Пятница, Апрель 19, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Болашақты құру: Кәсіптік тәжірибенің үздік базасы

Болашақты құру: Кәсіптік тәжірибенің үздік базасы

Білім тәжірибеде тексеріледі, білім тәжірибемен жинақталады. Қазіргі таңдағы білім беру саласындағы ең өзекті мәселенің бірі – бәсекелестікке қабілетті, сұранысқа ие бола алатындай кәсіби, білікті маман дайындау. Заманауи прогрессте әрбір білім ошағы мақсатқа жету үшін жас мамандарды үйрете отырып, заман талабына сай білімі жоғары, мәдениетті, өзіне деген сенімі мықты, азаматтық айқындамасы орнықты, кәсіптік білім деңгейі жоғары, жаңалыққа жаны құмар, тың шешім таба алатын кадр тәрбиелеуде.

Білім процесімен тығыз байланыста ұштасып отырған кәсіби практика – бүгінгі студент – ертеңгі жас маманның тұлғалық қабілеті мен өздері таңдаған болашақ кәсібінің үйлесімділік деңгейін анықтайды. Болашақ маман университет қабырғасында білімділік және кәсіптік бәсекелестікке төтеп бере алатын өз кәсібіне ыңғайлы, қабілетті, ерекше қасиеттерді қалыптастыруы қажет. Ал кәсіби практика студенттердің жоғары оқу орнында алған теориялық білімін нығайтуға және алдыңғы қатарлы тәжірибелерді меңгеруіне бағытталады.

2020-2021 оқу жылында біздің университетте алғаш рет, кәсіби даму және мансап орталығының бастамасымен Zhubanov University – 2021 «Кәсіптік практиканың үздік базасы – Creating the future» атты кәсіби практика базалары арасында арнайы байқау ұйымдастырылды. Наурыз айында бастау алған білім бәсекесінің қорытындысы мамыр айының 19-ы күні белгілі болды. Бұл аралықта базалардан өтініштер мен құжаттар қабылданып, екінші турда факультеттер және университет деңгейінен көрінген 20 практика базасы мәреге шықты.

«Creating the future» – болашақты құру – создавая будущее – тақырыбында ұйымдастырылған бұл конкурс: кәсіптік практикадан өтетін студенттердің және практика базасы басшыларының кәсіби және жеке тұлғалық өсуін ынталандыру, жас мамандарды кәсіптік даярлау жүйесін дамытудағы үрдістерді анықтау, тиімді басқару тәжірибесін айқындау және тарату мақсатында ұйымдастырылып өткізілді. Біздер жылдар бойы аймақты өздерінің қатысуымен дамытып отырған, білім беруге, кадр даярлау ісіне – кәсіпорындар болашағы – оқушылардың, студенттердің, кадрлық резервтің жетілуіне әрдайым өз үлесін қосатын жұмыс берушілердің тұрақты серіктестігінің, қауымдастығының қалыптасқанына өте қуаныштымыз.

Көп жылдан бері бұл серіктестігіміз нығайып келеді, өйткені өзіміздің өңірдің болашағын осы кәсіпорындар, мекемелер, компаниялармен бірге құрудамыз. Біздің жоғары оқу орны білім беру процесінде өндіріспен байланысты бірнеше бағытта жүзеге асырады. Олар: практикалар базаларымен жұмыс, кафедралар филиалдарын құру, дуалды оқыту бойынша өндіріс базаларында практикалық сабақтар өткізу, модульдік білім бағдарламаларына өндіріс ұсынған пәндерді енгізу.

Жұмысшы мамандықтарын дайындау, оқытушылар тағылымдамасын ұйымдастыру, практик мамандарды оқу процесіне тарту, өндіріс тарапынан гранттардың бөлінуі, түлектерді еңбекке орналастыру, кадрларды қайта даярлау бағыттарындағы қимылдарымыз. Университет келісім шарттар бойынша 679 практика базасымен жұмыс жасайды. Олар – тек Ақтөбе облысының ғана емес, Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Алматы облыстарының өндіріс орындары, білім беру мекемелері. Практика базаларының 185-і – білім беру ұйымдары.

Ағымдағы оқу жылында пандемия жағдайына қарамастан, студенттердің сексен жеті пайыздан астамы өндірістік практиканы офлайн форматта ұтымды үйлестірілді. Бұл – практика базаларының білім алушыларға жасаған үлкен мүмкіндігі. 2017 жылдан бастап өндіріс базаларында кафедралардың 137 филиалы құрылды. Оның 73-і білім беру ұйымдарында, 64-і кәсіпорындарда. Практика базаларындағы филиал саны – 117. Студенттерге тәжірибеге бағытталған білім беруде, білікті мамандарды бірлесе даярлауда филиалдарымыздың орны ерекше.

