Среда, Апрель 24, 2024
Басты > Жаңалықтар > Ғалым есімі жаңғыртылды

Ғалым есімі жаңғыртылды

Қазақ ғылымы мен әдебиетінде өзіндік орны бар белгілі қоғам қайраткері, әрі ғалым, ағартушы ұстаз Мұхтар Арынның есімін ақтөбелік жерлестері жадынан шығармақ емес.

Қоғам және мемлекет қайраткері, саналы ғұмырында рухани ізгі істердің көшбасынан тұлғалық қасиетімен көрінген Мұхтар Арынды Жұбанов университеті мақтан тұтады. Дүниеден озғанына ширек ғасырға жуық уақыт өтсе де, оның  ой-толғамдары ел ортасында әлі күнге дейін айтылып келеді. Өміршең сөздері кейінгі жастарға өшпес өнеге. Алаш үшін атқарған абыройлы істері қазіргі қоғам үшін айнымас темірқазық.

Жұбанов университетінде профессор Мұхтар Арынның 85 жылдығына арналған «Арын оқулары» республикалық ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылды.  Туған халқын шынайы жүрегімен, ықылас-ниетімен жақсы көріп, соңында хаты қалған ғалымның есімі қайта жаңғырған күні оның шарапаты, тәрбиесі мен тәлімі туралы жүрекжарды лебіздер ақтарылды. Дәстүрлі шара профессор Мұхтар Арын туралы ойларды зерделеу, одан әрі ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуді жалғастыру мақсатында өткізіліп отыр.

Тағылымды жиынды кіріспе сөзімен ашқан университеттің академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Бибігүл Абенова Мұхтар Арынның  оқу орнына басшылық еткен жылдарында жасаған еңбектеріне жіті тоқталып, әр салаға қосқан өлшеусіз үлесін ерекше атап өтті.

— Мұхтар Ғалиұлы Арынның өмірінің ең бір жарқын да сәулелі тұстары Ақтөбе педагогикалық институтымен байланысты. Осы жылдары педагог мамандар даярлайтын оқу орнының беделі көтеріліп, іргелі білім ордасына айналуында оның үлесі зор болды. Педагогикалық кадрларды дайындау үшін барлық жағдайлар жасалып, заман талабына сай материалдық-техникалық база жасақтала бастады. Оқу-тәрбие саласындағы бүгінгі және ертеңгі өзекті мәселелерді зерттеуге мүмкіндік беретін жағдайлар күн тәртібінде ерекше назарда тұрды.

Институт ғалымдары мен студенттері облыс, қала көлеміндегі көптеген тағылымды мәдени-көпшілік шаралардың белсенді жанашырлары, қатысушылары болды. Ғұлама ұстаздың ұшқыр ойы мен тындырымды тәжірибесінен туындаған көрегендігін бүгінгі білім мен тәрбие беру ісінің көкейкесті мәселелерінен көруге болады.

Олай болса, бүгін өз жұмысын бастағалы отырған Республикалық ғылыми-практикалық конференцияда осындай тағылымды ғылыми мәселелер өз жалғасын тауып, қазіргі ғылыми қауымдастықты толғантып отырған осындай мәселелер одан әрі зерделенеді деп сенеміз. Сіздермен ой бөлісу, пікір алмасу нәтижесінде заманауи білім мен тәрбие беру мәселелері жөнінде құнды деректер мен тұжырымдар туындары сөзсіз.

Құрметті конференцияға қатысушылар! Сіздерге шығармашылық табыс, жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін! ,- деді Б.Абенова.

Мұнан соң педагогика факультетінің деканы Жанна Жусупова Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің, Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалиннің құттықтау лебіздерін көпшілікке жеткізді. Сондай-ақ, конференцияда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік  хатшысы Қырымбек Көшербаевтың, ҚР ЖОО Ректорлар кеңесінің төрағасы, Л.Н.Гумелев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры, профессор Ерлан Сыдықовтың,  «Семей қаласының Шәкәрім атындағы университеті  КеАҚ Басқарма төрағасы-Ректор  Бауыржан Ердембековтің жолдаған құттықтау хаттары мен жеделхаттары оқылды.

