Четверг, Апрель 18, 2024
Басты > Жаңалықтар > Экслибрис әлемі шақырады

Экслибрис әлемі шақырады

Бүгін Жұбанов университетінде Буэнос-Айрес суретшісі Хуан Себастьян Карнероның жеке көрмесі ашылды.

Шетелдік суретшінің өнерін тамашалауға университеттің профессорлық-оқытушылық құрамы мен студенттері және  облыстың көркем сурет, өнер мектептерінің оқушылары мен ұстаздары да жиналды.

Көрмені ресми түрде ашқан университет ректорының міндетін атқарушы, профессор Рахым Бекназаров университеттің өнер саласында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде сөз қозғап,  Жұбанов университетін экслибрис бойынша халықаралық көрмелерді ұйымдастырып жүрген алғашқы оқу орындарының бірі екенін алға тартты. Сөз соңында университет басшысы көрменің кураторы, танымал экслибрист, «Көркем еңбек және дизайн» кафедрасының профессоры  Мәрзия Жақсығаринаға шығармашылық табыс тілеп,  мұндай халықаралық көрмелердің аталған білім ордасында  жалғасын табатынына сенім білдірді.

Мен Хуан Себастьян Карнеромен 2014 жылы Испания елінде әлемнің 290-нан астам суретшілері жиналған 35-ші экслибристер конгресінде танысқан болатынмын. Біз бір-бірімізбен жақсы араласа келе, өз жұмыстарымызбен алмастық. Бұл шараның ерекшелігі — біздің елімізде ұйымдастырылған аргентиналық суретшілердің көрмелерінің алғашқысы екендігінде… Осындай маңызды шараныңҚазақстанда біздің университетімізде өтіп жатқанына өте қуаныштымын», — деді көрме кураторы Мәрзия Жақсығарина.

Көпшілік назарына аргентиналық шебердің линогравюра бойынша түрлі жұмыстары ұсынылады. Сурет көрмесі Қазақстанда алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Көрмеге ұсынылатын жұмыстардың басым бөлігі қара және ақ түсті линогравюра техникасында орындалған.

Көрмеге келген қалалық оқушылар сарайының жас суретші Әзиза Ермекқалиева өз әсерімен бөлісті.

Сурет өнеріне келгеніме биыл үш жыл толып отыр. Үш жылда көптеген көрмелерге қатыстым, бірақ бүгін шетелдік суретшілердің жұмысымен алғаш танысып тұрмын. Бұл мен үшін өте әсерлі болды. Сол үшін ұйымдастырушыларға алғыс айтамын. Келесі ұйымдастырылатын көрмені асыға күтетін боламын (күліп), — деді.

Айта кетейік, аргентиналық суретшінің ерекше туындыларын ақтөбеліктер мен қала қонақтары Жұбанов университетінің Атриум залында бірнеше ай бойы  тамашалай алады.