бағдарламаларына жаңа білім траекториялары енгізілді, университетішілік қосдипломды білім беру, «Білім» бағыты мамандықтары бойынша көп тілде оқыту жүзеге асырылуда. Бүгінгі таңда ұлттық рейтингте үздік төрттікке енген оқу орнымыз биік межелерді көздеп, яғни ұжым халықаралық QS World University Rankings рейтингісінде үздік 500 университет қатарына ену үшін қарқынды жұмыс жүргізіп жатыр. Бұл бәсекеге қабілетті оқу орны ретінде ұжымның ғылыми потенциалының мықтылығын танытады.

1990 жылы қазақ тіл ғылымының тұңғыш профессоры Қ.Жұбановтың есімін мәңгі есте қалдыру үшін Қазақ КСР Министрлер Кеңесіне ұсыныс жасап, оқу орнының деңгейін, абырой-беделін көтеруді ойлаған Мұхтар Ғалиұлының арманы орындалып, ізгі идеялары бүгінгі ізбасарларының ісінде жалғасын тауып келеді.

Мұхтар Арын халықтың жадында өзі басқарған университеттің дамуына қосқан үлесімен ғана емес, ең алдымен, сонау 86-ның желтоқсанынан кейінгі жылдармен тұспа-тұс келген қазақ руханиятын қайта жаңғырту жолындағы серпілістің бастауында тұрған үлкен тұлғалардың бірі болып қалатыны анық…

 Рахым БЕКНАЗАРОВ,

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің басқарма төрағасы-ректордың міндетін атқарушы,

тарих ғылымдарының докторы, профессор

 

/aqtobegazeti.kz/