Понедельник, Июнь 14, 2021
Басты > БАҚ біз туралы > Жастар — еліміздің қазіргі әлемдегі бәсекеге қабілеттілігінің негізгі факторы

Жастар — еліміздің қазіргі әлемдегі бәсекеге қабілеттілігінің негізгі факторы

Рахым БЕКНАЗАРОВ,

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің

Басқарма төрағасы-ректорының міндетін атқарушы.

 

Қай мемлекеттің де өркениеті дамуы үшін, ең алдымен, қоғамдық сананы  заман талабына сай жетілдіріп, өрісін кеңейтіп отыру керек. Қоғамдық сананың түрлері дегенде, ел мәдениетінің негізін қалыптастыратын, әлеуметтік-танымдық қызметке ие дүниелерді атаймыз. Бұлар — қоғамды біріктіретін, мемлекеттің дамуын қамтамасыз ететін негізгі құндылықтар.

Мемлекет пен халықты, әсіресе жеке адам мен мемлекет мүддесін қабыстырып, біріктіріп отыру арқылы бұл құндылықтар елдің өркениетті дамуының қозғаушы күшіне айналады. Кез келген адам рухани тұрғыдан қалыптасу жолында осы құндылықтарды санаға сіңіріп, сол арқылы өз елінің азаматына айналады. Демек, барлық қоғамдық сана формаларының (тіл, тарих, дін, мәдениет, білім, ғылым, экономика, саясат және т.б.) негізі, әсіресе оның қызметін жетілдіруде негізгі құрал болып табылатын құндылық — білім. Тарих, мәдениет, дін, экономика мен саясат, құқықтық сана — бәрі де осы білімді жетілдіру арқылы қалыптасып, жүзеге асатыны ақиқат. Осыған орай әл-Фараби: «Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы», — дейді. Сонымен қатар ұлы ойшылдың «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары» еңбегінде мемлекетіне қызмет ететін адамда он екі қасиет болуы керек, оның бірі — өнер-білімге құштарлық деп көрсетілген. Бұған қарап, қай заманда болмасын, білімнің әлеуметтік танымның негізі, жалпыға ортақ құндылықтардың бірі, үнемі өзінің мәртебесін сақтап отыратын ерекше дүние екенін ұғыну қиын емес. Қазақтың әлеуметтік танымында да білім осы қырынан түсіндіріліп, ұрпаққа насихатталады. Асан Қайғы өзінің өсиетінде: «Ғылымым жұрттан асты деп, кеңессіз сөз бастама!» — дейді.

Білім қоғам игілігіне айналуы керек. Жас буын тәрбие мен сапалы білім берудің жалпыға ортақ игілік екенін түсінуі керек. Абай айтқан «Ғылым таппай мақтанба, орын таппай баптанба» ұғымының мәні де осы, мемлекетті өркениетке бастайтын игілік идеясына келіп тіреледі. Абайдың білім, өнер мен ғылым туралы даналығының өмірлік қағидаға, ұлттық идея форуласына айналуы қоғам үшін өте маңызды. Сондықтан ғылыми ортаның, білім ордаларының алдымен осы тәжірибені зерделеуін тәуелсіздікті нығайту жолындағы қадамдардың бірі ретінде қараймыз.

Әсіресе, қазіргі әлемдік мәселелер, технологияның жедел түрде дамуы кез келген мемлекеттің алдына үлкен міндеттер тосады. Қоғам уақыт талабына сай ілгерілеуі үшін экономика мен ғылым дамуы тиіс. Ал ғылымды да, экономиканы да дамытатын — мәдениет, мәдени игіліктер. Яғни өндіріске жаңа дүниелерді енгізуде бәсекеге қабілетті мамандар қажет. Осы орайда білім ордаларына, соның ішінде жоғары оқу орындарына жүктелетін міндет — жастардың бойында азаматтық мәдениетті қалыптастыру, білім мен тәрбиенің рөлін күшейту. Біздің университетіміз де ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген білікті маман мен «кемел тұлғаны» қалыптастыруды өзінің негізгі миссиясы ретінде таниды. Жастардың азаматтық мәдениетін ұлтқа жанашыр, халқының адал перзенті бола білген тұлғаларды насихаттау арқылы нығайту керек. Бәрімізге белгілі, Құдайберген Жұбанов — ұлттық мүдде жолында қазақ ғылымының дамуына өлшеусіз үлес қосқан тұлға. Оның көптеген еңбектері сол кездегі саясаттың салдарынан қасақана жойылып кеткенімен, бүгінге жеткен, біздің қолымызға тиген дүниелерінің өркениеттілік жолындағы алаш зиялыларының ұсынған идеяларынан туындағанын, соларды нығайта түсуге бағытталғанын көреміз.

