Среда, Апрель 24, 2024
Басты > Жаңалықтар > Басқарма төрағасының құттықтауы

Басқарма төрағасының құттықтауы

Қымбатты өнер ардагерлері мен қайраткерлері, шығармашылық одақ өкілдері!

Елбасы – Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 2013 жылғы 22 қарашадағы Жарлығымен 21 мамыр – Мәдениет және өнер қызметкерлерінің күні болып бекітілген еді. Анығында, бұл күн шалқар шабыт пен шынайы шығармашылықтың жалауы желбіреген айтулы датаға айналды. Еліміздегі кәсіби мерекелердің қатарынан ойып тұрып орын алды.

Бұл — халқымыздың бай мәдени мұрасы мен руханиятының дамуына үлес қосып келе жатқан азаматтарды жұдырықтай жұмылдыратын мерейлі күн.

Бұл — қалам сертін қалтқысыз атқарып жүрген ақын-жазушының, өнер мен тарих тағылымымен таныстыратын музей қызметкерінің, білім бұлағымен сусындатуда көмегін аямайтын кітапханашының, мазмұнды қойылыммен көрерменге ізгілік нәрін сыйлайтын театр және опера әртісінің, өңірлерлердегі мәдениет ошақтарында қызмет етіп жүрген өзге де мамандардың еңбегін елеп, алғыс айтатын кəсіби мереке.

Бүгінде технологияның ілгерілеп, кешегі ақпараттың мән-маңызы бәсеңсігеніне қарамастан, рухани жауһарларымыз бен мәдени құндылықтарымызды мәйек етіп қана әлемдік қауымдастық алдында егемен еліміздің абыройын үстем ете аламыз.

Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен — Мәдениет және өнер қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Осы орайда жауапты қызметтің қазанында қайнап жүрген Сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, табандылық пен толайым табыс тілеймін! Шалқар шабыттың шырағы сөнбесін! Еңбектерініз жана бергей!
Кәсіби мерекелеріңіз құтты болсын!

Құрметпен,
Жұбанов университеті ректорының міндетін атқарушы,

профессор Рахым БЕКНАЗАРОВ