Вторник, Апрель 23, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Жоғары білім: Бәсекеге қабілеттілікке баулу міндетіміз

Жоғары білім: Бәсекеге қабілеттілікке баулу міндетіміз

Қай мемлекеттің болмасын оның өркениетті дамуы қоғамдық сана түрлерінің заман талабына сай жетіліп, өрісін кеңейтіп отыруымен тығыз байланысты. Қоғамдық сана түрлерінің дамуы дегенде ел мәдениетінің негізін, қоғамның әлеуметтік құрылымын қалыптастырып отыратын, дүниетанымдық, әлеуметтік танымдық қызметке ие дүниелерді айтамыз. Бұлар қоғамды біріктіріп отыратын, мемлекеттің дамуын қамтамасыз ететін негізгі құндылықтар. Осы құндылықтардың елдің өркениетті дамуының қозғаушы күшіне айналуы мемлекет пен халықты, әсіресе жеке адамды мемлекетімен біріктіріп отыруында. Кез келген адам өзінің рухани қалыптасуында осы құндылықтарды жетік меңгеруі арқылы мемлекет азаматына айналып отыратындығы белгілі. Демек, барлық қоғамдық сана формаларының (тіл, тарих, дін, мәдениет, білім, ғылым, экономика, саясат және т.б. ) негізінде, әсіресе оның қызметін жетілдіруде негізгі құрал әрі құндылық бұл білім. Тарихты да, мәдениетті де, дінді де, экономика мен саясат, құқықтық сананы осы білімді жетілдіру арқылы жүзеге асыратындығы ақиқат. Осыған орай әл-Фараби, «тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы» дейді. Сонымен қатар ойшылдың «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары» еңбегінде мемлекетіне қызмет ететін адамда он екі қасиет болуы керек, оның бірі өнер-білімге құштарлық деген. Бұған қарап қай заманда болмасын, білімнің әлеуметтік танымдық негізі, жалпыға ортақ құндылықтардың бірі, үнемі өзінің мәртебесін сақтап отыратын ерекше дүние екендігін ұғыну қиын емес. Қазақтың әлеуметтік танымында да білімді осы қырынан түсінген, ұрпаққа насихаттап отырған. Асанқайғы «Ғылымым жұрттан асты деп, кеңессіз сөз бастама!» — дейді өзінің рухани мұраларында.

Білім қоғам игілігіне айналуы керек. Жаңа ұрпақ буын тәрбие мен сапалы білім берудің жалпыға ортақ игілік екендігін түсінуі керек. Абай айтқан, «Ғылым таппай мақтанба, орын таппай баптанба» ұғымының мәні де осы мемлекетті өркениетке бастайтын игілік идеясына келіп тіреледі. Абайдың білім, өнер мен ғылым туралы даналығының өмірлік қағидаға, ұлттық идея форуласына айналуы қоғам үшін маңызды. Бұны айтып отырған себебім, мемлекетіміздің тәуелсіздікті нығайту жолындағы қоғам алдына жүктеп отырған міндеттерінің бірі ғылыми ортаға, білім беру институттарына алдыменен осы тәжірибені зерделеуді (ескеріп отыруды) жүктейді.

Әсіресе, қазіргі әлемде орын алып отырған мәселелер, технология түрлерінің жедел түрде дамуы кез келген мемлекетке үлкен міндеттерді жүктеуде. Қоғам уақыт талабына сай ілгерілеу үшін экономика, ғылым дамуы тиіс. Ғылымды да, экономиканы да дамытатын мәдениет, мәдени игіліктер. Яғни өндіріске жаңа дүниелерді енгізуде бәсекеге қабілетті мамандар қажет. Бұның жүзеге асуына мұрындық болатын университет, мектеп. Университетке жүктелетін міндет жастардың бойында азаматтық мәдениетті қалыптастыру, білім мен тәрбиенің рөлін күшейту. Осыған орай университетіміздің негізгі миссиясы, «Ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген білікті маман мен «кемел тұлғаны» қалыптастыру» болып табылады. Жастардың азаматтық мәдениетін күшейтуде тұлғалардың идеялары насихатталуы тиіс. Бәрімізге белгілі Құдайберген Жұбанов ұлттық мүдде жолында қазақ ғылымының дамуына өлшеусіз үлес қосқан зиялылардың бірі. Оның көптеген еңбектері сол кездегі солақай саясаттың салдарынан қасақана жойылып кеткенімен, бүгінгі біздің қолымызға түсіп отырған дүниелері өркениеттілік жолындағы алаш зиялыларының ұсынған идеяларды негіздейді.

