Пятница, Апрель 19, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Ұрпақ үндестігінен туындаған ұлағат

Ұрпақ үндестігінен туындаған ұлағат

Туған жерім болған соң Алматы облысының аумағында талай мәрте сапарлап жүруге тура келді. Сол күре жолдың бо­йында мен аялдамай өтпейтін екі бекет бар. Ол жерге арнайы тоқтап, тағзым етіп өтуді  дағдылы қағидатқа айналдырғалы қашан?!

Соның біріншісі – Сарқант ауданына қарасты Қойлық ауылының мәдениет сарайының алдында белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, жазушы-журналист Кәкімжан Қазыбаевқа арналған ескерткіш. Екіншісі – сол ауылдан шыға берістегі Кәкімжан Қазыбаев ауылына бұрылатын жол айрығында тұрған «Мұхтар Арын кесенесі» деген белгі. Себебі, ел таныған екі тұлғаның да мен үшін орындары бөлек.

Ол кезде «Жас алаш» газе­тінде Құқық және қоғамдық пікір бөлімінің меңгерушісі қыз­­метінде жүрген едім. Сондай күн­дердің бірінде газеттің әр об­лыстағы мен­шікті тілшілері алқа жиналысына шақырылды. Оған белгілі журналист, газеттің сол кез­дегі Ақтөбе облысындағы мен­шікті тілшісі Қадыржан Забих та келген еді.

Жиналыс тамамдалған соң Қа­дыржан екеуміз жұмыс барысы бойын­ша ұзақ әңгімелестік. Және де аға-іні ретінде сыйластығымыз да жақсы болатын. Сөз арасында ол: «Беке, сіз Ақтөбе педагогика инс­титутының ректоры Мұхтар Арынды танисыз ба? Ол да Талдықорған жақтың жігіті ғой», деді. Мен жақсы танитынымды айттым. Сол кезде Мұхтар ағаның Ақтөбе облысында ұлттық мүдде мен ұлттық рух тұрғысында жасап жатқан игілікті істері жөнінде әң­гіменің тиегін ағытты десеңші. Шы­нымды айтсам, Мұхтар ағаны жақсы танысам да, басқа облыста жүріп, осыншама қыруар шаруа тындырып жүргенінен хабарым аз еді. Тек Кәкімжан ағаның бірде: «Мұхтар бауырым Ақтөбеде өте жақсы жұмыс істеп жатыр. Ел алдындағы беделі де күннен –күнге артып келеді» деген сөзін құлағым шалып қалғаны бар. Ал енді Қадыржанның әңгімесін зейін сала тыңдап отырып, жерлес ағамыз жөніндегі жанға жағымды сөздері көңілімді кәдімгідей мар­­қайтып тастады. Қадыржан әріп­тесім сөз соңында менің айтар ойымды дөп басқандай: «Мұхтар Арын аға жөнінде бір керемет мақала жазсам ба деген ойым бар», деді. Мен қуана қоштадым.

Көп ұзамай «Жас алаш» га­зетінің айқара бетін ала (5 жел­тоқ­сан, 1992 жыл) «Нар қазақ» деген портреттік эссе жарқ ете түсті.

Осы орайда, айтар ойымыз орынды болуы үшін аталған ма­қаладан үзінді келтіре кет­кеніміз артық болмас деп ойлаймын: «Ол сонау сексен үштің жазында осындағы іргелі оқу ордасына басшы болып кел­ген сәтте-ақ, жан дүниесі құ­ла­зығандай күй кешкен. Ана тіліміздегі мектеп, бала-бақша­лардың адам ұялатындай сиректігі тұрмақ, айналасына үлгі-өнеге болар осы институттың өзін­де бір ғана факультетте қазақ бө­лімі болып еді-ау, сонда… Тіпті, ақсұңқар ақындар, үш алып – Сәкен, Ілияс, Бейімбеттердің 90 жылдық торқалы тойларын атап өте алмаған Мұхаңдар. Се­бебі институт кітапханасында хал­қымыздың ұлы перзенттерінің бір­де-бір шығармасы жоқ екен… Өл­шеусіз еңбекпен, там-тұмдап жалғасқан істің бүгінгі нәтижесі де кісі сүйсінерліктей. Қара шаңы­рақтағы он сегіз факультеттің бә­рін­де қазақ бөлімдері ашылды…» деп жалғаса береді.

