Суббота, Апрель 20, 2024
Басты > Жаңалықтар > Ректор кубогын иеленді

Ректор кубогын иеленді

Жуырда  Жұбанов университетінде «Zhubanov volleyball league» студенттік клубының ұйымдастыруымен  «Rector’s CUP-2021» турнирі ұйымдастырылған болатын.  Турнирге 4  команда қатысты.

Дәстүрлі іс-шараның мақсаты жастардың  спортқа деген ынта-жігерін қолдау мен отандық волейболдың маңыздылығын арттыруға бағытталды.

Салтанатты шарада сөз сөйлеген университет ректорының міндетін атқарушы, профессор Рахым Бекназаров  өскелең ұрпақтың дене шынықтырумен, оның ішінде волейболмен айналысуы — салауатты өмір салтын жүргізуге, өмірлік биік жеңістерге жұмылдыратындығын жеткізді. Сонымен қатар, жастардың студенттік өмірлерінде елеулі ықпал ету үшін университет тарапынан қолға алынған бастамалардың ерекше орын алатындығын айқындап өтті.

Турнирдің нәтижесінде, экономика және құқық факультетінің 1 курс студенті Атамұрат Рысбаев «Үздік ойыншы»  атанса, «Үздік шабуылшы» номинациясы Жоғары колледждің  4 курс студенті Нұрсұлтан Жұмағалиевке бұйырды. Сондай-ақ, жарыста Жоғары колледждің  4 курс студенті Нұртуған Адиловке «Үздік үйлестірушісі» номинациясы және жаратылыстану факультетінің  «Үздік қорғаушы» номинациясы Абзал Бурабайға табысталды.

Ал жарыстан суырылып шыққан физика-математика факультетінің «Физ-Мат» командасы үшінші орынды иеленсе, екінші орынға жаратылыстану факультеті мен экономика және құқық факультетінің «DanJam» командасы орнықты.

Турнирдің жалпы қорытындысы бойынша, финалда үздік есептік көрсеткіштермен Жоғары колледждің «Alash» командасы университет Ректорының кубогын жеңіп алды.

Қатысушы жастарға университет тарапынан арнайы дипломдар және бағалы сыйлықтар табысталды.