Тарихи таным, қазақ зиялыларының тағылымы негізінде қарайтын болсақ, қазақ халқының ұлттық идеясында мемлекетті дамыту, тәуелсіздікті нығайтудың берік жолы ұлттық құндылықтарды тегістей пайдалана отырып, ғылымды дамытуға қол жеткізу бар. Білім, өнер мен ғылым қазақ мәдениетінде ерте кезде қалыптасқан. Тарихымызда әлемге әйгілі қалалардың да болғандығы белгілі. Ел топырағынан шыққан ірі ғалымдар осы өскен ортаның мәдениетінің арқасында, әлемдік өркениетте мәдениетінің қолтаңбасын қалдырды. Бұған қарап бүгінгі мемлекетімізде өркениеттілікке бағытталған ел саясатын түсіну қиын емес. Ескерілетін нәрсе, әр заманның жетістігі мен қатар кемшілігі де қатар жүреді. Осы жетістігі мен қайшылығы қатар жүретін уақытта сын-қатерлерге қоғам болып төтеп беру міндет, әр азаматтың борышы.

Әр азамат дегенде ол адамды қоғам алдына тәрбиелеп шығатын ата-ананың, ортаның үйретер өнегесі бірінші кезекте көзге түседі. Яғни, мектеп қабырғасынан шыққан бала, білімнің өмірлік маңызы зор дүние екенін ұғынуы тиіс. Әрине, бұл жөнінде түрлі салада аз айтылып жүрген жоқ. Еліміздің «Қазақстан – 2050» Стратегиясында «Біздің басты мақсатымыз – 2050 жылға қарай мықты мемлекет, дамыған экономикалық және жалпыға ортақ еңбектің негізінде берекелі қоғам құру» деп көрсетілген. Шыныменде бұл бүгінгі уақыт талабына сай ұсынылып отырған берік ұстаным. Шоқан Уәлиханов жазғандай, ел өркениетке қол жеткізу үшін ең әуелі азаттық пен білім керек. Тәуелсіздік бар, енді ғылымды дамыту қажет. Стратегияда ұсынылып отырған берекелі қоғам бұл өркениетті қоғам. Қоғамдық сана түрлерін жетілдіре алған қоғамды берекелі қоғам дейміз. Бұл толығымен жүзеге асуы үшін мемлекетқана емес, оның кез келген адамы атсалысуы керек.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен құрылған Стратегияда, белгіленген жаһандық сын-қатерлер әлемде орын алуда. Қазіргі пандемияның өзі адамзат қоғамына, мемлекеттерге үлкен салмақ түсіруде. Адамзат өмірі өзгеру үстінде. Бұның барлығы айналып келкенде қоғамнан бірғана нәрсені талап етеді. Ол білімге, еңбеккке үлкен жауапкершілікпен қарау. Университет не істеуі қажет? Осыдан біраз уақыт бұрын Елбасы Н.Ә.Назарбаев өзінің Жолдауларында атап көрсеткендей, әлемде қоғамның дамуынан бұрын мамандықтар өзгеру үсінде. Қазіргі технология білім беру жүйесіне тікелей әсер етуде. Уақыттың жаңа мамандықтарды қажет етуі заңдылық. Бұл дамуға ілесудің төте жолы.  Негізгі мәселе жаһандық сын-қатерлердің қоғамға тигізер  зардабына тосқауыл болу үшін жаңа нәрселер қажет.