Аталған мақаланың шығуы мемлекеттік тіліміз тұғырына қона алмай, елімізде ұлтшылдық пен ұлтсыздық мәселелері төңірегінде кертартпа әңгімелердің көбейіп, саяси ахуал тұрақсызданып тұрған уақтымен тұспа-тұс келді. Сон­дықтан да материалдағы ұлы тұл­ғаларымызды ұлықтауға, ұлттық рух­қа және мемлекеттік тілге бай­ланысты Мұхтар ағаның жасап жатқан патриоттық істері сана­сында саңылау бар адамдардың санасына серпіліс берді, талай жылдар бойы қордаланып қал­ған біраз сеңді жібітті. Осы орайда Мұх­тар Ғалиұлының ұлт мүд­десі тұрғысындағы жасаған батыл қадамын тіл майданындағы жан­кештілік деп бағалағандар да болды. Олай дейтініміз, Мұх­тар Ғалиұлы ұлттық мүддеге, мем­лекеттік тілдің өркендеуіне байланысты қозғалысты еліміз егемендік алмай тұрып-ақ бастап кеткен болатын.

Мұхтар Арын жайлы әңгі­ме қозғағанда тағы да осыдан он жеті жыл бұрын жарық көр­ген мына мақалаға тоқтала кет­кенді жөн көрдім. Атап айтсам, «Жас алаш» газетінің 2004 жыл­ғы 2 қарашадағы санында белгілі журналист Баян Сәрсен­би­наның «Арынсыз Ақтөбе» ат­ты мақа­ласы шыққан болатын. Ай­қайлап тұрған тақырыбынан-ақ қан­дай мазмұнда екенін бірден тү­сіндім. Мақаладағы шыңғырған шындықты оқығанда жүрегім мұздап сала берді. Онда былай деп жазылыпты: «Сырттай қарағанда, бұлайша кесіп айтуымыз түсінік­сіз көрінер. Алайда соңғы кездері Ақ­төбенің рухани өмірін­де­ жал­тақ тіршілік, жағымсыз сөз,­ мән­сіз әңгіме, нәтижесіз іс бе­лең алып бара жатқанда, ел-­жұрт қажетсінетін тұлға ту­­ралы ерік­сіз ойға берілесің. «Ақтөбенің кие­сі – Мұхтар Арын екен, ол кет­кен соң осы өңірдің рухани өмірі мүлде құлдырады», деді Ал­матыдағы ерекше сыйлайтын әріптес ағайымыз. «Мұхтар арын тірі болғанда «Мәдени мұра» бағдарламасының шеңберінде қыруар жұмыс атқарып тастайтын еді», дейді мәдени саланы басқарып отырған шенеуніктердің ісіне күйінген ақтөбелік ғалым ақсақал. Айтылған пікірлердің ақи­қаттылығында дау жоқ. Ақ­төбенің рухы әлсіреп тұр. Рухани саланы рухы төмен шенеуніктер басқарған соң да жұрт наразы… Арын кеткелі Ақтөбеден өрген, жан-жақта жүрген зиялы қауым ата-жұртына қайырыла соққан жоқ. Тахауи Ахтановтың мерейтойына арнайы келген зиялылар Ақтөбеге жетпей, Мұғалжар ауданынан Алматыға тікелей қайтып жатты. Әзірбайжан Мәмбетов те аялдай алмады. Әбдіжәміл Нүрпейісовтің алдынан шығатын адам табылмады. Тізе берсек, жерге қараймыз. Санай бас­тасақ, есебіне жете алмаймыз. Соқ­­паймын дегендері емес, зия­лыны бағалайтын, мәдениеттің пар­қын білетін басшы болмаған соң, қабылдауға құлықсыздықты көр­ген соң, кідірген жоқ…»

