Суббота, Апрель 20, 2024
Басты > Жаңалықтар > Ұлылар мекеніне саяхат

Ұлылар мекеніне саяхат

Жұбанов университетінің «Жұбановтану» ғылыми-зерттеу орталығының ғылыми қызметкерлері Жайнар Сатбай және Камила Жантлеуова  «Жұбановтан — Абайға» атты ғылыми-танымдық экспедициясы аясында Семей өңірінде болды.

«Жұбановтан – Абайға» танымдық экспедициясының басты мақсаты –»Абай шығармаларының көпфункционалды Web-қосымшасын жобалау және құру» жобасын іске асыру.

Зерттеу тобының мүшелері алғашқы күні жоба жетекшісі, Шәкәрім университетінің Басқарма төрағасы, профессор Бауыржан Ердембековтің қабылдауында болып, жоба бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды талқылады.

Іссапар барысында жас ғалымдар Жұбанов университеті мен «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейі арасындағы меморандум аясында Абай мұраларына қатысты сақталған мәліметтер қорымен жұмыс жасап, музейдің баспа өнімдерімен танысты. Аталған мұражайда ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойы қарсаңында ғылыми-мәдени кешенді, әрі жүйелі жұмыстар жүргізіліп, әр зал қазіргі заман талабына сай цифрлық үлгіде жасақталған.

Сондай-ақ,  Халықаралық музейлер күні аясында ұйымдастырылған «Сүйер ұлың болса, сен сүй…» атты Абайдың ақын шәкірттеріне арналған көрменің салтанатты ашылуына қатысып, университеттің «Қарагөз» жастар театрының «Мазасыз маусым» қойылымының премьерасын тамашалады.

Біз экспедиция аясында ұлы ойшылдың өмірі мен шығармашылығына қатысы бар бірқатар тарихи орындарға барып қайттық. Сапар соңында Шәкәрім университетінің басшылығымен Бөрілідегі М.Әуезовтің музей-үйін және Жидебайдағы Абайдың әдеби-мемориалдық музейін аралап және ұлы ақынның өміріне қатысты тарихи орындармен таныстық. Бұл ретте, ұлы ақынның кіндік қаны тамған жер – Сырт Қасқабұлақ та назардан тыс қалған жоқ.  Алған әсеріміз ерекше. Бізді барлық нысанның технологиялық құралдармен қамтамасыз етілуі қуантты, — дейді жас ғалымдар.