Четверг, Апрель 25, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > «Өлгенімізді ғана айтпай, тірілгенімізді де айтайық»

«Өлгенімізді ғана айтпай, тірілгенімізді де айтайық»

«Біз «мың өліп, мың тірілген халықпыз» дейміз. Бірақ өлгенімізді ғана айта бермей, тірілгенімізді де айтайық. Мысалы, ХХ ғасырдың басындағы ауыртпалықтар — ұжымдастыру, байларды тап ретінде жою, 1932-1933 жылдардағы аштық, оған жалғасқан репрессиядан халқымыз айтып жеткізгісіз зардап шеккенмен, қайта ес жиды, еңсе көтерді. Соншама қуғын-сүргінге қарамастан, қазақ өзін ұлт ретінде сақтап қала алды. Біз осыны айтуымыз керек. Еті тірі, мықты, намысты халық болғандықтан да, бәрін жеңіп шыға алғанымызды айтуымыз керек. Жастардың санасына соны сіңіру керек».

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде өткен «Қазақстандағы ашаршылық пен қуғын-сүргін: тарихы мен тағылымы» атты республикалық ғылыми конференцияда сөйлеген сөзінде белгілі ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері Амангелді Айталы осылай деді.

31 мамыр — Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні қарсаңында ұйымдастырылған конференцияны облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова ашты. Облыс әкімінің орынбасары өз сөзінде тарихымыздың осы қасіретті кезеңін тереңірек зерттеп, оның сабақтарына үңілудің ерекше маңызды екенін атап өтті.

— Тарихи әділеттілікті қалпына келтіру мақсатымен 2020 жылдың 24 қарашасында Мемлекет басшысы «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы» Жарлыққа қол қойды. Соған сәйкес біздің облысымызда да өңірлік комиссия құрылды. Оның құрамында ғалымдар, өлкетанушылар, мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері бар, — деді ол.

Аталмыш өңірлік комиссия мүшелерінің қатары 13 адамнан 25 адамға көбейтілген, сондай-ақ зерттеу ісіне магистранттар, тарихшы мұғалімдер де тартылып отыр.

Сталиндік билік жүргізген репрессия салдарынан Ақтөбе өңірінен 7 мың адам Сібірге айдалған. Репрессия құрбандары өз «жазасын» өтеу үшін Қазақстанда да лагерлер ашылды. Солардың екеуі біздің облыс аумағында болды.

— Жазықсыз қуғын-сүргінге ұшырағандардың бір бөлігі әлі күнге дейін ақталған жоқ, ал зерттеу жұмыстарын бірер жылда бітіру мүмкін емес. Қоғамдық ұйымдар, зерттеушілер осы іске көптеп тартылуы керек, — деді Бұлбұл Елеусінова.

Өзінің сөзінде ол Ақтөбеде «Азаттықтың ақ таңы» атты мемориалдық кешен ашу жоспарланып отырғанын айтты. Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандары да  азаттық жолындағы құрбандар ретінде ұрпақтар жадында мәңгі қалмақ.

Бұдан кейінгі кіріспе сөз белгілі ғалым, философия ғылымдарының докторы, профессор Амангелді Айталыға берілді.

— Жаппай қуғын-сүргін және ашаршылық неден болды деген мәселе қозғалғанда, кейбір зерттеушілер белгілі бір тұлғалар тарапынан қателіктер кеткенін алға тартқысы келеді. Бұл дұрыс емес. Репрессия, халықтарды, халыққа жанашыр тұлғаларды қудалау, қырып-жою — тоталитарлық режимнің үйреншікті ісі. Оны жекелеген тұлғалардың қателігімен бүркемелеуге болмайды. Ол — тоталитарлық режимді ақтауға тырысудың белгісі. Сондықтан әділдікке жатпайды. Ол заманды зерттегенде, біз екі нәрсені басшылыққа алуымыз керек, біріншісі, әділдікті қалпына келтіруді көздеу болса, екіншісі — халқымыздың сол қиындықтарды да жеңе білгенін жеткізу, сол арқылы ұлт болашағына деген сенімді нығайту, — деді Амангелді Айталы.

Ал философия ғылымдарының докторы, профессор Алтай Тайжан жаппай қуғын-сүргін мен ашаршылықтың себеп-салдарларын, ұлтқа әкелген шығыны мен зардаптарын зерттеудің әлі де бір ізге қойылмай келе жатқанын, осы мәселелер төңірегінде зерттеулермен нақты айналысатын орталықтар ашып, бұл іске тек тарихшылар ғана емес, заңгерлер, философтар, әлеуметтанушылар да тартылуы керектігін атап айтты.

Конференция барысында онлайн режимінде Әбу Насыр әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Талас Омарбеков, Мұхтар Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор Гүлжан Орда, «Ғылым ордасы» РМК қызметкері, тарих ғылымдарының докторы, профессор Светлана Смағұлова, Лев Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Құралай Сәрсембина, т.б. ғалымдар баяндама жасады.

Тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің оқытушысы Ұзақбай Исмағұлов тарихи құжаттар мен дәйекті деректерді тілге тиек етті. Ол өз баяндамасында нақты мәліметтерді, архивтік құжаттарды санайғақтармен ортаға салды. Жиналғандар тарапынан бұл жоғары бағаланды.

Жалпы, сол дәуірдегі біріне-бірі ұласқан қуғын-сүргіндердің, 10 жыл сайын айналып келген ашаршылықтардың төңірегінде бүгінге дейін де көптеген пікір-тұжырымдар айтылды. Ғалымдардың бір бөлігі аштықты қуаңшылық, індет және жергілікті билік өкілдерінің «асыра сілтеуі» секілді жағдайлардың қат-қабат келуінен болған десе, екіншілері осының бәрін «қызыл» империяның билеушілері қазақ халқын біржола әлсірету мақсатымен әдейі ұйымдастырған дейді. Мысалы, тарихшылардың айтуынша, 1921-1922 жылдардағы аштық кезінде сырттан түрлі ұйымдардың, АҚШ, т.б. мемлекеттердің ашыққан халыққа жәрдем көрсетуіне мүмкіндік берілсе, 1932-1933 жылдары сырттан көмек ұйымдастыруға жол берілмей, керісінше, қазақтың ұлан-ғайыр жерінде — алып аумақта аштық болып жатқаны жөнінде жақ аштырмауға, ешкімге ол мәселені қозғатпауға тырысқан. Кейбір ғалымдар тіпті сол кездегі «қуаңшылық, егіннің шықпай қалуы» туралы архив құжаттарына да күдікпен қарайды. «Патша заманынан-ақ тыңшылықпен айналысқан көптеген «зерттеушілердің» жазбалары, өтірік «жазба құжаттар» арқылы тарихты бастан-аяқ бұрмалауға машықтанған отаршылдарға сенім аз» деп есептейді…

 

 Индира ӨТЕМІС

/aqtobegazeti.kz/