Иә, «Ақиқатын айтпаса, сөздің атасы өледі» деген емес пе. Тілші шырылдаған шындықты айтып отыр. Аталған мақаладағы жан айқайды оқып болған кезде ойы­ма ұлы жазушымыз Ғабиден Мұстафиннің: «Біз осы уақытқа дейін ұлтшылдықпен күресіп келдік. Енді ұлтсыздықпен кү­ресуіміз керек», деген дана сөзі оралды. Және де осы мақала шық­қан кезде еліміздің егемендік ал­ғанына 13 жыл толған еді. «Сон­да біздің ұлттық рухымыз әлі оянбаған ба? Әр облыстың би­лігінде мынандай адамдар жүретін болса, ертеңіміз не болады? Сонда бір облыста мәдениетпен, тілмен, ішкі саясатпен айналысатын қаптаған басқарманың басшылары немен айналысып жүр?» деген сауалдар санамды жаулап алды. Шынымен де солай. Былай ойлап қарасаң, бір облыстың ұлт­тық мүдде мен ұлттық құн­дылықтарға байланысты жұмыс­тарымен жалғыз Мұхтар Ғалиұлы ғана айналысқан сияқты көрінеді. Қалай дегенмен де осы мақаладан кейін ғана ақтөбелік шенеуніктер ұйқысынан оянып, айтылған сыннан тиісті қорытынды шығара бас­тады. Себебі аталған мақала зиялы қауым арасында үлкен талқыға түсіп, біраз дабыра болғаны әлі есімде. Сол мақаланың авторы Баян Сәрсенбина – қазіргі уақытта Ақтөбе облыстық мәслихатының депутаты. Мұхтар ағасының жо­лын қуып, өзінің қаламымен және қарымымен ұлттық мүддеге қыз­мет етіп жүрген жайы бар.

Мұхтар Ға­ли­ұлы тұла бойы тұнған елі­міздің нағыз патриоты бол­­ғанында дау жоқ. 1990 жы­лы Жо­ғарғы Кеңестің депутаты­ бо­­­лып сайланған кезде үлкен мін­­берлерден ұлттық мүддеге бай­ланысты өз ойын ашық айтып, мемлекеттік тіліміздің мәр­тебесін Конституциямызға ен­гізуге күш салған, Президенттің аты­­на арнайы хат жазған санау­лы депутаттарымыздың бірі болып саналады. Ал енді біздің кейіпкерімізді терең танығысы келген адам Мұқаңның «Бес аны­ғын» оқу керек деп ойлаймын. Аталмыш кітапта автор бес анықты тілмен, дінмен, дәс­түр­мен, тарихпен және атамекенмен сабақтастырады. Кітапты оқу арқылы нағыз ұлтжанды аза­маттың, білімді тұлғаның және іс­­кер басшының образын көре ала­сыз.