Тарихи таным, қазақ зиялыларының тағылымы негізінде қарайтын болсақ, қазақ халқының ұлттық идеясында мемлекетті дамытудың, тәуелсіздікті нығайтудың берік жолы — ұлттық құндылықтарға сүйене отырып, ғылымды дамытуға қол жеткізу. Білім, өнер мен ғылым — қазақ мәдениетінде көнеден-ақ қалыптасқан құндылықтар. Тарихымызда әлемге әйгілі қалалардың да болғаны белгілі. Біздің топырақтан шыққан ғалымдар ең алдымен өздері туып-өскен ортаның мәдениетін сіңіріп, соның арқасында, әлемдік өркениетті алға жетелеген ғылым-білімге өз үлестерін қосты. Бүгінгі күні мемлекетімізде өркениеттілікке бағытталған саясат ұсталып отырса, оның бастауларын біз осылайша, сонау өткен тарихымыздан аламыз. Әр заманның жетістігі мен кемшілігі қатар жүретіні белгілі. Қазіргі біздің уақытымыз да жетістіктерімен қатар, өз сын-қатерлерін ұсынып отыр. Оған қоғам болып төтеп беруге өз үлесін қосу — әр азаматтың борышы.

Әр азамат дегенде, ол адамды қоғам алдына тәрбиелеп шығаратын ата-ананың, ортаның үйретер өнегесі бірінші кезекте болады. Яғни мектеп қабырғасынан шыққан бала білімнің өмірлік маңызы зор екенін ұғынуы тиіс. Әрине, бұл жөнінде аз айтылған жоқ. «Қазақстан – 2050» Стратегиясында: «Біздің басты мақсатымыз — 2050 жылға қарай мықты мемлекеттің, дамыған экономиканың және жалпыға ортақ еңбектің негізінде берекелі қоғам құру» — деп көрсетілген. Бұл — бүгінгі уақыт талабынан туындаған берік ұстаным. Шоқан Уәлиханов жазғандай, елдің өркениетке қол жеткізуі үшін, ең әуелі азаттық пен білім керек. Тәуелсіздігіміз бар, енді ғылымды дамыту қажет. Стратегияда ұсынылып отырған берекелі қоғам дегеніміз — өркениетті қоғам. Қоғамдық сана түрлерін жетілдіре алған қоғамды берекелі қоғам дейміз. Бұны толығымен жүзеге асыруға мемлекет қана емес, оның әр азаматы да атсалысуы керек.

Қазақстан Республикасының 2050 жылға дейінгі даму стратегиясы болып табылатын құжатта еліміздің Тұңғыш Президенті — Елбасы Н.Ә.Назарбаев атап көрсеткен жаһандық сын-қатерлер қазір, расында, бүкіл әлемді алаңдатып отыр. Коронавирус пандемиясы бүкіл адамзат қоғамына, мемлекеттерге үлкен салмақ түсірді. Адамзаттың өмірі өзгерді. Бұның барлығы, айналып келкенде, қоғамнан бір ғана нәрсені талап етеді. Ол — білімге, еңбекке үлкен жауапкершілікпен қарау. Ал университетке қандай қадамдар қажет? Қазіргі заманауи технология білім беру жүйесіне де тікелей әсер етеді. Уақыттың жаңа мамандықтарды қажет етуі —заңдылық. Бұл — дамуға ілесудің төте жолы. Жаһандық сын-қатерлердің қоғамға тигізер зардабына тосқауыл болу үшін жаңалықтарға сергек қарап, оларды өмірдің барлық салаларына енгізу қажет.

