Четверг, Апрель 25, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Тарихи әділдікті қалпына келтіру – қасиетті парыз

Тарихи әділдікті қалпына келтіру – қасиетті парыз

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай сөйлеген (30. 05. 2020 ж) сөзінде ХХ ғасырдың 20-50 жылдарындағы зобалаңды халқымыздың тарихындағы қасіретті кезең деп атады. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін осы нәубеттің құрбандарын мәңгі есте қалдыру үшін мемлекеттік деңгейде жүзеге асырылып жатқан шараларды атап өтті. 1993 жылы «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» заң қабылданды, 1997 жылдың Жалпыұлттық татулық пен саяси қуғын-сүргiн құрбандарын еске алу деп жарияланды, осы жылы Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 31 мамыр Саяси қуғын-сүргiн құрбандарын Еске алу күнi деп белгiленді.

Содан кейін 1998 жылдың «Халық бірлігі мен ұлттық тарих жылы», 1999 жылдың «Ұрпақтар бірлігі мен сабақтастығы жылы» деп жариялануы жоғарыда келтірілген саясаттың заңды жалғасы болды. Осы шаралардың жалғасы ретінде Президент тарихи әділдікті қалпынакелтіру жұмыстарын аяқтап, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін арнайым Мемлекеттік комиссия құруға тапсырма берді. Осыдан кейін көп ұзамай өткен жылы 24 қарашада ел Президентінің «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі Мемлекеттік комиссия туралы» Жарлығы шықты. Осы Жарлыққа сәйкес сәйкес саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі Мемлекеттік комиссияның жұмыс органы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі болып табылады.

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия 49 адамнан, саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі  мемлекеттік комиссияның Әдіснама жөніндегі кіші комиссия 9 адамнан, Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысына қорытындылар дайындау, мұрағат көздері мен басқа да материалдарды жинау, зерттеу бойынша жұмыс топтары 57 адамнан құралған. Барлығы 115 адам. Бұған қосымша Қазақстанның әкімшілік-территориялық бөілінісіне сәйкес, 14 облыс орталықтары мен республикалық дәрежедегі үш қаласынан аймақтық комиссиялар құрылады.

Мемлекеттік комиссияның, кіші комиссияның, он бір жұмыс топтарының және құзырлы мемлекеттік органдар мен аймақтық комиссиялардың жұмыстарын үйлестіретін тоғыз министрлік өкілдері мен алты маман, барлығы 15 адам тартылған арнайы жобалық офис құрылатын болды. Сондай-ақ, бұл жұмысқа сарапшылар тарту да көзделген. Жұбанов университетінің профессорлары, философия ғылымдарының докторы,  қоғам қайраткері Амангелді Айталы Мемлекеттік комиссияның Әдіснама жөніндегі кіші комиссиясының құрамына, ал Басқарма төрағасы-Ректор м.а., тарих ғылымдарының докторы Рахым Бекназаров дәстүрлі дін өкілдері – саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін зерттеу, қорытынды және ұсыныстар дайындау жөніндегі жұмыс тобының құрамына енді.

Осы топтың құрамында Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау облыстары бойынша жүргізілетін жұмыстарды үйлестіру міндеті жүктелген. Мемлекеттік комиссияға заңсыз қудаланғандар мен саяси қуғын-сүргін құрбандарына қатысты тарихи әділеттілікті қалпына келтіру жөніндегі жұмысты бітіру, саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық заңнамалық және саяси ақтау үшін заң жобалары мен басқа нормативті актілер даярлау үшін Үкіметке ұсыныстар әзірлеу, кінәсіз сотталған және саяси репрессияға ұшыраған, өмірі мен еркіндігі қиылған, психикалық мекемелерге мәжбүрлеп тоғытылған, елден еріксіз қуылған, саяси көзқарастарына, таптық, әлеуметтік, ұлттық, діни және тағы да басқа тиесіліктеріне қарай құқықтары мен еркіндіктері шектелген тұлғаларды ақтау үдерісін жүргізу мен ғылыми негіздеудің әдіснамасын анықтау, саяси қуғын-сүргін құрбандар категориясының толық тізімін жасақтау, саяси қуғын-сүргін құрбандарын, оның ішінде Қазақстанның еркіндігі, тәуелсіздігі мен территориялық тұтастығы үшін күресте ерлік көрсеткендердің есімдерін ұлықтау жөнінде мемлекеттік бағдарлама қабылдауды қамтамасыз ету, ақталғандардың құқықтарын қалпына келтіру жөніндегі арыз, шағымдарды қарастыру міндеті жүктелген.