Сонымен қатар Мұқаң 1991 жылы «Ұлт тағдыры тәлкекке көн­бейді» атты республикалық «Қазақ тілі» қоғамының аймақтық пленумында жасаған баяндамасында: «Ал қазақ, мешеу боп қа­лам демесең, тағылымыңды, бесігіңді түзе. Өз тіліңді өзекке теппей, балаңды қазақша бала-бақ­шалар мен мектептерге бер. Беретін күнің туды, заманның беті түзелді… 1990 жылы облыс бойынша балабақшаларда
52 500 бөбек тәрбиеленсе, соның таза қазақ тіліндегі балабақшаға барғаны 6-ақ мың болды. Қазақ мектептерінің нәр алатын бұлақ көздері осылай суалды. Мұның әдейі жасалуы да мүмкін деп ойлаймын. Тілдің тамырына балта шабу саясаты соңғы жылдарға дейін ешбір шіміркпестен, жер­гі­лікті халықтан қысылмастан жүр­­гізіліп келді…», деп шындықты шы­ңыраудан шығарып тұрып айт­ты. Мұқаңның аталған баян­дамасының жаңғырығы сол жылдары Ақтөбе облысында ғана емес, республика аумағында да үлкен серпіліс туғызды. Ел мүд­десі тұрғысында осындай шын­дықты айта тұрып, өзінің Жо­ғарғы Кеңестің депутаттық мандаты мен ректорлық мансабынан да қорыққан жоқ. Мұндай батырлық екінің бірінің қолынан келе бермейтінін ашық мойындауымыз керек.

Мұхаң Ақ­төбе өңірінде дү­ниеге келген ба­тырлар – Есет Кө­кі­ұлының, Есет Көтібардың, оқымысты ға­лым Құдайберген Жұбановтың, ком­позитор Қазан­ғаптың, мем­лекеттік қайраткер Ұзақбай Құ­лымбетовтің мерейтойларын ұйымдастыруға да белсене ат салысты. Заман тоқырап, қар­жылық қиындықтар туындап жат­са да, қолға алған мәселесін ая­­ғына дейін жеткізуге тырыс­ты. Барлық ұйымдастыру ша­раларының басы-қасында өзі жүрді. Талдықорған жерінің тумасы болса да, жершілдікке бой алдырмады. Жергілікті кадрлармен ғана жұмыс істеді. Ақтөбе өңіріндегі аттары ұмытыла бас­таған ұлы тұлғалармен елін қай­та қауыштырды. Кейбіреуінің кесенесін тұрғызу мен әулие жерлерге экспедиция жасау жағын да өзі ұйымдастырды. Ақтөбеліктер Мұхтар Ғалиұлын әлі күнге дейін сол үшін құрметтейді. Сондықтан да Мұхтар аға қайтыс болған соң халықтың үлкен қошеметінің нәтижесінде қайраткер-ғалымның атына қаладағы Қ.Жұбанов атын­дағы университеттің бас оқу кор­пусының, мектептің және көше аттарын берді. Сонымен қатар тал­дықорғандық жерлестері де аза­матының атын мәңгілікке қал­дыру жолында қарап қалған жоқ. Атап айтсақ, Талдықорған қа­ласында бір мектептің аты, туған жері Бақалы ауылында көше аты беріліп, мәдениет үйінің алдында ескерткіші тұрғызылды.

Мұхтар Арын ағамыздың өт­кен өмір жолына көз жүгіртер болсақ, құрыштың қалай шынық­қанымен пара-пар тағдырдың куәсі боласың. Бір жарым жасында әке­сінен, он бірге қараған шағын­да шешесінен айырылған бозбаланы тағдыр маңдайынан сипаған жоқ.  «Халық жауының баласы» деген ауыр сөз­дер де талай жыл еңсесін кө­тертпеді. Сенетін ешкімі жоқ бол­ғандықтан оны өмір ерте есейтті. Буыны қатпаған балалық шағында тәл­тіреңдеп қапшық арқалап, со­ғыс сергелдеңін де көппен бірге кө­тере білді. Өз бетінше тырмыс­ты, талпынды. Сөйтіп жүріп ел сыйлайтын азамат дәрежесіне көтерілді. Алайда 59 жыл ғана ғұ­мыр кешті. Себебі балалық шақта қатты жа­раланған жүрек ер жеткен соң да талай қысастықты көрді, та­лай ауырлықты көтерді. Тіпті ұлы Абайдың 150 жылдық мерейтойы қарсаңында Ақтөбеден баратын делегация құрамына Мұқаңдай азаматты кіргізбеген жағдайдың да орын алғаны бар. Сонда Ақтөбеде ұлы Абайды ха­лыққа терең танытып, насиха­тын жасаған адамның бірі және бірегейі Мұқаң бола тұрып, жер­гілікті шенеуніктердің сондай пен­дешілікке барғанын айтудың өзі ұят. Мұқаңның ұлы Абайды ұлық­тағаны сонша, өзінің бауырына басып тәрбиелеген алғашқы немересіне Абай есімін беріп, «Атыңды Абай қойдым тәуекел деп» жазған өлеңі мен «Абай та­ғылымы: ұлы ақынды қалай танып, білеміз?» атты ғылыми ма­қалаларының өзі неге тұрады?!