Еліміздегі жоғары білім беру жүйесінде өзіндік орны бар Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті уақыт талабына сай бәсекеге қабілетті білікті мамандар даярлауда ғылым мен білімді, өндірісті ұштастыруға баса мән береді. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін, әлеуметтік серіктестік аясында, өз өңіріміздегі кәсіпорындармен, ұйымдармен тығыз байланыс орнатылып, бірлескен жұмыстар жасалып жатыр. Соңғы жылдары сұранысқа байланысты дуалдық оқыту жүйесін енгізу және өндірістік практиканы өткізу мақсатымен Қытайдың отызға жуық компаниясымен меморандум жасалды. Өндірістегі 230 кәсіпорынмен байланыс орнатылып, университет кафедраларының жүз жиырмадан астам филиалы ашылып, негізгі пәндер кәсіпорындардың базаларында оқытылады. Соның ішінде, «Қазхром» ТҰК, «ҚазТрансОйл» АҚ, «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ, «Kaspi Bank» АҚ және тағы басқа да мекемелер, акционерлік қоғамдар және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктермен өзара келісім жасап, көзделген шаралар іске асырылып жатыр. Мәселен, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті мен «ҚазТрансОйл» АҚ Ақтөбе мұнай құбыры басқармасы арасында күндізгі бөлім студенттерінің ақылы кәсіби практикасын ұйымдастыру мен өткізу үшін жасалған келісімге сай, техникалық факультеттің 3-курс студенттеріне ақылы өндірістік практикадан өту кезеңі ресми түрде ашылды. Ақылы негізде ұйымдастырылатын кәсіби практика жаз айларына жоспарланған, оған 20 студент іріктеліп алынады.

Соңғы жылдары университетте профессор-оқытушылық құрам «Жұбанов — ғалымдар ордасы» жобасы ауқымында жұмысқа қабылданған 100-ден астам жас буын PhD дәрежесін алған ғалымдар мен магистрлер есебінен жаңартылды. Бүгінде Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде 79 бакалавриат, 42 магистратура және 6 докторантура мамандықтары бойынша мамандар даярланып, диссертациялық кеңестер жұмыс жасайды. Облысымыздағы шағын жинақталған мектептерге мамандар қажеттілігі ескеріліп, қосарланған мамандықтар бойынша мұғалімдер даярлануда, жұмыс берушілердің ұсыныстары негізінде білім бағдарламаларына жаңа білім траекториялары енгізіліп, университетішілік қосдипломды білім беріліп, «Білім» бағыты мамандықтары бойынша көп тілде оқыту жолға қойылған. Бұл бағытта облыстық, қалалық білім беру басқармаларымен, мектептермен, аудан әкімдерімен бірлесіп жұмыс жасалып жатыр.

Дуалды оқыту — кәсіпорындар үшін нақты мамандар даярлауға берілген мүмкіндік, сол арқылы болашақ маманның барлық талаптарға сай дайындалуы қамтамасыз етіледі, мамандар іздеуге, таңдауға, қайта оқыту және бейімдеу жұмыстарына кететін шығындар үнемделеді. Мұндай тәсіл түлектерді еңбекке ынталандырады. Жаңа келген жас маман бірден қажыр-қайратпен жұмыс істеп кете алады, өйткені олар кәсіпорын тынысын жақсы біледі әрі бәрі таныс болғандықтан, өзін еркін сезінеді. Мұның барлығы қосыла келе, мамандарды орнықтыруға, тұрақсыздықтың алдын алуға көмектеседі, ал өндіріс үшін оның маңызы зор. Мамандарды даярлауға қатысу еңбек нарығында жұмыс беруші кәсіпорынның беделіне де оң ықпал етеді. Әрине, кәсіпорынның таңдау құқығы бар, өндіріс орнында білім беруді ұйымдастыруды немесе ұйымдастырмауды өзі шешеді.