Осынау зұлмат жылдары «үлкен террордың» зобалаңынан Қазақстанға КСРО-ның әр түкпірінен 5 миллионнан астам адам жер аударылса, еліміздің жүз мыңға жуық азаматы қуғын-сүргінге ұшырап, 20 мыңнан астамы атылды. Жазықсыз жазаланғандардың қатарында көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері, ұлт зиялылары бар еді. Оқу-білім, баспасөз бен басылымдар, әдебиет пен мәдениет, өнер аясынының, ғылым өрісінің аумағы «таптық қалыпқа» түсіп, тарылған тауқыметтің кезеңі 1937 жылдардың зұлматына құрбандық болған текті мәдениеттің өкілдері Ахмет Байтұрсынов пен Мұхтар Әуезов сынды ғұламалардың қатарында Құдайберген Жұбанов та бар.

Қазақ тіл білімінің негізін салушылардың бірі, көрнекті тілші ғалым, түркітанушы, әрі фольклор мен әдебиет зерттеушісі профессор Қ.Жұбанов филология ғылымында жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданының (бұрынғы атауы – Ақтөбе губерниясы, Темір уезі) тоғызыншы ауылы, Ақжар деген жерде 1899 жылы өмірге келген жас дарын жұлдыздай жарқ еткен отыз сегіз жыл ғұмырында бірнеше тілді меңгеріп, ғылымда өшпес ізін қалдырды. Тіл білімінің тарланы Қ.Қ.Жұбановтың лингвистикалық мұралары «қазақ тіл білімі ғана емес, сондай-ақ жалпы тіл білімінде де өз мәнін жоғалтқан жоқ».

Саяси қуғын-сүргін құрбаны болған жазықсыз Алаш қайраткерінің ақтық сөздерінен «ұлтжанды азамат деп – Ахмет Байтұрсыновты қадір тұтқандығын», «Кеңес өкіметінің билеп-төстеуімен ғасырлар бойғы қалыптасқан шаруашылық жүйесінің қолмен құртылғандығын», «асыра сілтеу саясатының ешқандай дұрыс қалыпқа түспейтіндей шектен шыққандығын», «қазақ ұлтын көзсіздікпен құртуға белсене араласқан Голощекиннің де қылмысын қолмен қойғандай әшкерелегендігін», «әділетті, ізгілікті заман туды деп әлемге жар салған» қазақ қоғамында аш-жалаңаш жетім балаларға дейін қырылып қалғандығын» ашына айтқан шындық аңғарылады.

Құдайберген Жұбановтың есімі өшкен жоқ. Бүгінде оныңатын иеленіп отырған оқу ордасы – Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті – еліміздегі жоғары білім беру жүйесінде өзіндік орны бар, уақыт талабына сай бәсекеге қабілетті білікті мамандар даярлайтын оқу орны. Сексен бес жылдық тарихында талай тағдырлы кезеңдердің, әлеуметтік-экономикалық өзгерістердің куәсі болды. Бүгінде заманауи инфрақұрылымы дамыған, халықаралық байланыстары нығайған университет әлемдік білім кеңістігінен өз орнын айқындап, еліміздегі көпсалалы жоғары оқу орындары арасында көшбасшылық межені сақтап келеді.

Оқу ордасы Алаш ардақтысының есімі берілген 1990 жылдан бері еліміздің білім және ғылым саласындағы биік міндеттердің абыроймен орындап келеді. Оқу ордасында бәсекеге қабілетті, ізгілікті, елге қажет патриот-маман даярлау үшін қажет ресурстар жеткілікті. Ең бастысы шыңдалған, тәжірибесі мол аға буын өкілдері мен талабы таудай қабілетті жастарды біріктірген адами капиталымыз бар. Алдымызда сан-салалы қызметімізді әлемдік білім беру стандарттарына сәйкестендіріп, озық университеттер қатарына ену, өңіріміздің қажетті мамандарға деген сұранысын өтеп, толысқан адами капиталымызды қара шаңырағымыздың материалдық базасының бай мүмкіндіктерімен кіріктіре білу мақсаты тұр.

Бұл міндетті абыроймен орындау – университет ұжымының сонау арманда кеткен арыстардың аманатын орындау деген сөз. Қазақ елі мемлекеттігін құрғаннан кейін бірнеше зардапты оқиғаларды бастан кешірді. Соның ішінде өткен ғасыр қорқынышты оқиғалардан тұрады. Сол жүз жылдықтың бірінші жартысындағы зобалаң құрбандарының мәңгілік мекені – Ақтөбе жеріндегі Түйетөбе мемориалы. Ақын, журналист Нұрлыбек Қалауовтың «Түйетөбе туралы толғау» атты өлеңінде зұлматты жылдардың өксігі сезіледі:

«Құбылаға бұрылып,
Құлайды бел,
Мына жайды байқай ма былайғы ел.
Бөленгенмен халықтық ықыласқа, Түйе төбе басында жылайды жел». Яғни, халық басына түскен осынау зұлмат зобалаңының қайғысынан жел де «жылайды» екен…

 

Мира Рашидқызы БАЛТЫМОВА,
Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік
университетінің бас ғылыми хатшысы,
Ақтөбе қалалық мәслихатының депутаты

/bilimdinews.kz/