«Жақсының аты өл­мейді, ға­лымның хаты өлмейді» дегендей, Мұхтар аға ілімі талай жүректерді маздатып, талай қазақтың бойына өшпес рух сіңіріп кетті. Сондықтан да бүгінгі кейіпкеріміз жайлы айты­лар әңгіме тізбегі мұнымен тоқ­тамасы хақ. Себебі артында қал­дырған мұрасын қадірлейтін, игі істерін бағалайтын халқы мен шәкірттері бар. Сонымен қатар артында әке жолын, әке мұратын жалғастыра білетін саналы ұрпақ та қалдыра білді. Өзі жасай алмай кеткен кейбір дүниелерді балаларына аманат етті. Енді соған тоқталайық.

Мұхтар ағаның балала­ры­ Ерлан және Нұрланмен әр­дайым ағалы-інілі сыйластықта жү­ремін. «Тектіден текті туар» дегендей»­ екеуінің де бойына әке­ге тарт­қан тектілік пен пара­сат­тылық, білімділік пен білгірлік және ұлт­жандылық ұя салған. Бү­гінгі күні екеуі де ел танитын азамат­тар. Ерлан экономика ғы­лым­да­рының докторы, профес­сор болса, Нұрлан медицина ғы­лым­дарының докторы, профессор. Былайша айт­қанда, бір үйде үш профессор. Олар мамандық жа­ғынан әке жолын қумаса да, адам­гершілік және азаматтық қа­сиеттерін бойларына сіңіре білді. Атап айтсақ, Нұрлан білікті хирург ретінде талай мәрте әкесі қызмет жасаған Ақтөбе облысы мен кіндік қаны тамған Ал­маты облысының Сарқант ауданына барып, аудан тұрғындарына тегін ота жасады. Қазіргі уақытта Нұрекең – медицина саласындағы аты ауызға іліккен таңдаулы хи­рург­тарымыздың бірі. «Дарын» Мемлекеттік сыйлығының лау­реаты. «Сарқант ауданының құр­метті азаматы». Тіпті өз басым коро­навирус дертіне шалдығып, жа­ным қиналып жатқанда осы тығырықтан шығарып алған дәрі­герімнің бірі осы Нұрекең бо­латын. Таяуда Нұрлан екеуміз тағы да кездесіп қалдық. Сөз арасында: «Биыл Құдай қаласа, әкеміздің 85 жылдығы. Сондықтан да мерейтой алдында еліміздің облыс­тарын аралап, халыққа тегін ме­дициналық қызмет көрсетуді жос­парлап отырмын. Диагнозы қиын адамдарға ота да жасаймын. Рамазан айындағы ниетімді Алла тағала қабыл етіп, әкемнің аруағы риза болса болды» деді. Міне, ұяда не көрсе, ұшқанда соны ілетін ұл осындай болса керек.

