Пятница, Апрель 19, 2024
Басты > Жаңалықтар > Қазақстандағы ашаршылық пен қуғын-сүргін: тарихы мен тағлымы

Қазақстандағы ашаршылық пен қуғын-сүргін: тарихы мен тағлымы

Бүгін Жұбанов университетінің «Мәңгілік Ел» залында «Қазақстандағы ашаршылық пен қуғын-сүргін: тарихы мен тағлымы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.  Аталған шара  Ақтөбе облысының ішкі саясат басқармасының қолдауымен ұйымдастырылды.

Жиынның мақсаты  — 1920-30 жылдардағы Қазақстан же­рінде болған ашаршылықты, саяси қуғын-сүргін құрбандарын, олардың тарихын, ұлт зиялыларының ел мүддесі үшін күресін, сол кезеңдегі тарихи шындықты зерделеу, зұл­мат жылдар оқиғаларының зардаптарына талқылау болды.

Конференция аясында зұлмат жылдарға арналған кітаптар көрмесі ұйымдастырылып, көрмеде  алаштықтардың кітаптары мен оларды зерттеушілердің еңбектері ел назарына ұсынылды.

Конференция жұмысын  басқарма төрағасы  Рахым Бекназаров ашып, жүргізіп отырды. Шарада алғаш сөз алған Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова  атаулы күннің тарихи маңызына тоқталып, жиынға қатысушыларға  өңір басшысының  құттықтауын жеткізді.

Конференцияға белгілі тарихшылар, сая­сат­танушылар, қоғамдық ұйым өкілдері, профессор-оқытушылар қатысты.

Өз кезегінде философия ғылымдарының докторы, профессоры Амангелді Айталы 31 мамыр – саяси-қуғын сүргін және ашарлық құрбандарын еске алу күніне байланысты бірқатар маңызды мәселелерді ортаға салып, нәубет жылдарға байланысты тарихи деректерді алға тартты.

Сонымен қатар жиын барысында өзге де тарихшы ғалымдар — Талас Омарбеков «Қазақстандағы ұжымдастыру кезеңіндегі саяси қуғын-сүргін», Светлана Смағұлова «ХХ ғ. Қазақстандағы ашаршылықтар: себептері мен қасіреті», Гүлжахан Орда «Көкше Кемеңгерұлының әдеби мұрасы», Құралай Сәрсембина «Саяси қуғын-сүргінге ұшыраған әйелдер (1925-1938 жж.)»,  Дәулет Әбенов «Қазақстандағы ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы саяси процестер мен қайшылықтар», Ұзақбай Исмағұлов «Кеңестік қуғын-сүргін: себебі, жүрісі, қорытындылары» деген тақырыптарда баяндама жасап, Кеңестік саясаттағы қайшылықтар, ашаршылықтың себебі, салдары мен зардабы туралы  кеңінен талқылады.

Шара соңында қатысушылар өз ойлары мен ұсыныстарын жеткізді.

 

 P.S.  Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың 2020 жылғы 24 қарашадағы №456 «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы» Жарлығын орындау мақсатында Ақтөбе облысы әкімдігі 2021 жылғы 6  қаңтарда №2 «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мәселелері жөніндегі өңірлік комиссия құру туралы» қаулы қабылдады. Өңірлік комиссия ережесі мен жұмыс жоспары бекітілді.

Бүгінгі күнге өңірлік комиссияның 2 отырысы, комиссияаралық жұмыс тобының 2 отырысы өткізілді.

 Комиссия құрамына тиісті мемлекеттік органдардың өкілдері, ғалымдар, өлкетанушылар, қоғамдық ұйым өкілдері мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері енді. Комиссия құрамы 13 адамнан 25 мүшеге дейін толықтырылды.

Комиссия құрамына философия ғылымдарының докторы, профессор Амангелді Айталы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Рахым Бекназаров, тарих ғылымдарының докторы Гүлбану Ізбасарова, тарих ғылымдарының кандидаты Асылбек Мәден, Қазақстан өлкетанушылар одағының облыстық филиалының төрағасы Бекарыстан Мырзабай, сондай-ақ комиссия жанындағы жұмыс тобының құрамына Жұбанов университетінің магистранттары мен аспиранттары енді. 

Қазіргі уақытта өңірлік комиссия мүшелері Ақтөбе облысының мұрағаттарында ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуде.