Пятница, Март 29, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > «Қателіктерді қайталамау үшін өткеннің шежіресін зерделеу қажет»

«Қателіктерді қайталамау үшін өткеннің шежіресін зерделеу қажет»

Кеңес өкіметі орнаған кезінен бастап-ақ саяси қарсыластарын және «тап жаулары» деген желеумен үстем тап өкілдерін жаппай қудалауға кірісті. Жергілікті ұлттардың мүддесін қорғап белсенділік танытқан, әсіресе ұлттық автономия құру идеясын көтерген азаматтар да бірден-ақ Кеңес өкіметінің қырына ілікті, оларды «ұлтшылдар», «жат пиғылдылар», «әлеуметтік қауіпті элементтер» ретінде айыптап, қалың бұқарадан неғұрлым алыстатуға тырысты.

Тіпті тұтас халықтар мен этникалық топ өкілдері атамекендерінен қуылып, жер аударылды. Саяси жүйенің қыспағынан революциядан соң іле-шала және Азамат соғысы кезінде, сондай-ақ 20-30 жылдардағы күштеп ұжымдастыру тұсында миллиондаған адамдар өз жерін, өз үйін тастап, шетелге көшуге мәжбүр болды. Олардың қатарында Қытай, Иран, Ауғанстан секілді елдерді бетке алып, шекара асып кеткен, сонымен бірге өзбек, башқұрт, тәжік, т.б. көрші халықтардың арасына барып сіңген қазақтар да бар. Сондықтан Қазақстандағы саяси қуғын-сүргіннің тарихын бүкіл КСРО ауқымындағы оқиғалармен сабақтастықта қарау қажет.

Өткен тарих ешқашан ұмытылмауы, жан-жақты зерделенуі керек. Тарихтан тәлім үйрену, сабақ алу келешек үшін маңызды. Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Жадымызда жатталсын, татулық дәйім сақталсын!» атты мақаласында: «…өткенімізді тұтас күйінде, ешқандай боямасыз, қоспасыз, қаз-қалпында қабылдағанымыз ләзім. Ал өткен жылдар шежіресін үнемі әрі бұрмалаусыз зерделеп отырудың жөні бөлек. Мұның өзі өткендегі тәжірибенің жақсысынан үйрену үшін, ескі қателіктерді қаулата бермес үшін, жаманнан жирену үшін қажет», — деді. Түрлі архив қорларында қатталып, шаң басып жатқан деректерді, өткен күндердің шындығын жарыққа шығарып, халыққа жеткізу — уақыт талабы.

Құрбандар саны да нақтыланған жоқ

ХХ ғасырда КСРО халықтарына зор қасірет әкелген, сан мыңдаған адамдарды тағдыр тәлкегіне ұшыратқан қуғын-сүргіннің барысы мен зардаптары — әлі де тереңірек зерттеуді, талдауды, сараптауларды қажет ететін мәселе.

Саяси қуғын-сүргіннің құрбанына айналған адамдардың санын да әлі нақты анықтау қажет. Бастапқы зерттеулердің қорытындысы бойынша ХХ ғасырдың 30-50 жылдарында Ақтөбе өңірінен қуғын-сүргінге ұшыраған 7000-ға тарта адамның дерегі анықталған еді. Осы деректердің өзінен-ақ НКВД назарынан бірде-бір ауданның, ауылдың не кәсіпорынның сырт қалмағанын аңғарамыз. Ал Ақтөбе қаласы, Шалқар, Ырғыз және Табын аудандары контрреволюцияшыл, ұлтшыл, панисламистік, пантюркистік қозғалыстардың біздің облыстағы орталықтары саналды. Сондықтан осы аталған өңірлерден қамауға алынғандардың арасында ең қатал жаза — ату жазасына кесілгендер көп болды.

Қолымыздағы ақталған 5024 адамның дерегі бойынша тарқатсақ: олардың 555-і, яғни 11 пайызы — Шалқар ауданынан, 465-і немесе 9,2 пайызы — Байғанин ауданынан, 388-і (7,7 пайыз) — Темір ауданынан, 320-сы (6,4 пайыз) — Ақтөбе қаласынан,  327-сі (6,5 пайыз) — Жарық ауданынан, 236-сы (4,7 пайыз) — Ырғыз ауданынан, 262-сі (5,2 пайыз) — Мәртөк ауданынан және т.б.

