Пятница, Март 29, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Бес анықты айқындаған…

Бес анықты айқындаған…

Белгілі қоғам қайраткері, ғалым Мұхтар Арынның дүниеден озғанына ширек ғасырдан астам уақыт өтті. Алайда оның ел болашағы үшін атқарған істері ешқашан ұмытылмай, өшпес өнеге болып, ұрпақ жадында жаңғыра бермек.

Жуырда Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде профессор Мұхтар Арынның 85 жылдық мерейтойына арналған «Арын оқулары» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті.

Университеттің академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Бибігүл Әбенова

конференцияның ашылуына орай сөйлеген кіріспе сөзінде:

— Мұхтар Арынның өмірінің ең бір жарқын да сәулелі тұсы — Ақтөбе педагогикалық институтына басшылық еткен жылдары. Ол институттың республикадағы ең іргелі білім ордаларының біріне айналуына зор үлес қосты. Педагогикалық кадрларды дайындау үшін барлық жағдайлар жасалып, заман талабына сай материалдық-техникалық база жасақталды.

Институт ғалымдары мен студенттері облыс, қала көлеміндегі көптеген тағылымды мәдени-көпшілік шаралардың белсенді жанашыры, ұйымдастырушысы болды. Ғұлама ұстаздың ұшқыр ойы мен тындырымды тәжірибесінен туындаған көрегендігін бүгінгі білім мен тәрбие беру ісінің көкейкесті мәселелерінен көруге болады, — деп атап өтті.

Мұхтар Арын — оқу орнына қазақтан шыққан тұңғыш лингвист-ғалым Құдайберген Жұбановтың есімін беруді ұсынған тұлға. Мамандығына сай игерген саласы — филологиямен (оның ішінде германистика) ғана шектелмей, ғылымның басқа да салалары бойынша тынымсыз ізденіп, тарих, философия, дін, өнер мен әдебиет мәселелеріне қатысты тың пікірлер, батыл болжамдар айтып, соңына мол мұра қалдырды. Белгілі ғалым кеңестік кезеңде жабылып қалған қазақ мектептерінің қайта ашылуына, жер-судың тарихи атауларын қайтару ісіне зор үлесін қосты. Сондай-ақ ол тарих қойнауында қалған арыстар мен абыздар еңбектерін зерттеп, жарыққа шығару ісіне көп атсалысты.

Конференцияда Мұхтар Арынның өмірі мен шығармашылығы, ағартушылығы, қоғамдық қызметі Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, профессор Әмірхан Рахымжановтың,  қоғам қайраткері, белгілі ғалым, академик Ғарифолла Есімнің, «Арыс» баспасының директоры, профессор Ғарифолла Әнестің, философия ғылымдарының кандидаты, доцент Абылай Мұхамбетжановтың баяндамаларында жан-жақты талқыланды.

Әсіресе, философия ғылымдарының докторы, профессор Амангелді Айталы ғалымның Ақтөбеде өткізген 12 жыл ішінде өзі басқарған институт қабырғасында, жалпы, білім саласында, сондай-ақ «Қазақ тілі» қоғамы аясында атқарған қыруар ісіне тоқталып, солардың жемісін бүгінгі буын да көріп отырғанын тебіреніспен баяндады. Жиналғандарды Мұхтар Арынның ұлы Ерлан Мұхтарұлының лебізі де ерекше толқытты. Жиында ақтөбелік зиялы қауым өкілдері мен ардагер ұстаздар естеліктер айтты.

Университеттің педагогика факультеті ұйымдастырған онлайн шараға Мұхтар Арынның  туған-туыстары, балалары және әріптестері, қоғам қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдері, оқу орнының профессорлық-оқытушылық құрамы қатысты.

Конференция жұмысы одан әрі «М.Арынның педагогикалық және лингвистикалық мұралары», «Ұлттық руханият кеңістігі: М.Арынның тәрбие тұжырымдамасындағы «Бес анық» тақырыбындағы секциялармен жалғасты.

 

Қ.БОЛЫСОВ

/aqtobegazeti.kz/