Еңбек нарығындағы жаңа тәртіп университет түлектерінің бәсекеге қабілеттілігін қалыптастыруға көбірек көңіл бөлуді қажет етеді. Бұл талантты жастардың маман ретінде қалыптасып, кәсіби өсуіне ғана емес, сонымен қатар еліміздің болашағына да тікелей әсер етеді. Жоғары оқу орындары түлектерінің еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігі бүгінгі күні білім беру мен кадр саясаты саласындағы маңызды мәселелердің бірі болып отыр. Сондықтан қазір кәсіпорындар мен ұйымдар үшін мамандар даярлау процесінде жоғары оқу орындары мен жұмыс берушілердің өзара байланысуы үлкен маңызға ие.

Сонымен қатар 2020 жылдың қараша айында университетте модульдік білім беру бағдарламаларын жасақтау жұмысы басталды. Алдымен университет бітіріп шығатын студенті бар барлық кафедралар жұмыс берушілерді қатыстыра отырып, білім бағдарламаларының мазмұнын талқылайды. Жұмыс берушілер тарапынан элективті пәндер ұсынылады. Кафедра ұжымы жұмыс берушілердің ұсыныстарын ескере отырып, модульдік білім беру бағдарламасын әзірлейді. Кафедрада әзірленген бағдарлама факультеттегі Академиялық комитеттер тарапынан тексеріліп, сапаны қамтамасыз ету жөніндегі комиссияларға жолданады. Комиссия модульдік білім бағдарламасының мазмұнын қарап, сараптама жасайды. Білім бағдарламаларын бағалау орталығының қызметкерлері әзірленген модульдік білім беру бағдарламаларының дұрыс рәсімделуін, нормативті талаптарға сәйкес келуін тексерді. Нәтижесінде 2021-2025 жылдарға арналған 69 модульдік білім бағдарламасы, соның ішінде 8 жаңа және инновациялық білім бағдарламасы жасақталды. Жасақтауға 108 мекеме мен ұйымның өкілдері қатысты, жұмыс берушілер тарапынан 104 пән енгізілді. Модульдік білім беру бағдарламасын жасақтау кезінде «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы дайындаған 143 кәсіби стандарт басшылыққа алынды.

Бәсекеге қабілетті маманды қалыптастыру ісінде оқумен қатар, өндiрiстiк тәжiрибелердің маңызы зор. Яғни болашақ мамандарды дайындауда оқу процесін өндіріспен ұштастыру — басты мәселе. Ал заман талабына сай сұранысқа ие, бәсекеге қабілетті маман даярлау — біздің міндетіміз. Өйткені бүгінгі студент —ертеңгі білікті маман. Нағыз кәсіби мамандар даярлау үшін педагог үнемі ізденіс үстінде болуы керек.

Бәсекеге қабілетті, білімді әрі тәжірибесі мол мамандарды даярлауға қажет ресурстар университетімізде жеткілікті. Кез келген жас маман өзі таңдап алған кәсібінің қыр-сырын ғана емес, сол саладағы жаңа технологияларды, жаңаша ойлауды, белгілі ортаға икемді қарым-қатынастарды қалыптастыруды үйреніп, заман талабына сай қолдана білсе, бәсекеге қабілетті болары сөзсіз.

Сонымен жас ұрпаққа мән-мағыналы, өнегелі тәрбие мен білім беру — бүгінгі күннің басты талабы. Әрбір өскелең ұрпақ жеке қабілетіне және кәсіби біліміне сай қоғамнан өз орнын табуы қажет. Ендігі кезекте тәрбиенің мазмұны мен жастарды тәрбиелеу барысында олардың дүниетанымын қалыптастыруға және ақпараттық-саяси мәдениетін көтеруге баса көңіл аударылуы тиіс. Біздің міндетіміз — қазақ жастарының тәуелсіз елдің бүгінге дейінгі жетістіктерімен және айқын мақсаттарымен жігерленіп, тек қана алға ұмтылуына жағдай жасау.

 

/aqtobegazeti.kz/