Пятница, Апрель 19, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Мемлекеттік қызмет ардагерінің мерейлі жасы

Мемлекеттік қызмет ардагерінің мерейлі жасы

С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, «Тілеу батыр Айтұлы»  қорының төрағасы, мемлекеттік  қызмет ардагері Қанатбай Елеусізұлының 70 жас мерейтойына арналған «Қарымды Қанатбай»  атты кеш өтті. Жиынға зиялы қауым өкілдері, той иесінің замандастары қатысты.

Қанатбай Елеусізұлы 1951 жылы Шалқар ауданы Жетінші ауылда дүниеге келген. Торғайдың Қызбел ауылындағы орта мектепте физика пәнінің мұғалімі болып еңбек жолын бастаған ол, кейін Шалқар, Ойыл аудандарында басшылық қызметте болды. Облыстың әлеуметтік саласының дамуына күш жұмсады. Мемлекеттік жұмыспен қатар, өңірдің рухани саласының дамуына да үлес қосты. Бірнеше кітап жазды.

Шара басталмас бұрын жиналғандар Қазақ радиосының «Хаттар-хаттар» бағдарламасынан  қаламгердің «Сағыныш» кітабындағы ұлына, анасына  жазған хаттарының үзіндісін тыңдады.

Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Айбек Көпенов ардагерге облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің атынан құттықтау хат тапсырды.

— Биыл еліміздің Тәуелсіздік алғанына отыз жыл толды. Тарихымызға  көз жүгіртетін болсақ, тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуына еңбек сіңірген азаматтар көп. Соның бірі — Қанатбай Елеусізұлы. Ол партия мен кеңес мектебінен өтті. Шалқар, Ойыл аудандарында басшылық қызмет атқарды. Ең қиын кезде әлеуметтік саланы басқарды. Қай уақытта болмасын Қанатбай ағамыз халықпен тығыз қарым-қатанас жасады, оның қажырлы еңбегі жастарға үлгі болды. Басшылық жұмыспен қатар, облыстың рухани саласына да көңіл бөлді. Қауырт жұмыстарына қарамастан кітап жазды. Тілеу батыр, Есет батыр, Достан би секілді тарихи тұлғаларды дәріптеуге үлес қосты, —деді Айбек Көпенов.

Ардагер журналист Идош Асқар:

Газет қызметкерлері де іс-сапарда көп жүреді, көреді. Сонда маған олжа болған нәрсе – жақсы адамдармен кездесу» деген ол Қанатбай Елеусізұлының адамгершілік қасиеттерін айтты.

Жиында Шалқар, Ойыл және Ырғыз аудандары әкімдерінің орынбасарлары Қайрат Ақшолақов, Мұрат Айдарбаев және Серік Қонақбаев мерейтой иесіне ел құттықтауын жеткізіп, иығына  шапан жапты. Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Шаңғұтов, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті ректорының міндетін атқарушы  Рахым Бекназаров ыстық лебіздерін білдіріп, сый-сияпаттарын табыс етті. «Ақтөбе медиа» ЖШС директоры, Қазақстан Журналистер одағы облыстық ұйымының төрағасы Раукен Отыншин Қанатбай Елеусізұлының мемлекеттік қызметтен бөлек, шығармашылық бағыттағы еңбегін айтып, мерейтойымен құттықтады. Иығына шапан жауып, Журналистер одағының төрағасы Сейтқазы Матаевтың құттықтауын жеткізді. Ақын, «Үш таған» журналының бас редакторы Ертай Ашықбаевта жылы лебізін білдірді.

Сондай-ақ жиында жерлестері Жексенби Көптілеуов, Марта Малайдарова, Запен Жұмабаевалар сөз сөйлеп, тілектерін айтты.

Кеш соңында жергілікті өнерпаздар ән-жырдан шашу шашты.

 

Кәмшат ҚОПАЕВА

/aqtobegazeti.kz/