Ал енді Ерлан Мұхтарұлы екеу­міз­дің ағалық-інілік сыйлас­тығымыздың орны тіпті бөлек. Маған өмір жолында талай аға­лық ақылын айтып, туған бауы­рындай қамқорлық көрсетті. Аға ретінде көп нәрсе үйрендім. Кереку өңірінде Мәш­һүр-Жү­сіп Көпейұлының кесе­несін тұр­ғызып, жиырма томдық шы­ғармалар жинағымен халқын та­быстырған да осы Ерекең болатын. Сонымен қатар «Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы», «Сұлтанмахмұт Торайғыров» энциклопедияларын шығарды. Бұған қоса Кереку өңірінде Исабек Ишан хазіретке, Жандарбек әулиеге, Қайса ха­зіретке, Уахит Тіленшіұлына ке­­сене тұрғызды. Осы орайда, мы­на бір оқиғаны ерекше айта кеткенді жөн көрдім. 1998 жылы Ерекең оқу министрінің бірінші орынбасары кезінде қабылдауына барған едім. Әңгіме арасында он томдық «Қазақтар» деген жинақ шығарғалы жатқанын айтты. Он томдықты екі күнге қарап шы­ғуға сұрап алдым. Түнімен ерінбей шолып шықтым. Қарасам, ішін­де есімдері елге танымал 4-5 адам кірмей қалыпты. Ертесіне Ерекеңе келдім де, өз ойымды айт­тым. Ол үлкен лауазымына қарамастан, сөзімді құптай кетті де, кітапты дайындап жатқан адам­дарға ұмыт қалған есімдерді қосу жөнінде тапсырма берді. Осы орайда руханиятқа, ұлттық игілікке немқұрайды қарайтын адам болса, «Онда тұрған еш­теңе жоқ. Жасалып қойған дү­ние­ні қайта бұзамыз ба?» деп жылы жаба салуы сөзсіз еді. Бұл әрине, Ерекеңнің әке тәлімі ар­қылы қанына сіңіп, қаперінен шығармайтын әдеби мұраға деген үлкен жауапкершілігі екені сөзсіз.

Сөз соңында Мұхтар Ғалиұлы­ның жалпы біздің әулетімізге жа­саған азаматтығы жөнінде де ай­та кеткенді жөн санадым. 1990 жылдың жаз айы еді. Кәкімжан Қазыбаев нағашымның қайтыс бол­ғанына бір жылға да тол­маған уақыт болатын. Ал Кәкім­жан ағаның жолдасы, есімі рес­публикаға белгілі қаламгер-ұстаз Орынша Қарабалина жеңгем бол­са, ауыр қайғыдан есін жинап, енді ғана өз-өзіне келе бастаған кез. Сондай күндердің бірінде аға­мыздың туған жері – Сарқант ауданының Бақалы совхозына жолға жиналдық. Мақсатымыз – Кәкімжан ағаны мәңгілік есте қалдыру шараларын ойлас­тыру болатын. Шынымды айтсам, іштей жүрексіндім. Ағамыздың көзі тірісінде жалтақтаған талай­лардың сырт айналып кеткендігін көргендіктен бе, көңілімде бір кү­дік тұрды. «Облыс, аудан басшылары қалай қарайды екен?» деген секемім де жоқ емес. Менің осы ойымды сезгендей Орынша тәтем: «Бізді ауылдан Мұхтар Арын ағаң тосып алады. Кеше ғана өзі хабарласты» деді. Бұл кезде Мұхтар ағаның Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне депутаттыққа сай­ланып, республика бойынша беделінің шарықтап тұрған кезі болатын.

Көп ұзамай жолға шықтық. Ауылға кіре беріс жерден Мұх­тар аға мен жолдасы Райхан тәте, ұлы Нұрлан және ауыл бас­­­­шы­лары тосып алды. Бұлай болады деп күтпеген Орынша тәтем­нің көңілі жадырап сала берді. Дереу халықпен кездесу өт­кізілді. Жиналған көпшілік Кә­кім­жан ағаны мәңгілік есте қал­дыру мәселесіне байланысты ниетімізді құптап, еш қарсылық білдірмеді. Тіпті, ауылдың кейбір ақсақалдары: «Осы ауылға Кәкім­жанның есімін берейік десек, сен­дер ғой созып жүрген…», деп совхоз директорына тарпа бас сал­ғаны бар емес пе. Мәселе ушығып кете жаздады. Сол кезде көпті көрген, көп оқыған Мұхтар ағаның парасатты сөзі мен сарабдал дип­ло­матиясы бар нәрсенің тігісін жат­қызып жіберді. Халық­тың пейіліне риза болған Орынша тәтем де жүректегі сөзін айтып, жер­­лестерімізге аналық алғысын білдірді.