ҚР ҰҚК мұрағатынан алынған мәліметтерге сай, біздің облыс бойынша саяси қуғын-сүргіннен жапа шеккендердің 2366-сы немесе 45 пайызы — қазақтар. Қуғын-сүргін құрбандарын этностық құрамына қарай жіктесек, 1339-ы (25 пайыз) — орыс, 633-і (12,9 пайыз) — украин, 329-ы (6,2 пайыз) — неміс, 132-сі (2,4 пайыз) еврей екен, сондай-ақ, кәріс, татар, әзірбайжан, поляк, т.б. ұлттардың өкілдері бар. Қуғын-сүргіннің аласапыран жылдарында НКВД-ның қатаң бақылауымен біздің облысқа Ресейдің орталық қалаларынан «саяси сенімсіздер» ретінде — 3 мың орыс, Молдавиядан және Украинаның батыс бөлігінен — 5 мың адам, сондай-ақ 700 болгар, 6 мың шешен, мыңға жуық поляк, 1,5 мың неміс, 600-ден аса кәріс, 400 еврей және басқа ұлттардың өкілдері күштеп қоныстандырылды. Олардың басым бөлігі кейіннен түрлі жаламен қуғын-сүргінге ұшырады.

Облыста 30-жылдары қамауға алынғандардың 1789-ы немесе 36 пайызы ату жазасына кесілді. 122 адам 25 жылға сотталып, 45 адам арнайы қоныстарға жіберілді. Қуғын-сүргінге ұшырағандардың басым бөлігіне 10 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шықты. Облыс бойынша осындай үкіммен еңбек лагерлері мен түрмелерге жіберілген 3306 адамның дерегі бар. Олардың 70 пайызы түрмелер мен лагерьлердегі ауыр жағдайды денсаулығы көтермей, қайтыс болыпты. Қудалауға ұшырағандардың кейбіріне әу баста ату жазасы берілмегенімен, түрмеге барғаннан кейін атып тастаған. Ал үйіне қайтып оралғандар да көп жағдайда денсаулығы әбден әлсіреп, өте нашар халде келген. Олардың 60 пайызы оңала алмаған күйі, көп ұзамай өмірден өтті…

«Жаппай тазалау» науқанының зардаптары

1936-1937 жылдары ВКП (б)-ның жоғары өкімімен «партия қатарын тазалау» деген желеумен, партиялық кадрларды қудалау басталды. Бұл науқанға Ақтөбе облысынан 1070 адам ілікті, яғни олар алдымен партиядан қуылды. Олардың 392-сі — «ақгвардияшыл», 17-сі — «алашордашыл», 193-і — «тыңшы», тағы 14-і «троцкийшіл» және «зиновьевшіл» деп айыпталған. Бұлар — облыстағы барлық коммунистердің 21 пайызы.

Ұсталғандардың қатарында облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары Тел Жаманмұрынов та болды. Т.Жаманмұрынов Ырғызда туып-өскен. «Алашорда» партиясының қатарында болған. 1920 жылы амнистияға ілігіп, «Алаш» қозғалысының басқа да көптеген қайраткерлері сияқты большевиктер қатарына өтіп, кеңес құрылысына араласты. 1921-1929 жылдары ол Қазақ АКСР-інің Жер шаруашылығы халық комиссарының бірінші орынбасары болды. Кейіннен Ақтөбе облыстық жоспарлау комиссиясының төрағасы болған.

Тел Жаманмұрыновты 1937 жылы ұстап, «ұлтшыл», «троцкийшіл» деген айыптармен 1938 жылдың ақпанында ату жазасына кескен. ХХ ғасыр басында туған халқының жарқын болашағы жолында күрескен ұлт зиялыларының бірі, қазақтың асыл перзенті Тел Жаманмұрыновтың ғұмыры осылайша бар болғаны 40 жасында үзілді.