Жоғары білім беру қызметіндегі жаңа үрдіс – ол дуалдық оқыту. Осы бағытта университет пандемияға дейін 39 ББ-ның 163 пәніне дуалды оқыту элементтерін енгізді. 148 практикалық, 84 зертханалық сабақтар оқу жылы бойы филиалдар базасында өткізілді. Жаңартылған орта білім жағдайында оқыту әдістемесі, білім беру технологиялары, критериалды бағалау курстары бойынша семинар сабақтары практик мамандар арқылы мектеп базаларында жүргізіледі. Ақтөбе қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебімен дуалдық оқыту аясында «Үйрен-бөліс» жобасы жүзеге асырылды.

Дуалдық оқыту элементтерін енгізу ғана емес, толық дуал да жүзеге асырылады. «Атамекен» ҰКП-ының қолдауымен «Taksim Asia» ЖШС, «КазТрансОйл» АҚ және университеттің «Зерек» Балаларды дамыту орталығы, «Жұбанов шеберханасы» нысандары тарапынан студент-практиканттарға кәсіптік практикадан, тағылымдамадан өткеннен кейін толық жалақы төленді. Жағдай жақсарса, дерттен құтылсақ, жақсы күндерде дуалдық жүйенің одан әрі дамитындығына сенімдіміз.

Университет еңбек нарығына білікті мамандар даярлау ісінде практика базаларымен және филиалдармен бірлесе кейбір бағыттар бойынша жоғары білімге параллель жұмысшы біліктілігін беру үрдісін де жүзеге асыруда. «Автомобильді электр жабдықтарын жөндеу бойынша электрик», «Автомобиль жөндеу слесарі», «Токарь», «Жолаушылар вагонының жолсерігі», «Жол инспекторы», «Поездар құрастырушысы», «Жол қозғалысын ұйымдастырушы», «Гид-аудармашы», «Экскурсовод», «Жерасты тау-кен жұмысшысы», «Маркшейдерлік жұмыстардағы тау-кен жұмыстары» мамандықтары бойынша кәсіби біліктілік беріледі.

Жұмысшы біліктіліктері республикалық вендорлар арқылы сертификатталады. Бұл бағытты жұмыс берушілермен бірге одан әрі тереңдетпекпіз. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында ұйымдастырылған Zhubanov University – 2021 «Кәсіптік практиканың үздік базасы – Creating the future» байқауы адам капиталын дамыту бойынша жұмыс берушілердің үздік тәжірибелерін кеңінен тарату мақсатын да көздеді. Біз бұл бәсекелестік арқылы – кәсіптік практика – білікті маман желісіндегі практика базаларының басымдығын тағы бір байтқатқымыз келді.

Сонымен қатар, практика базасы қызметінің сапасына қол жеткізу, кәсіби кадрлар: болашақ мамандардың-инженерлердің-педагогтардың жас маман тұлғасының қалыптасуына және дамуына, оның кәсіби бейімделуіне, кәсіби қызметке деген ынтасының күшеюіне ықпал ету, Бизнес-қоғамдастықпен өзара әрекеттестік: Мекеме-ЖОО-Мекеме жүйесін дамыту, WorldSkills қозғалысына және басқа да инновациялық жобалардың жүзеге асырылуын қанаттандыру негізі мұратымыз.  Осы нақты өлшемдер – жарыстың негізгі көрсеткіштеріне айналып, үздік жеңімпаздар анықталды.

Биылғы байқаудың Гран-При жүлдесін иеленген Новый орта мектеп-лицейіне университет кубогы мен арнайы Диплом табысталды (Кубок авторлары университетіміздің оқытушылары, доцент Б.Моменов пен аға оқытушы Қ.Қобланов). Соңғы қорытынды бойынша бірінші орынды университетпен тығыз байланыс жасап, көп жылдан бері серіктестікте қызмет етіп келе жатқан үздік база «Казхром» трансұлттық компаниясы иеленіп, бірінші дәрежелі дипломмен марапатталды. Екінші орынды иеленген жеңімпаздар – №39  қазақ орта жалпы білім беру мектебі мен «Отбасы банк» тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне» бірінші дәрежелі диплом табысталды.

Үшінші дәрежелі дипломды  Қалалық жас туристер стансасы, №2 жалпы орта білім беретін мектеп-гимназиясы және №40 жалпы білім беретін орта мектеп еншілеген еді. Байқау нәтижесінде практика базаларына, практика базаларымен байланысты нығайтуда және кәсіби практиканы ұйымдастыруда және жүргізуде ерекше орын алатын университет кафедралары мен практика жетекшілері анықталып, арнайы аталымдар берілді.

Бұл байқау болашақта ынтымақтастық мәдениеттің дамуына, жұмыс берушілер арасында ең жақсы тәжірибелермен алмасу, жаңа технологияларды насихаттау және корпоративтік қатынастардың шекарасын кеңейту құралына айналатынына сенімдіміз. «Білікті маман біздікі» девизі университет пен практика базаларының арасындағы басты өлшемге айналары сөзсіз. 

 

Бибігүл Сейілқызы АБЕНОВА,
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік
университетінің академиялық мәселелер
жөніндегі проректоры

 

/bilimdinews.kz/