Сөйтіп, Кәкімжан ағаның кін­дік қаны тамып, аяғының ізі қалған ауылға барған сапарымыз оңынан болды. Көңіліміз ор­нына түсіп, еркін тыныстап қалдық. Ауылдағы халықпен кез­десу аяқталған соң шешем мар­құм Мұхтар ағаға рахметін айтып, дастарқанға шақырды. «Кәкімжаным жоқ болса да, өзіңді Кәкенімнің көзіндей көремін, айналайын. Сондықтан да біздің қарашаңырағымыздан дәм татып, балаларыма батаңды беріп шық», деді. Мұхтар аға қарсы болған жоқ. Ұзақ отырып, салиқалы әңгімелер айтты. Ата жолымен батасын берді. Сол сәтте өз басым біздің шаңыраққа кие келгендей әсерде болғаным рас. Кейіннен кезіндегі «Бақалы» совхозының бөлімшесі саналатын «Ағарту» ауы­лының аты Кәкімжан Қазы­баев болып өзгерді. Сонымен қатар Бақалы орта мектебіне, Қойлық ауылындағы мәдениет сарайына Кәкімжан ағаның есі­мі берілді. Алайда араға алты жыл салып, яғни 1996 жылы «Кәкім­жан Қазыбай» ауылының жотасында Мұхтар ағаның кесе­несі мен Бақалы мәдениет клу­бының алдында ескерткіші тұрады деп ойламаппын. Бұның бәрі өз топырағынан шыққан тұл­ғала­ры­на деген халықтың құрметі әрине.

Осылайша, балалық шақтарын бірге өткізіп, бір ауылдың ауасымен тыныстаған екі азаматтың бі­реуіне туған жердің топырағы бұйырса, екіншісінің есімі туған жерінің атауына бұйырды. Өкі­ніш­ке қарай, 2019 жылы Мұхтар ағамыздың жолдасы Райхан апайы­мыз да фәни жалғанның есігін жауып, Мұхтар ағаның жанынан мәңгілік мекенін тапты. Ол кісінінің жүзінен нұры шашып тұ­ратын өте мейірімді адам еді. Көрген жерде: «Хал жақсы ма, Бекен, айналайын, Есейген сайын Кәкімжан ағаңнан аумай ба­ра­сың» деп мерейімді көтеріп қоя­тын еді. Осы орайда, 2016 жылы Талдықорған қаласында өнегелі ұрпақ тәрбиелеген Райхан апай­дың құрметіне «Анаға тағзым» атты үлкен бір салтанатты шара өтке­нін де айта кеткеніміз артық болмас.

Иә, Арындар әулетіне те­реңнен көз жібере қарасаң, керемет бір ұқсастықтың және ірі болмыстың куәсі боласың. Бір шаңырақтан үш тұлға, үш қай­раткер, үш профессордың шығуы да тегін емес. Аталары – Арын болса, ұрпақтары – дарын иесі атанды. Үшеуінің бойы­на да ұлт­тық рух ұя салған. Үшеуі де елдің ертеңіне, ұлттың мүддесіне қалт­қысыз қызмет ете білді. Бәлкім, тектілік теоремасы немесе ұрпақ үндестігі дегеніміз осындай болатын шығар.

 

Бекен Нұрахметов,

кеден қызметінің полковнигі,

Қазақстан Журналистер одағы С.Бердіқұлов атындағы сыйлығының лауреаты

/egemen.kz/