Еліміздегі жоғары білім беру жүйесінде өзіндік орны бар, уақыт талабына сай бәсекеге қабілетті білікті мамандар даярлайтын Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік  университеті ғылым мен білімді, өндірісті ұштастыруға баса мән береді. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін аталған білім ордасы әлеуметтік серіктестік аясында осы өңірдегі кәсіпорындармен, ұйымдармен  тығыз байланыс орнатып, жұмыстар атқаруда. Соңғы жылдарда сұранысқа байланысты дуалдық оқыту жүйесін енгізу және өндірістік практика өткізу мақсатында отызға жуық Қытай компанияларымен меморандум жасалды.  230 өндірістік кәсіпорындармен байланыс орнатылды, университет кафедраларының жүз жиырмадан астам филиалдар ашылып, негізгі пәндер кәсіпорын базаларында жүргізілуде. Мәселен, «Казхром» ТҰК, «КазТрансОйл» АҚ, «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ, «Kaspi Bank» АҚ және тағы басқа да мекемелермен, акционерлік қоғамдармен, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктермен өзара келісім жасап, көзделген шараларды іске асыруда. Мәселен, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті мен «КазТрансОйл» АҚ Ақтөбе мұнай құбыры басқармасы арасында күндізгі бөлім студенттерінің ақылы кәсіби практикасын ұйымдастыру мен өткізу мақсатында жасалған келісімге сай техникалық факультеттің 3 курс студенттері үшін ақылы өндірістік практикадан өту кезеңі ресми түрде ашылды.  Ақылы негізде ұйымдастырылатын кәсіби практика жазғы кезеңде жүзеге асырылып, онда білім бағдарламаларының 20 студенті іріктелініп алынады.

Соңғы жылдары білім ордасында  профессор-оқытушылық құрам «Жұбанов – ғалымдар ордасы» жобасы ауқымында жұмысқа қабылданған 100-ден астам жас буын PhD мен магистрлер есебінен жаңартылды. Бүгінде Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік  университетінде  79 бакалавриат, 42 магистратура және 6 докторантура мамандықтары бойынша мамандар даярланады, диссертациялық кеңестер жұмыс жасайды. Облысымыздағы шағын жинақталған мектептерге мамандар қажеттілігі ескеріліп қосарланған мамандықтар бойынша мұғалімдер даярлануда, жұмыс берушілердің ұсыныстары негізінде білім бағдарламаларына жаңа білім траекториялары енгізіліп, университетішілік қосдипломды білім беру, «Білім» бағыты мамандықтары бойынша көп тілде оқыту жүзеге асырылуда.Мұнда облыстық, қалалық білім беру басқармаларымен, мектептермен, аудан әкімдерімен бірлесіп жұмыс жасалып жатыр.

Дуалдық оқыту кәсіпорындар үшін  нақты мамандар даярлауға берілген мүмкіндік, сол арқылы болашақ маманның барлық талаптарға сай дайындалуы қамтамасыз етіледі, жұмысшыларды іздеуге, таңдауға, қайта оқыту және бейімдеу жұмыстарына кететін шығындар үнемделеді. Мұндай тәсіл бітіруші түлектерді еңбекке ынталандырады. Жаңа келген жас маман бірден қажыр-қайратпен жұмыс істеп кете алады, өйткені олар кәсіпорын тынысын жақсы біледі әрі бәрі таныс болғандықтан, өзін еркін сезінеді. Мұның барлығы қосыла келе, мамандарды орнықтырып, тұрақсыздықты азайтуға көмектеседі, мұның өндіріс үшін маңызы көп. Мамандарды даярлауға қатысу еңбек нарығында жұмыс беруші кәсіпорынның беделіне оң ықпал етеді. Сонымен қатар кәсіпорында таңдау құқығы болады, өндіріс орнында білім беруді ұйымдастыруды немесе ұйымдастырмауды өзі шешеді.

Бүгінгі жастардың өзі қалаған белгілі бір мамандықты оқып, игеріп, алған теориялық білімдері мен тәжірибесін кәсібіне сай дұрыс пайдалануға үйрету, осы негізде олардың кәсіби өсуі мен мансабына ықпал етіп, жағдай жасау орта оқу орындарының негізгі міндеті болып табылады. Бұл оқу орындарының барлық салаларына жаңа талап, жаңа міндет, жаңа мақсаттар жүктейді. Осыған орай білім беру жүйесінде де оқытушыларға қойылатын талаптар жоғары.