Жаппай саяси репрессияға айналған «партиялық тазалау» облыстық партия комитеті құрамына да өзгерістер әкелді. Мысалы, 1937 жылы өткен партияның ІІ облыстық конференциясында обкомның құрамына 49 адам сайланса, ал 1938 жылдың жазында өткен ІV облыстық конференцияда тек 6 адам ғана сайланды.

1937 жылы Шалқар аудандық партия ұйымынан 61 адам шығарылды. Ал Ключевой аудандық партия ұйымын «тексеру» қорытындысында осы ұйымға мүше 289 коммунистің 156-сы партиядан қуылған. Сондай-ақ Ойыл ауданында — 39, Табын ауданында — 27, Ырғызда 42 адам партиядан қуылды.

Партияның ізбасары — комсомол ұйымының мүшелері де қуғын-сүргіннен тыс қалған жоқ. №13 ауылдың комсоргі Әлімбаевқа «жаулардың тікелей агенті» деген жала жабылды, деректер бойынша оған қатысты күдік тудырған жайттың бірі — Құран оқитыны болған. №22 ауылда да комсомол Жұмағұлов «контрреволюциялық топтың мүшесі» болып «шыққан».

1937 жылдың мамырынан 1938 жылдың қаңтарына дейінгі аралықта Темір аудандық комсомол ұйымының қатарынан 82 комсомол қуылды. Аудандық комсомол комитетінің бюро жиналысында ғана 21 жас ЛКСМ қатарынан шығарылған. Шалқар, Ключевой және Ойыл аудандарында, Ақтөбе қаласында да осындай жағдайлар болды.

Тұңғыш лингвист-ғалымның тағдыры

Халықты жаппай сауаттандыру, озық мәдениетке, білімді жұрттардың қатарына қосу жолында тынбай еңбектеніп жүрген білім беру саласының қызметкерлері де сталиндік репрессияның құрбанына айналды. Темірбек Жүргенов, Құдайберген Жұбанов, Ұзақбай Құлымбетов секілді атақты тұлғалардың өзі кезінде мұғалім, халық ағарту саласында басшылық қызметтерде болған жандар екенін еске алсақ та жеткілікті.

Қазақтан шыққан тұңғыш лингвист-ғалым, түрколог Қ.Жұбанов 1925-1928 жылдары Ақтөбе губерниялық оқу-ағарту бөлімінде басшылық қызметте болды, сонымен бір мезгілде педагогикалық техникумда сабақ берді. Екі жауапты қызметті қатар атқара жүріп, ол бос уақыт тауып, өз білімін жетілдірді, газеттерге мақалалар жазып тұрды. 1937 жылдың 19 қарашасында, «халық жауы» деген жаламен ұсталған кезінде, Құдайберген Жұбанов ҚазПИ-де (қазіргі Абай атындағы Алматы мемлекеттік университеті) профессор, қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының меңгерушісі еді. Ол «троцкийшілдермен астыртын байланыста болды», «антикеңестік көтеріліс бастағысы келді» деген секілді негізсіз айыптармен ең қатал жазаға кесіліп, 1938 жылдың 25 ақпаны күні атылды. Бұл кезде Құдайберген Жұбанов бар болғаны 38 жаста еді…

Қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтардың арасында Ойыл ауданының Талтоғай–Ақшатау елді мекеніндегі «Қызыл мектептің» негізін қалаушы С.Меңдібаев, Новоалексеевка қазақ орта мектебінің директоры Қапан Ізтілеуовтер болды. Қапан Ізтілеуовтің атасы молда болған. Осының өзі-ақ сталиндік жендеттердің оның соңына түсуіне жеткілікті себеп еді.

«Халық жауы» ретінде айыпталған мектеп директорлары мен мұғалімдерді үйінен ғана емес, қызметте жүрген кезінде мектеп ғимаратынан да ұстап әкеткен. Жаппай қудалау, ұстап әкету халық арасында, соның ішінде балалар арасында да үлкен үрей туғызды. Мектептегі жиналыстарда балалар «жау» атанған әкелерінен бас тартуға мәжбүр болды, оларды құрбы-құрдастарының алдында пионер және комсомол ұйымдарынан шығарды. Олар жазықсыздан-жазықсыз «халық жауының баласы» деген жексұрын аттың ащы азабын тартты. Бұл ұзақ жылдарға, яғни ата-аналары толықтай ақталғанға дейін созылды.

