Пятница, Апрель 19, 2024
Басты > Жаңалықтар > Қуғын-сүргін құрбандарын еске алды

Қуғын-сүргін құрбандарын еске алды

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 1997 жылы 31 мамырды зұлмат жылдары солақай саясаттың құрбаны болған қазақтың ұл-қыздарын еске алып, оларды ұрпақ жадында мәңгі қалдыру мақсатында қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні етіп белгілеу туралы Жарлыққа қол қойған болатын. Бұл күн Қазақстан халқы үшін айрықша мағынаға ие. Өткен ғасырдың отызыншы жылдары қатігез саясаттың нәтижесінде қуғын-сүргінге ұшырап, «Халық жаулары» атанған зиялы қауым өкілдерімен қоса, олардың жақындары да жапа шекті.

Қазақстанда қуғын-сүргін жылдарында 103 мың адам саяси қудалауға  ұшыраған және 25 мың адам ату жазасына кесілген, қазақстандық ғылым, мәдениет және саясат саласының зиялы қауым өкілдері атылған. Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай еліміздің барлық өңірлерінде  түрлі шаралар  ұйымдастырылады.

Ақтөбе қаласында саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу рәсімі осы зұлмат заманда жапа шеккен жандардың құрметіне қойылған  ескерткіштің маңында өтті.  Саяси  қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға Жұбанов университетінің басшылығы, құқық қорғау органдарының, мемлекеттік мекемелердің басшылары, үкіметтік емес және қоғамдық ұйымдардың өкілдері, ардагерлер, қуғын-сүргін және ашаршылық жылдары қаза болғандардың туыстары мен жақындары келген.

Облыстық филормония жанындағы ескерткіштің алдына жиналғандар мен  Жұбанов университетінің басқарма төрағасы, профессор Рахым Бекназаров пен әлеуметтік және тәрбие жұмыстары жөніндегі проректор Нұржан Бердыбаев гүл шоқтарын қойып, жазықсыз жазаланғандар мен ашаршылық құрбандарының рухына тағзым етті.

Тарихи деректер бойынша, 1932-1933 жылғы аштық пен аурудан Қазақстанда 3 миллионға жуық адам (жалпы халықтың 42%-ы) көз жұмған. Ал, ашаршылықтан кейінгі 1937-1938 жылдардағы сталиндік репрессиялау халқымыз үшін өте ауыр соққы болды. Осы жылдары Қазақстанда 100 мыңдай адам сотталып, оның 25 мыңы атылды. Тек Ақтөбенің өзінен 7 мың адам айдалып, 1800 адам ату жазасына кесілген.