Мұхтар Арын қазақтан шыққан тұңғыш лингвист-ғалым Құдайберген Жұбановтың есімін педагогикалық институтқа беруді ұсынған тұлға, Жетісу өңірінің төл перзенті. 1995 жылдың 10 қыркүйегінде Ақтөбе педагогикалық институтының ректоры қызметінде жүріп, жүрегі тоқтаған ғалымның денесі туған жерінің топырағына тапсырылған еді. Әкесі Арын Ақсу, Қапал, Бөрлітөбе аудандарындағы оқу-ағарту салаларына басшылық еткен,  37-нің нәубетіне ілігіп, “Халық жауы” деген жаланың құрбаны болған. Анасы Қанипадан   10 жасында айырылған ол әкесінің ағасы Ғалидың бауырында өседі. Мектептен соң Алматы мемлекеттік педагогикалық шет тілдер институтын үздік бітірген жас оқытушылық қызметте қалып, іргелі оқу орнының ректорына дейін көтеріледі. Қоғам жұмысына белсене, білек сыбана араласа жүріп егемен еліміздің тұңғыш Парламентінің депутаты болып сайланады.

Мұхтар Арын ең алдымен ғалым еді. Өзінің негізгі мамандығы филология (оның ішінде германистика) болса да өз бетімен ізденіп, басқа салаларды да оқып-түйіп, тіл мен тарих, философия мен дін, өнер мен әдебиет мәселелеріне қатысты тың пікірлер айтып, батыл болжамдар жасап, соңына мол мұра қалдырды. Белгілі ғалым кеңестік кезеңде жабылып қалған қазақ мектептерін ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында қайта ашылуына, жер-су атауларының қазақша аталуына үлесін қосты. Сондай-ақ, ол тарих қойнауында қалған арыстар мен абыздардың еңбектерін зерттеп, оны жарыққа шығаруда тер төкті. Баға жетпес бес рухани байлыққа «Бес анық» деп ат қойып, айдар тағыпты ұлағатты ұстаз.

Конференцияда  Мұхтар Арынның өмірі мен шығармашылығы, ағартушылығы, қоғамдық қызметі Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, профессор Әмірхан Рахымжановтың,  Қоғам қайраткері, белгілі ғалым, академик Ғарифолла Есімнің,  «Арыс» қоры баспасының директоры, профессор Ғарифолла Әнестің, философия ғылымдарының кандидаты, доцент Абылай Мұхамбетжановтың баяндамаларында жан-жақты көрініс тапты.

Ғылыми шараға қатысқан  философия ғылымдарының докторы, профессор Амангелді Айталының сөзі үзеңгілес ағасына деген қимастық сезімге толы болды. Ол ғалымның Ақтөбеде өткізген 12 жыл ішінде өзі басқарған институт, облыс мектептері, “Қазақ тілі” қоғамы аясында атқарған қыруар істерін, қажыр-қайратын тұжырымдап, саралап берді. Өз кезегінде  ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Сейіт Қасқабасов ғалымның қайраткерлік қырына тоқталса, Мұхтар Арынның ұлы Ерлан Мұхтарұлының тебіреністі лебізі жиналғандарды толқытпай қойған жоқ.

Тағылымды жиынға қатысқан  зиялы қауым өкілдері мен ардагер-ұстаздар қазақ ғылымы мен әдебиетінде өзіндік орны бар белгілі қоғам қайраткері, ағартушы ұстаздың көпке үлгі боларлық істерін әңгімелеп, Мұхтар Ғалиұлының есімі мәңгі өшпейтінін тілге тиек етті.

Университеттің педагогика факультеті ұйымдастырған онлайн шараға Мұхтар Арынның  туған-туыстары, балалары және ғалыммен қызметтес болған замандастары, қоғам қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдері, оқу орнының профессорлық-оқытушылық құрамы қатысты.

Конференция жұмысы одан әрі «М.Арынның педагогикалық және лингвистикалық мұралары», «Ұлттық руханият кеңістігі: М.Арынның тәрбие тұжырымдамасындағы «Бес анық» тақырыбындағы секциялармен жалғасты.