Халқымыздың саяси репрессияға ұшыраған аяулы перзенттерінің бір бөлігі ХХ ғасырдың 50-жылдарының соңында ақталды. 1956 жылы өткен СОКП-ның ХХ съезінде сталиндік жеке басқа табынушылықтың айыпталуы оларды ақтауға жол ашты. Еліміздегі іргелі оқу орындарының бірі саналатын Ақтөбе өңірлік университетіне есімі берілген көрнекті ғалым Құдайберген Жұбанов 1957 жылы 3 қазанда ақталды.

Қисынсыз көп жала…

ХХ ғасырдың 20-50 жылдарындағы репрессиялар елді рухани-мәдени деңгейін көтеріп, материалдық байлығын жасайтын, ең дер шағындағы, яғни 20-50 жас аралығындағы және ең алдыңғы қатарлы азаматтарынан айырды. Ғасырлар бойы ел тізгінін ұстаған әулеттердің өкілдері, байлар, діни қайраткерлер және сол заманғы білім иесі — оқығандар ғана емес, ауылда өз шаруасын дөңгелетіп отырған қарапайым, момын адамдар да саяси қуғын-сүргіннің құрығынан аман қалмады. Бүкіл Кеңес Одағы бойынша миллиондаған адам тоталитаризмнің құрбанына  айналды. Тіпті әлі күнге дейін олардың саны да нақтыланбай отыр.

Жаппай қуғын-сүргін жылдарында қудаланғандарға сан қилы қисынсыз жала жабылды: қарапайым ауыл мұғалімі «ағылшын-жапон тыңшысына» айналды, енді бір қарапайым колхозшы сол «тыңшымен» байланысы үшін айыпталды. Қобда ауданының №9 ауылында ауылдық кеңестің төрағасы Ж.Жаманқұлов, хатшы Д.Сұлтанов, колхоз төрағасы Ә.Жәрмешов, бригадир Н.Аймырзаев, қатардағы колхозшылар Ш.Сарынов, А.Сүйінішәлиев осындай жалған айыптармен қудалауға ұшырады. Ақтөбе мұғалімдер институтының студенттері Шаяхметова, Қаракүшіков, Мусина, Алдоңғаров, Бисеналин, Өрбісіновтер «халық жауларының» жақыны болғаны үшін оқудан шығарылды.

Республикалық, өлкелік немесе облыстық НКВД басқармасы жанындағы «үштік», «әскери трибунал», т.б. жазалаушы органдарға зор билік берілді. «Үштіктің» құрамына НКВД басқармасының бастығы, обком хатшысы және облыс прокуроры енді. Егер «үштік» ату жазасын беру туралы үкім шығарса, ол сот тергеуінсіз орындалды. «Үштікке» мүше болғандардың көпшілігі кейіннен өздері де репрессияға ұшырады.

Жоғарыда айтқанымыздай, саяси қуғын-сүргін құрбандарының бір бөлігі 50-жылдардың соңында ақталды. Одан соң 80-жылдардағы бетбұрыс тұсында тарихтың көптеген «ақтаңдақтары» ашылды. ІІМ мен ҰҚК архивтеріндегі құпия құжаттар ішінара қолжетімді бола бастады. Сол жылдары «Әділет» тарихи-ағартушылық қоғамы белсенді қызмет атқарды. Осы тұста көптеген алаш қайраткерлері, қазақ зиялылары ақталды. 1993 жылы 14 сәуірде «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» ҚР Заңы қабылданды. Бұл заңда қандай саяси себеппен сотталған адамдардың ақтауға жататыны және ақтау тәртібі көрсетілді, заң еліміздің азаматтарына репрессия жылдарында жазықсыз қудаланған жақынына қатысты әділеттілікті қалпына келтіру үшін ізденуге мүмкіндік берді.

 

 Айнагүл EСПЕНБЕТОВА,

тарих ғылымдарының кандидаты,  Қ.Жұбанов атындағы

Ақтөбе өңірлік университетінің аға оқытушысы

 

/aqtobegazeti.kz/