Четверг, Апрель 18, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > «Естеліктер өшпенділік отын қоздатпауы керек»

«Естеліктер өшпенділік отын қоздатпауы керек»

Ақтөбеде этномәдени бірлестіктер өкілдерінің қатысуымен «Ұлы нәубет: қасіреті мен тағылымы» атты дөңгелек үстел өтті.

31 мамыр — Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай ұйымдастырылған жиында жарты ғасырдай уақытты қамтып, КСРО аумағында өмір сүрген миллиондаған адамдардың тағдырын астан-кестең еткен саяси қуғын-сүргін мен ашаршылықтың себеп-салдарлары, оның сабағы, құрбандар тағдыры төңірегінде ой-пікірлер айтылып, сол қасіретті жылдардың тарихын бүге-шігесіне дейін зерттеп, жазықсыз құрбандардың есімдері мен санын әлі де анықтау, жария ету, ақтау бүгінгі ұрпақтың парызы екені атап өтілді. Жиналғандар алдымен тарих ғылымдарының докторы, профессор Нұртаза Абдоллаевтың сол кезеңдегі Қазақстан тарихынан жасалған баяндамасын тыңдады.

— Біз 31 мамырды осымен жиырма төртінші рет Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні ретінде атап өткелі отырмыз. Бұл да — тәуелсіздіктің беріп отырған мүмкіндігі. Кеңестік заманда ашаршылық, саяси қуғын-сүргін тақырыптарын қозғауға, қозғай қалсаң да, тереңдеп айтуға жол берілмеді. Мұны мен тарихшы ретінде жақсы білемін, — деді Нұртаза Ақишанұлы.

Кеңес өкіметі «бостандық, теңдік» дегенді ұрандарды қанша жалаулатқанымен, орныққан күнінен бастап-ақ өз саясатын халықтарды кемсітуге, қысым көрсетуге бағыттады.

— Мысалы, 1922 жылы КСРО-ны құру туралы келісім жасалғанда, Одақ құрамында тек 4 республика болды: РСФСР, Украина, Белоруссия және ЗСФСР, яғни Кавказ маңы республикалары. Ал ұлан-ғайыр Орталық Азияның халықтарын кеңестік билік РСФСР-дың құрамында қалдырды. Мұның өзі осы халықтарға қатысты бұрынғы империялық саясаттың жалғаса беретінін анық аңғартты, — деді профессор Абдоллаев.

ХХ ғасырдың 20-50 жылдарындағы саяси қуғын-сүргіннің себептері жөнінде бүгінде сан алуан пікір естиміз. Профессор Абдоллаев бұл қуғын-сүргіндерді кеңестік өкіметтің халықтарға, таптарға, жекелеген тұлғаларға қатысты әділетсіз саясат жүргізуімен байланыстырады.

— Ал сол әділетсіздікке қарсы шыққандардың бәрі де қуғын-сүргінге ұшырады, — деді тарихшы.

Ол көптеген діни қайраткерлер шыққан өз әулетінің де осы қуғын-сүргіндерден зардап шеккенін, соның ішінде әкесінің 10 жыл бойы Қарлаг лагерінде болғанын еске алды.

Облыстық «Вайнах» шешен этномәдени бірлестігінің төрағасы Хасан Сагаев саяси қуғын-сүргін құрбандарын, сол уақыттың қасіретін еске алғанда, өшпенділікті қоздатпау керек екенін атап айтты:

— Біздің естеліктеріміз халықтың, әсіресе жас ұрпақтың жүрегінде ыза-кек, өшпенділік отын қоздатпауы тиіс. Қуғын-сүргіндерден барлық халықтар, миллиондаған жазықсыз адамдар зардап шекті және сол ауыр зардаптарды бірлесіп жеңді. Өткеннің кінәсін бүгінгі және болашақ ұрпақтың мойнына артуға болмайды, — деді ол.

«Возрождение» неміс этномәдени бірлестігінің төрайымы Елена Шинкоренко жастардың отбасы, әулет тарихын білуін, үлкендердің соны айтып отыруын маңызды санайтынын жеткізді.

— Ата-бабаларының қазақ жеріне қалай тап болғанын білмейтін жастар бар. Шын мәнінде, көптеген ұлттардың өкілдері Қазақстанға саяси қуғын-сүргіннің кезінде жер аударылып келді, осы жерден пана тапты, ұрпағын жалғастырды. Жастардың осыны ұмытуына жол бермеу керек, — деді Елена Шинкоренко.

«Қоғамдық келісім» КММ-ның сарапшы маманы Түлкібай Сапаров өзінің сөзінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында тарихымыздың осы ақтаңдақ беттерін зерттеу мәселесіне ерекше мән берілгенін, сол кезең тарихын тереңірек зерттеу, құрбандар тағдырын айқындау мақсатымен қазір үлкен жұмыстардың қолға алынғанын айтты.

Шара «Қоғамдық келісім» коммуналдық-мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен өтті.

 

И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА

/aqtobegazeti.kz/