Четверг, Апрель 25, 2024
Басты > Ел жаңалықтары > Оқуға түсудегі жеңілдік

Оқуға түсудегі жеңілдік

Қазақстандық колледждер мен жоғары оқу орындарына оқуға түсу кезінде төрт және одан да көп кәмелетке толмаған бала тәрбиеленетін отбасылардан шыққан балалар үшін білім беру ұйымдарына қабылдау квотасы қарастырылған. Сондай-ақ бұл квота кемінде үш жыл осы мәртебеге ие толық емес отбасылар қатарындағы балалар және бала кезінен мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардан шыққан балалар, І/ ІІ топтағы мүгедектер үшін беріледі.

«Жоғары оқу орындарына түсу үшін квота арқылы көп балалы және толық емес отбасыларды мемлекеттік қолдау – әлеуметтік маңызды мәселе әрі қажетті шара. Көп балалы және толық емес отбасылар қатарындағы балалар үшін білім беру ұйымдарына қабылдау квотасы белгіленген квота шеңберінде мемлекеттік білім беру грантын тағайындау конкурсына қатысуға мүмкіндік береді» дейді ҚР БҒМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру департаментінің директоры Әділет Тойбаев.

Квоталар төрт және одан да көп кәмелетке толмаған бала тәрбиеленетін отбасылардан шыққан балалар үшін квота гранттардың жалпы санының 5%-ын, кемінде үш жыл осы мәртебеге ие толық емес отбасылар қатарындағы балалар үшін 1%-ын және бала кезінен мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардан шыққан балалар және І/ ІІ топтағы мүгедектер үшін гранттардың жалпы санының 1%-ын құрайды.

Квота мөлшері «Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға түсу кезінде қабылдау квотасының мөлшерін бекіту туралы» ҚР Үкіметінің қаулысымен айқындалады.

 

/anatili.kazgazeta.kz/