Еңбек нарығы жаңа тәртіп ережелері негізінде университет түлектерінің бәсекеге қабілеттілігін қалыптастыруға көбірек көңіл бөлуді қажет етеді. Бұған тек таланттарымыздың дамуы мен маман ретінде қалыптасуы ғана емес, сонымен қатар еліміздің болашағы да байланысты. Бітіруші таланттардың еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігі бүгінгі күні білім беру мен кадр саясаты саласындағы маңызды мәселелердің бірі болып отыр.  Қазіргі кезде кәсіпорындар мен ұйымдар үшін мамандар даярлау процесінде жоғары оқу орындары мен жұмыс берушілердің өзара байланысуы үлкен маңызға ие. Сонымен қатар университетте модульдік білім беру бағдарламаларын жасақтау жұмысы 2020 жылдың қараша айында басталды. Алдымен барлық бітіртуші кафедралар жұмыс берушілерді қатыстыра отырып, білім бағдарламаларының мазмұнын талқылайды. Жұмыс берушілер тарапынан түлектерге құзыреттіліктер қалыптастыруды көздейтін элективті пәндер ұсынылады. Кафедра ұжымы жұмыс берушілердің ұсыныстарын ескере отырып, модульдік білім беру бағдарламасын әзірледі. Кафедрада әзірленген модульдік білім беру бағдарламасы  факультеттегі Академиялық комитеттер тарапынан тексеріліп, Сапаны қамтамасыз ету жөніндегі комиссияларға жолданады. Комиссия модульдік білім бағдарламасының мазмұнын қарап, сараптама жасайды.  Білім бағдарламаларын бағалау орталығының қызметкерлері әзірленген модульдік білім беру бағдарламаларының дұрыс рәсімделуін, нормативті талаптарға сәйкес келуін тексерді.

Нәтижесінде 2021-2025 жылдарға  арналған 69 модульдік білім бағдарламасы, соның ішінде 8 жаңа және инновациялық білім бағдарламасы жасақталды. Жасақтауға 108 мекеме мен ұйым өкілдері қатысты, жұмыс берушілер тарапынан 104 пән енгізілді. Модульдік білім беру бағдарламасын жасақтау кезінде «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы дайындаған 143 кәсіби стандарт басшылыққа алынды.

Бәсекеге қабілетті маманды қалыптастыру ісінде оқу және өндiрiстiк тәжiрибелердің маңызы зор. Яғни болашақ мамандарды дайындауда оқу процесін өндіріспен ұштастыру басты мәселе. Ал заман талабына сай сұранысы бар, бәсекеге қабілетті маман даярлау – біздің міндетіміз. Өйткені бүгінгі студент – ертеңгі білікті маман. Нағыз кәсіби мамандар даярлау үшін педагог үнемі ізденіс үстінде болуы керек.

Бәсекеге қабілетті, білімді әрі тәжірибесі мол мамандарды даярлауға қажет ресурстар университетімізде жеткілікті. Кез-келген жас маман өзі таңдап алған кәсібінің қыр-сырын ғана емес, сол саладағы жаңа технологияларды, жаңаша ойлауды, белгілі ортаға икемді қарым-қатынастарды қалыптастыруды үйреніп, заман талабына сай қолдана білсе, бәсекеге қабілетті болары сөзсіз.

Сонымен жас ұрпаққа мән-мағыналы, өнегелі тәрбие мен білім беру – бүгінгі күннің басты талабы. Әрбір өскелең ұрпақ жеке қабілетіне және кәсіби біліміне сай қоғамымызда өз орнын табуы қажет. Ендігі кезекте тәрбие мазмұны мен жастарды тәрбиелеу барысында олардың дүниетанымын қалыптастыру және ақпараттық-саяси мәдениетін көтеруге баса көңіл аударуға тиіспіз. Елімізде қазақ жастарының тәуелсіз елдің айқын мақсаттарымен жігерленіп, тек қана алға ұмтылуына жағдай жасау біздің міндетіміз деп айтқым келеді.

 

Рахым БЕКНАЗАРОВ,

 Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің

Басқарма төрағасы-Ректорының міндетін атқарушы

 

/bilimdinews.kz/