Пятница, Март 29, 2024
Басты > Жаңалықтар > Қазақстан-Нидерданды ынтымақтастығы: болашағы мен нәтижелері

Қазақстан-Нидерданды ынтымақтастығы: болашағы мен нәтижелері

Жұбанов университетіндегі кездесу  Ақтөбе облысы мен Нидерланды Корольдігі арасындағы достық және өзара тиімді қатынастарды дамыту мәселелерін талқылау алаңына айналды.

Кездесу Нидерланды Корольдігінің Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Андре Карстенстің және Қазақстан Республикасының Нидерланды Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Асқар Жұмағалиевтің, Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлының, Жұбанов университетінің ректорының міндетін атқарушы Рахым Бекназаровтың, сонымен қатар, шетелдік ірі компаниялардың өкілдерінің қатысуымен өтті.

Жиында  шетелдік ірі компаниялардың өкілдері бірлесіп іске асырылып жатқан жобаларды таныстырып,  технологиялық процестер мен болашақ жоспарлары туралы әңгімеледі.

Кездесуде қос тарап Ақтөбе облысы мен Нидерланды Корольдігі арасындағы достық және өзара тиімді қатынастарды одан әрі нығайтуға және дамытуға мүдделі екенін білдірді.

Нидерланды Қазақстандағы ірі инвесторлардың бірі болып табылады. Жалпы республикада голланд капиталының қатысуымен мыңнан астам компания жұмыс істейді.  Қазіргі уақытта облыста шетелдік капиталдың қатысуымен 900-ден астам компания тіркелген, оның 25-і голландиялық капиталда жұмыс істейді.  2019 жылы голландиялық «Food Ventures» ЖШС-ның «Green Capital Kazakhstan» компаниясының жылыжай кешені іске қосылған болатын. Аталған жылыжайда бесінші буындағы ең жаңа технология, Голландияның өзінде бірнеше шаруашылықтарда ғана енгізілген ультраклиматтық жүйе қолданылған. Бұл жоғары технологиялық процесс биологиялық қорғау мен рециркуляцияның ультра заманауи принциптерімен үйлесе отырып, барынша өнім алуға мүмкіндік береді.

Айта кету керек, Жұбанов университетінің білім алушыларының теориялық білімдерін тәжірибен ұштастырып, жылыжай кешенінде ғылыми-зерттеулер жүргізуге бағытталған екі жылыжай жұмыс жасайды.  Мұнда университет магистранттары ғылыми жетекшілерінің бақылауымен көкөністерге агротехникалық күтім жасап, баптайды.

Жылыжай мамандар даярлау және жылыжай көкөністерін өсіру бойынша білімді беру үшін үлкен маңызға ие.